Ауылдық жерде заманауи сұранысқа ие кәсіпкерлікті дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру оңай шаруа емес. Бұл жолда табандылық пен біліктілік, сондай-ақ уақыт талабына сай икемделе білу қасиеті ауадай қажет. Осы орайда өз ісін өрге домалатуда мемлекеттік қолдаудың тиімділігін шебер пайдаланған кәсіпкер Айшолпан Базарбайқызының еңбек жолы көпке үлгі бола алады.
Бүгінде оның Жібек жолы ауылдық округінде ашқан жарнама агенттігі жергілікті аймақ пен тұтас Қарасай ауданын сапалы ақпараттық-жарнамалық өнімдермен қамтамасыз етіп отыр.
Айшолпан – осы саланың қыр-сырын жетік меңгерген тәжірибелі маман. Бірнеше жоғары білімі бар кәсіпкердің негізгі мамандықтарының бірі – графикалық дизайн. Еңбек жолында Қаскелең қаласындағы «SHABYT&K» секілді орталықтарда дизайнер ретінде жұмыс істеп, кәсіби шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинақтады.
Уақыт өте келе жиған білімі мен тәжірибесін өз кәсібіне арнауды жөн көріп, жеке іс бастауға бел буған. Қолына бірнеше бизнес-жоспарын алып, кәсіпкерлерді қолдау орталығының мамандарына жүгінгенде, ауыл тұрғындары мен шағын қалалардағы кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасының кеңесшілері оған өзі жақсы білетін, жүрегіне жақын бағытты таңдауға кеңес берген. Осылайша, Айшолпан басты бағыты ретінде ақпараттық-жарнамалық өнімдер шығару ісін таңдады.
Алғашқы кезеңде кәсіпкер шағын «карго» орталығының жұмысын жүргізе отырып, қосымша дизайнерлік және баспа қызметтерін көрсетіп жүрді. Алайда нарықтағы сұранысты бағамдап, нақты шешім қабылдаған соң, «карго» қызметін тоқтатып, бар күш-жігері мен уақытын тек жарнама және дизайн саласына бағыттады. Шағын ұжыммен басталған жеке жарнама агенттігінің жұмысын одан әрі жандандырып, өндіріс ауқымын кеңейту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға жүгінді.
– Жалпы, бұл жұмысымызды осыдан екі жыл бұрын бастаған едік. Алғашқы кезде қаржы тапшылығына байланысты өндіріске аса қажетті станоктар болмады. Соның салдарынан тұтынушыларға ұсынатын өнім түрлері де шектеулі еді. Кейін «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген пайызбен несие алуға шешім қабылдадым. Мемлекеттен бөлінген сол қаражатқа бұрын қолымыз жетпей жүрген қымбат әрі заманауи станоктарды сатып алдық. Соның арқасында өндірістік мүмкіндігіміз еселеп артып, тапсырыс берушілерге ұсынатын өнімдеріміздің түрлері де айтарлықтай көбейді, – дейді кәсіпкер өз сөзінде.
Шынында да, бүгінде Айшолпан жетекшілік ететін орталықта кез келген тұтынушының талғамы мен сұранысын толық қанағаттандыра алатындай қызмет түрлері жетерлік. Ұжымның бірлескен еңбегі мен тынымсыз шығармашылық ізденісінің нәтижесінде мұнда көз тартарлық баннерлер мен түрлі парақшалар, заманауи үлгідегі 3D жазулар, жарықтандырылған маңдайшалар, бірегей логотип дизайны мен визиткалар, ақпараттық тақталар және өзге де көрнекі өнімдер жоғары деңгейде әзірленеді. Сонымен қатар, лазермен өрнектелген ағаштан жасалған марапат мүсіншелері, QR-код бейнеленген әртүрлі пішіндегі тақтайшалар мен естелік кәдесыйлар да шеберлікпен жасалады.
Агенттік жұмысында әрбір тапсырыс берушінің талап-тілегі мен тың идеясына ерекше басымдық беріледі. Әр өнім тапсырыс берушінің нақты сұранысына, талғамы мен қалауына сай жеке дара әзірленеді. Мұндай жауапкершілік пен дара көзқарас өнім сапасының мінсіз болуына және тұтынушылармен ұзақмерзімді әрі сенімді серіктестік орнатуға тікелей ықпал етуде.
– Бүгінде біздің ұжымда өз ісінің нағыз шеберлері – үш дизайнер мен екі монтажер еңбек етеді. Екі жылда бұрынғымен салыстырғанда тапсырыс берушілердің қатары едәуір артты. Жеке тұлғалардың тапсырыстарынан бөлек, қазіргі таңда мектептер, ауруханалар, мейрамханалар мен түрлі демалыс орындарынан ақпараттық стендтерге, жарықтандырылған логотиптерге, көлемді жазулар мен көше атаулары жазылған тақтайшаларға сұраныс көптеп түсуде.
Әрбір тапсырысты тұтынушының көңілінен шығатындай етіп орындауға барымызды саламыз. Тіпті, бұрын-соңды жасап көрмеген күрделі дүние болса да, тапсырыс берушінің көңілі қалдырмай, ізденіп, сапалы орындап шығуға тырысамыз, – деді дизайнер-әкімші Ұлданай Ұзақбаева.
Қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, Айшолпан Базарбайқызы кәсібін одан әрі өркендетуді және қызмет аясын жаңа бағыттармен толықтыруды көздеп отыр. Мәселен, алдағы уақытта агенттік ұжымы мемлекеттік мекемелерге арналған туларды тігіп, әзірлеу ісін қолға алмақ ниетте.
– Алға қойған жоспарымыз өте көп. Бүгінгі заманауи техникалық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, небір тың дүниелерді жасауға болады. Қарамағымдағы қызметкерлердің барлығы дерлік белсенді, креативті жастар болғандықтан, күн сайын «мынаны жасап көрейік, ананы іске асырайық» деп тың ұсыныстар айтып отырады. Сондықтан қызмет түрлеріне қосатын жаңашылдықтар жетерлік, ту әзірлеу ісі де соның бір парасы.
Әсіресе, алда келе жатқан мереке қарсаңында өз тарапымнан туған өлкеміздің көркін кіргізу үшін округтегі орталық жолдың бойын тулармен безендіргім келеді. Округ тұрғындарына мерекелік көңіл-күй мен әсем безендіру сыйлағым келеді, – дейді кәсіпкер ағынан жарылып.
Расында да, кәсіпкерліктің оңай түрі жоқ. Әсіресе, барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, істі нөлден бастап жүргізу үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Десе де, Айшолпан Базарбайқызы кездескен кедергілерге мойымай, төзімділік танытудың арқасында бүгінде кәсібін бір ізге салып, тұрақты табыс көзіне айналдыра білді. Қазіргі ғимарат ауқымды тапсырыстарды орындауға сәл тарлық етіп тұрғандықтан, кәсіпкер алдағы уақытта кеңірек нысанға көшіп, үлкен өндірістік шеберхана ашуды жоспарлап отыр.
– Бастапқы қиындықтар – кез келген істі қолға алған кәсіпкердің басынан өтетін заңды құбылыс. Қандай жұмыс болса да, оның ауыр-жеңіліне қарамай, адал еңбек ету қажет. Ал несібе әркімнің төккен тері мен жасаған жұмысына қарай бұйырады. Ең бастысы, берілмей, діттеген мақсаттан таймау керек, – деп түйіндеді сөзін Айшолпан Базарбайқызы.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

