Тарих беттеріне тасқа қашалып жазылғандай тамаша тағлымға ие болған Ұлы Жеңістің 80 жылдығы жақындаған сайын кеудеңді қуанаш кернейді. Адамзат баласына мына бейбіт өмірді сыйлаған жаужүрек жауынгерлеріміздің ерлікті еншілеген еңбектері ешқашан да өшпейді. Олардың қайсарлықтары, қайтпас қаһармандықтары ел есінде қалды.
Мен бала кезімнен «алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» деген халықтық қағиданы берік ұстанымыма айналдырған едім. Осы бағытымнан қателесе қоймаппын. Аталық жасқа жеткеннен кейін осы қасиетімнің пайдасын көрмесем, ешқандай да зиян шеккен жоқпын. Мен мұны неге айтып отырмын. Оның себебі де жоқ емес. Осы айтқанымның алтын тамыры, арқа сүйерім – ауылдасым, соғыс және еңбек ардагері Еркебек Самбетұлы Әбдікәрімов.
Бұл кісіні мен бекерден-бекер бетке ұстап отырған жоқпын. Неге екенін білмеймін, жаныма жақын тартып тұрамын. Өйткені, ол кісіні өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері жақсы білемін. Сол кездегі көненің көзі атанған ол кісімен талай рет сырласып, тамаша әңгімелерін айызым қана тыңдаған едім. Кездескен сайын кеудесі толы шежіресін айтқанда, қотарып тастайтын алтын сандықтай ақтарылар еді. Оның айтқан әңгімелері адам баласы үшін өнегенің өрісінен, есте ұстап жүретіндей ерекше тағлым болатын. Сондықтан да оған деген ыстық ықыласым ешқашан суыған емес.
Оның өткен өмір жолына көз жіберсек, 1916 жылдың 1 наурызында қазіргі Әйтей аулында дүниеге келген. 10 жасынан сол замандағы Молдабек молданың оқыту бағытымен арабша хат таныған. Сонымен қатар 1929-1930 жылдары Мұхаметжан Әбілев деген ұстазынан латынша оқу мен жазудан дәріс алған. Ең бастысы, сауаттылығы жағынан қатарластарынан қалмаған. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат екенін көрсеткен. Еркебектің өмірдегі алғырлығына, зейінділігі мен зеректігіне ел қызыға қараған.
Ол кездің айтып бітпес ауыртпашылығы кімге болса да оңай емес еді. 1932 жылғы ұжымдастыру науқаны жүріп жатқан кезде Еркебек Әбдікәрімовтің буыны қатайып, тепсе темір үзетін жастағы шағы болатын. Екі білегін түрініп тастап, колхоз жұмысының басы-қасынан шықпайтын. Отызыншы жылдардың орта шенінде оның қолы жүріп берді. Ен даланы алып жатқан қызылша алқаптарының есепшісі болып шыға келді. Аталған жұмысын аса жауапкершілігімен, есепке деген жүйріктігімен атқарған.
1940 жылы қаңтар айында Бұқар облысының, Термез қаласындағы №334-ші мергендер полкінде азаматтық борышын өтеуге аттанды. Басталып кеткен соғысқа да ол сақадай-сай дайындығымен кірісті. 1942 жылы Смоленск облысы, Вязов қаласында қолбасшы Тимошенконың басқаруымен майдан шебінен табылды. Ал 1943-1944 жылдары Польшаның Люблин қаласындағы №153-ші атқыштар дивизиясында алдыңғы қатардағы жауынгердің бірі болды. Көрсеткен ерлігі үшін марапаттан да құр қалмады. Оған кеудесіндегі ордендері мен медалдары куә боларлық. Бұл жағынан кеудесіндегі ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғы» орденін айтсақ та жетіп жатыр. Қалғанын тізбелеп шығу мүмкін емес.
Еркебек Әбдікәрімов 1945 жылғы 9 мамыр – Жеңіс күнін Қазан қаласында қарсы алады. Ауылға оралғаннан кейін өмірлік қосағы Нұрбаламен отбасын құрды. Екеуі екі ұл мен бір қызды дүниеге әкелді. Артында қалған балалары – Жұмашы, Бекбосыны, Бейсенбайы балалы-шағалы. Айтып өтпеске болмас, бір өкініштісі Бекбосыны мен Бейсенбайы ертерек дүниеден өтіп кетті. Қызы Жұмаш Ақтөбеде тұрады. Немерелері бүгінге күні аз алдына түтін түтетіп отарған азаматтар. Аталарыны әруағына әрдайым тағзым етіп тұрады.
Еркебек Самбетұлы ауылға келгеннен кейін де қарап жатпады. Ұзақ жылдар бойы Ленин атындағы колхозда белсенділікпен еңбек етті. Содан 1970 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Мен әңгімемнің басында Еркебек қарияны көзі тірісінде ерекше жақын тартып жүргенімді жан-жақты айтып өткен едім. Соған түйін ретінле бір мысал келтіре кетейін, 2007 жылы Еркебек Әбдікәрімов 90 жас мерейтойын жсасады. Сонда ол шақыру билетіндегі оншақты шумақ өлеңді өзі жазды. Сол өлең оның таза ақындығын, сөзге деген ұсталығын көрсеткендей. Соның екі шумағын алдырыңызға ұсынсам артық болмас:
Шын жүректен сүйетін,
Басымды әр кез иетін.
Үлкен-кіші аман ба?
Қадірімді білетін.
Сіздерсіз мен кім едім?!
Сіздермен бірге түледім.
Сіздермен бірге бар қызық,
Сіздер деп соғар жүрегім, – деді. Ақ жүрегінен ақтарылып жүретін сол соғыс және еңбек ардагері Еркебек Самбетұлы 98 жасқа қараған жағында дүниеден өтеді. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген осы шығар. Жатқан жеріңіз жайлы болсын!
Аманкелді Шәріпқұлов,
Әйтей ауылдық округінің
ардагерлер кеңесінің төрағасы.