Адамзат тарихында соғыстың сан түрі болса, соның ішінде әлем халқына зардабы тиген, зұлматты алапаттың бірі – Екінші дүниежүзілік майдан. Оқ пен оттың арасында қан кешіп, Жеңіс туын желбіретуге үлес қосқан жауынгерлердің ерлігі әрдайым есте қалатыны анық. Осынау бейбіт күнге жеткізгендердің арасында қазақ батырлары бар екені тарихтан белгілі. Олардың жанкештілігі бүгінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Сондай майдангерлердің арасында есімін ерекше атап өтуге тұрарлық бір ардагер болса, ол – Сағымбек Бекбатырұлы. Оның есімі өзі туған өлкесінде ғана емес, бүкіл ел-жұртқа жақсы таныс.
Отан үшін отқа түскен, ерлігімен, еңбегімен аты шыққан Сағымбек Бекбатырұлы 1923 жылы дүниеге келген. Оның балалық шағы Қаскелең ауданы Жалпақсай (КИЗ) ауылында өтіп, сол жерде 7 жылдық білім алған. Бозбала Сағымбек Ұлы Отан соғысы басталған жылдары ауыр жауапкершілікті арқалап, ат жалын тартып мінуге жараған жаста соғыстың ащы дәмін татты.
Иә, соғыс жылдарында жалындап тұрған жігіттердің мақсаты айқын болса да, ел мен жерді қорғау үшін әрбірі майдан даласына сұранды. Осындай жанкешті азаматтардың қатарында біз сөз еткелі өтырған Ұлы Отан соғысының ардагері Сағымбек Бекбатырұлы да болды. Ол 1942 жылы соғыс комиссариатының шақыртуымен қаңтар айында әскерге алынып, соғысқа аттанды. Қан майданда алғы шепте жаумен бетпе-бет айқасып, жас жауынгер ретінде ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Осы ретте оның майдан төсіндегі батырлығы жайлы сөз етсек, артық болмас.
1943 жылдың басында Белоруссия майданының жағдайы Кеңес Одағының маңызды стратегиялық жеңістері мен неміс басқыншыларымен күрестің шешуші кезеңдерін қамтыды. Бұл жыл Кеңес Одағының майданында күш жинап, неміс әскерімен соғысқан кездегі маңызды бетбұрыс кезеңі болды. Белоруссияда неміс әскерлері қорғанысты күшейтіп, көп қабатты қорғаныс жүйесін құрған болатын. Бұл аймақта көптеген стратегиялық қала мен ірі өнеркәсіп орталық болғандықтан, ол өте маңызды еді.
Сұрапыл соғыстың бел ортасында жүрген Сағымбек Бекбатырұлы Белорус дивизиясы қатарында болып «Багратион операциясы» кезінде неміс әскерінің жеңілісіне үлес қосып, Белоруссияның көп бөлігін Кеңес әскеріне қайтаруға мүмкіндік берді. Жау шебінісінен қайтпаған полк әскері Польшаның Висло өзені бойындағы шайқас кезінде немістер әртүрлі стратегиялық қарсы шабуыл жасады. Полктегі жауынгерлермен қоса Сағымбектің әскери қарым-қабілеті, күш-қуаты мен табандылығы нәтижесінде олар Висло өзенінен өтіп, Қызыл Армияның шабуылы оларға үлкен шығындар мен күйреуге әкелгенін тарихи оқиғалар айқын көрсетеді.
Сағымбек Бекбатырұлы 1945 жылы мамыр айында неміс-фашист әскерінің толық капитуляциясынан кейін батыс Украинада «Бандера» бандылық тобын әшкерелеп, оны жоюға қатысқан. 1946 жылдың күзінде ауыр жарақаттарына байланысты елге ІІ топтағы соғыс мүгедегі әрі жеңістің жауынгері болып оралған.
Ауыр жарақатына қарамастан Сағымбек атамыз елге келген соң өмірге құштарлығының арқасында мұғалімдер училищесін тәмамдады. Долан, Жалпақсай ауылдарында ұстаздық етіп, 1947 жылы Жамбыл ауданы, Ынтымақ ауылының тумасы Бибіхан Ахметжанқызымен отбасын құрып, төрт ұл, үш қызға үлгілі әке болды. 1947-1956 жылдар аралығында Политотдел ауылында мұғалім қызметін жалғастырып, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер-батыр ретінде кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие беру арқылы елдің дамуына үлес қосты.
Сағымбек атаның елге қызметі мұнымен тоқтап қалған жоқ. 1956 жылы Ұзын қарғалы, Шолақ қарғалы мен Жиренайғырдан бастау алатын Күрті өзенінің төменгі сағасына, Шапыраштыдан тарайтын Айқым руының ежелгі мал қыстауы аумағындағы Ақши ауылына, балаларды білім нәрімен сусындатып, хат танытып, әліппе үйрету мақсатында қоныс аударып, тәлімгерлік қызметін сол өңірде жалғастырды.
Соғыс ардагерінің елге берген педагогикалық еңбегі орасан. Ол Ақши ауылындағы жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім беру, өмірге бейімдеуге үйретті. Қызмет ету барысында атамыз қоғамдағы түрлі жұмыстарды атқаруда үлкен белсенділік көрсетті. Әсіресе, соғыстан оралмаған, асыраушыларынан айырылған әскер жауынгерлерінің отбасыларына, жетімдерге әрдайым қол ұшын созды. Үнемі мыңдаған қазақстандықтың Ұлы Отан соғысындағы ерліктерін, өмірін қиған нағыз батыр қазақ азаматтарының оқиғаларын көзіне жасқа толып отырып баяндайтын.
Сағымбек Бекбатырұлының ел дамуы жолындағы еңбегі ерен болды. Ақши ауылының сыйлы, ардақты азаматы ретінде ауылдастарының есінде сақталып, құрметіне бөленді. Оның ерлігі мен табандылығы лайықты бағаланды. Атап айтқанда, «1942-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы айбынды еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», соның ішінде 20.06.1945 жылы көзге түскен ардагердің «Ерекше ерлігі үшін» алған И.В.Сталиннің марапаты ұрпақтарына үлкен мақтаныш.
Ұрпағына өнегелі өмірін арнаған Сағымбек атамыз балаларын жастайынан еңбексүйгіштікке, білімділікке тәрбиелеген. Сұрапыл соғысты көрген атамыз жеңіс күнін ерекше құрметпен, толғаныспен қарсы алатыны әлі көз алдымызда. Ғұмыр жолында 88 жасқа қараған шағында 2010 жылы өмірден өтті.
Ардагердің өмірлік жары Бибіхан Бекбатырова (Ахметжанова) жайлы сөз етсек артық болмас. Ол кісі 1927 жылы Жамбыл ауданы, Ынтымақ ауылында дүниеге келген.
Бибіхан апамыздың да Ұлы Отан соғысы кезінде ерлігін ерекше атап өтуге болады. Ол небәрі 16 жасында 1942 жылы неміс басқыншыларының қоршауында қалып, Сталинград қаласын азат етуге Қазақстаннан өз еркімен аттанған 88 батыр қыздың бірі болған. Бұл жайлы ақын Ф.Оңғарсынованың «Арулар отты жылдарда» атты кітабында жазылған. Апамыздың ерлігін мәңгіге қалдыру үшін Іле ауданы Ақши ауылында және туған жері – Жамбыл ауданы, Ынтымақ ауылында көше атауы берілген.
Туған халқын бәрінен артық қойған, еңбегімен де, ерлігімен де өнеге болған жандардың саналы өмірі талайға үлгі. Қарапайымдылық пен қайсарлықты, еңбекқорлық пен отансүйгіштікті сақтаған Сағымбек атамыз бен Бибіхан апамыздың әр сөзі, ақылы жадымызда. «Ең бастысы халқым аман болсын, еліміз ашық аспан астында бейбіт өмір сүрсін, жақсылыққа үміт артып, болашақтарың жарқын болсын, біз көрген сұм соғысты сендер көрмеңдер» деген ақ батасы қабыл болғай!
Суретте: сол жақта – Ұлы Отан соғысының ардагері Сағымбек Бекбатырұлы, ортада – әкесі Бекбатыр және оң жақта – ұлы Бақытбек.
Азамат БАҚЫТБЕКҰЛЫ,
Ұлы Отан соғысының ардагері Сағымбек Бекбатырұлы немересі.