«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген нақыл сөзге мән берсек, оның астарында қаншама орамды ой жатқанын білуге болады. Өйткені нәзік жан иелері отбасының орнықты болуына атсалысып, қоғамның қозғаушы күшіне айналуға ықпал ете алады. Оған лайықты мысалдар тарихымызда жеткілікті. Мәселен, қаншама қызғалдақтарымыз қайсарлығымен есте қалса, саясат сахнасында саналы тұрғыда бас көтерген әйелдерді айтпасқа тағы болмас. Одан бөлек биліктің басқару жүйесінде байыпты басшылық етіп жүрген аяулы жандардың табандылығын жоққа шығара алмаймыз.
Ал ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің жөні бір бөлек. Себебі бұл санаттағы әйелдердің қатары жыл сайын артуда. Олардың әрбірі отбасының қамын ойлап қана қоймай, өздерінің күш-қайратын бизнес саласына жұмсап, жетістік жолынан жаңылған емес.
Осы бағытта елеулі еңбек етіп жүрген жандардың біразы Қарасай жерінде бар екенін айрықша атап өтуге болады. Солардың бірі – білімі мен білігін ұштастырып, кәсіптің көкжиегін кеңейтіп, қайырымды істің басы-қасынан табылатын, көп балалы ана, табысты кәсіпкер, Райымбек ауылының тұрғыны Гүлдария Жақсымбетова.
Халықтың жанашырына айналған аяулы анамыз мерейлі 70 жасқа толып, өмірінің тағы бір белесіне шығып отыр. Әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміздің төл мерекесінің қарсаңында ол жайлы қалам тербеп, өткені мен бүгінін өнеге ретінде сөз қозғауды жөн көрдік.
Гүлдария Жақсымбетова – Хантәңірі тауының етегіндегі тұмса табиғатымен тұнып тұрған Райымбек ауданының тумасы. Осы аумаққа қарасты сарқырамасымен сән берген Текес ауылында 1956 жылы дүние есігін ашқан. Әкесі Жақсымбет Алпысбаев пен анасы Күлімхан Сиырбаеваның бір қыз және бір ұлдан кейінгі кенжесі атанды. Шын есімі Гүлдария болғанымен, отбасының Күлдәш атты еркесі атанып, әпкесі Күләйхан мен ағасы Бақытқа арқа сүйеп, еліктеп бойжетті. Өнегелі отбасының тәлім-тәрбиесін алып, ел қызыға қарайтын, сүйсінетін, зерек әрі ақылды қыз болып өсті.
Балалық шағы Текес елді мекенінде өтіп, 1963 жылы осы ауылдағы Шорманов орта мектебінің алғаш табалдырығын аттады. Қатарластарынан қалмай, сабағын жақсы оқып, 1973 жылы аталған білім ұясынан қанат қақты. Бірден қолына аттестатын алып, арман қуып Алматы шаһарына аттанды. Осындағы республикалық медициналық училищеге құжат тапсырып, «фельдшер-акушер» мамандығына оқуға түсті.
Студент Күлдәш оқу ордасында жоғары білімін алып жүріп, 1975 жылы Мұрат есімді жігітпен көңіл жарастырды. Қос ғашықтың сезімі мәңгілік махаббатқа ұласты. Арада бір жыл өткен соң екеуі үлкен өмірге қадам басты.
Осылайша Гүлдария Жақсымбетова 1976 жылы білікті маман атанып, дипломын қолына алып, «өмірлік жарым» деп таныған Мұрат Әшірбаевқа тұрмысқа шықты. Өскен, өнген, абыройлы әулеттің шаңырағына, яғни Кеген ауылына құтты келін атанды.
Мамандық таңдаудан да, жар таңдаудан да жаңылыспаған Гүлдария әпкеміз бірден Кеген аудандық ауруханаға фельдшер болып орналасты. Ал 1977 жылы алғаш ана бақытын сезініп, Мұрат аға екеуінің тұңғыштары – Алтынай дүниеге келді.
Өмірге сәби келген соң, отбасылық қуанышы еселей түсіп, ерлі-зайыптының асқақ армандары алысқа жетеледі. Сөйтіп, екеуі әулеттің ақ батасын алып, 1979 жылы Алатау бөктеріне қарай қоныс аударды. Анығын айтқанда, қасиетті Қарасай жерінің Алматымен іргелас жатқан Райымбек батырдың есімімен аталатын ауылға табан тіреді. Ал Гүлдария әпкеміз медициналық білімі мен тәжірибесінің арқасында осы елді мекендегі фельдшерлік-акушерлік пунктке меңгеруші болып жұмысқа орналасты.
Жас отбасы үшін бұл жер құтты мекенге айналды. Осында өсіп-өніп, шаңырақтың шаттығына кенеліп, ел қатарлы тіршілік етті. Үйдің үлкені Алтынайдан кейін 1980 жылы Мақсат, 1982 жылы Азамат, 1989 жылы Нұрлан есімді үш ұл дүниеге келіп, өсе келе әрбірі атұстар ақылды азаматқа айналды. Уақыт өте келе ұл-қызының бәрі жоғары оқу орындарда білім алып, білікті маман иесі атанды. Бірі аналарының жолын қуып, медицина бағыты бойынша қызмет етсе, енді бірі заңгер болды.
Гүлдария Жақсымбетқызының денсаулық сақтау саласындағы еңбек өтілі 30 жылдай болса, жоғарыда атап өткен Райымбек ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктте табан аудармай, 25 жылдай жұмыс істеген. Осы жылдар аралығында жергілікті 5 мыңдай халыққа қызмет етіп, оның ішінде ана мен баланың өміріне жауапты болған. Талай нәрестенің кіндігін кескен сәттерді Күлдәш анамыз бүгінде сағынышпен еске алып, айшықты оқиғалардың біразымен бөлісті. Ендеше, солардың біріне тоқтала кетейік.
– Қателеспесем, 1983 немесе 1984 жылдары ғой деймін. Ол уақытта совхоздың кезі болатын. Үйдегі бақшаны суару үшін кезекке тұратынбыз. Күндердің бір күнінде жұмыстағы түскі үзілісті пайдаланып, үйге барып бақша суарып жатсам, «парторг» жігіт «УАЗ» машинасымен келіп тұр. «Көшеде бір әйел босанғалы жатыр, тез жетуіміз керек», – деді ол.
«Ойбай» деп, қолымдағы күректі тастай сала, жаңағы айтқан жерге бардық. Расымен де, жас келіншек жерде отыр. Ал астында шақалақ жатыр. Содан қасымдағы баланы жақын жердегі медпунктке жіберіп, медициналық биксті алдырттым. Ол кезде мұндай дүниелер дайын тұратын. Ішінде стерильденген бинт, қайшы және тағы басқа керек-жарақтың бәрі болатын. Сөйтіп, жаңа туған қыздың кіндігін кесіп, анасымен бірге аудан орталығындағы ауруханаға жол тарттық. Ал Қаскелеңге енді кіргенімізде жаңағы нәрестеміз көгере бастады. Оны байқап қалып, кіндігін тағы кесіп, аман алып қалып, әйтеуір, аудандық ауруханаға жеткіздік. Сол кезде бас гинеколог Людмила Васильевна бұл жағдайға таңғалып, әкемізді танытып тұрып, қатты ұрсып, ана мен баланы қабылдап алды.
Міне, осындай сәттерде дүниеге келген сәбиіміз уақыт өте келе, бойжетіп, әдемі, сүйкімді қызға айналды. Қазақтарда: «нәрестенің кіндігін кім кессе, соған ұқсайды» деуші еді ғой! Сол рас екен. Ата-анасы сары өңді болғанмен, мен босандырып алған әлгі қыз өзім сияқты қап-қара қыз болып шыға келді. Кейінгі жылдары онымен жүздесіп, бұл жағдайды өзіне айтып бергенмін, – деп Күлдәш әпкеміз бұрынғы кезді есіне алды.
Мұндай тосын оқиғалардың біразына Гүлдария Жақсымбетова куәгер болып, ешқайсысын санасынан шығарған емес. Алақандай ауылдың адамдары бір-бірімен жақсы араласып, туысқандай болып кеткендіктен, көмектерін аямайтын. Оның ішінде, әрине, Күлдәш әпкеміз де үнемі ауру-сырқауға араша болып, әсіресе, қарттардың денсаулығына қарайласқан. Одан бөлек негізгі міндетін де ұмытпай, көптеген жүкті әйелдердің денсаулығына бас-көз болып, қаншама нәрестенің жарық дүниені көруіне ықпал еткен.
Гүлдария Жақсымбетованың осындай қалтқысыз қызметі мен жұмысына деген адалдығы жоғары бағаланып, 1986 жылы Қаскелең ауданы бойынша «Үздік фельдшер» деген номинацияға ие болды. Одан бөлек кейінгі жылдары да талай облыстық және аудандық дәрежедегі түрлі марапаттардың иесі атанды.
30 жылдай еңбек өтілінің кейін Күлдәш әпкеміздің ойында басқа арман-мақсаттар пайда болды. Ол фельдшер-акушер ретінде «болдым, толдым» демеді. Тек қараша халыққа көмек көрсетудің басқа жолын таңдап, медицина саласындағы тәжірибесіне сүйеніп, 2005 жылы фармацевтика саласына бет бұрды. Өйткені сол заманда жергілікті тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамту әрі қолжетімді ету өзекті мәселенің бірі еді.

Білікті дәрігердің мұндай айқын мақсаттарына өмірлік жары Мұрат Әшірбаев үлкен қолдау танытып, сенім білдіріп, отбасылық кәсіптің бастауына жол көрсетті. Ол кезде бизнеске келу деген оңай шаруа емес еді. Десе де Мұрат ағамыздың ақыл-кеңесімен, бағыт-бағдарымен бұл іске тәуекел етті. Күлдәш әпкеміз бұл салаға қалай аяқ басқанын да еш ұмытқан емес. Ол жайында былай әңгімелеп берді.
– 2005 жылы Мұрат екеуіміз ақылдаса келе, өзіміз тұрып жатқан ауылға дәріхана салуды ойладық. Ол кезде ауылда мұндай дәрі сататын орын жоқ еді. Содан несие алып, құрылысына бірден кірісіп кеттік.
Әрине, медицинадан қанша хабарым болғанмен, дәріхана салу, оны кәсіп ретінде жүргізу маған оңайға соқпады. Бұл ретте өмірлік жарым – Мұратым үнемі қолдау білдіріп, мені жігерлендіріп, ақылын айтып, әрдайым қасымнан табылды. Сонымен қатар Софья Садыққызы, Клара Төлегенқызы сынды білікті дәрігерлер де көп көмегін көрсетті. Сөйтіп, дәріханамызды салып, бүгінгі күнге дейін халыққа қызмет етіп келеміз, – деп Күлдәш апкеміз алғаш кәсіпке келген кезін айтып берді.
Гүлдария Жақсымбетқызының сөзінен аңғарғанымыздай, оның әрбір бастамасына, ісінің ілгері жүруіне Құдай қосқан қосағы – Мұрат Әшірбаев үнемі қолдап-қолпаштап, демеу беріп жүрген. Екеуі бір шаңырақ астында 50 жылдай өмір сүріп, мына өмірдің қызығы мен қиынын бірге көріп, талай сынақтан сүрінбей өтті. Төрт баланың қанатын қатайтып, бірін ұяға, бірін қияға қондырды. «Адам ақылымен қымбатты, ұрпағымен сымбатты» дегендей, осы перзенттерінен немере-шөбере сүйетін дәрежеге жетіп, ардақты ата-әже атанудың бақытын сезінді.
Бір өкініштісі, Мұрат ағамыз осындай ұрпағының ортасында мәз-мейрам болып ұзаққа жүре алмады. Отбасының отағасы 70 жасқа қараған шағында 2022 жылы айықпас дерттің кесірінен мына жалған өмірмен қош айтысып, оралмас мекенге сапар шекті.
Біз, бәріміз, бұл фәниде уақытша қонақ екенімізді түсінсек те, кейде жаныңа жақын адамның ортамызда әлі де жүргенін іштей қалаймыз. Мұндай пендешілік арман кімде болмас? Дәл осылай Күлдәш әпкеміз де ой үстінде отырып, Мұрат Әшірбайұлын сағынышпен еске алды. Ол кісінің қандай адам болғаны жайлы сұрағанымызда Гүлдария анамыз көзіне еріксіз жас алып, күрсініспен өмірлік жары туралы естеліктерімен бөлісті.
– Мен жалпы Әшірбай әулетінің келіні болғанымды мақтан тұтамын. Атам Кеген ауданына қарасты Жалаңаш ауылында рабкоопта жауапты қызмет атқарған, өте білімді, сауатты, абыройлы адам еді. Ал енем екеуіміздің қарым-қатынасымыз, тіпті, керемет болды. Құрбылар сияқты әңгімелесіп, жақсы араластық. Ол кісілерден тараған алты ұрпақ болса, менің күйеуім – Мұрат әулеттегі ұлдардың үлкені еді. Біздің өмірде көрген қуанышымыз да, сынақтарымыз да аз болмады. Әрдайым бір-бірімізді қолдап, армандарымызға анық қадам бастық.
Ол еңбек жолында көбінесе көлік тізгінінде жүріп, шофер қызметін атқарды. Райымбек ауылына келгенде совхозда талай жауапты жұмыстарды істеді. Отбасылық кәсіпті бастап, ел-жұрттың алдында бірге еңбек еттік. Оның өмірден өткені, әрине, жаныма қатты батты. Әлі де көрер қызығы бар еді, – деп Гүлдария анамыз аяулы жарын сағынышпен еске алды.
Марқұм Мұрат Әшірбайұлының Күлдәш анамызға деген қолдауы, расымен, ерекше болған. Жоғарыда атап өткеніміздей, алдымен дәріхана ашып, елге қызмет істеді. Біраз жылдан кейін Райымбек ауылында «Мұрагер» деп аталатын азық-түлік дүкенінің негізін қалады. Бүгінде аталған екі мекеме де халықтың керегіне жарап, тиімді бағамен тауарларын ұсынуда.
Айтпақшы, дәріхананың маңыздылығы коронавирус дерті өршіп тұрған шақта қатты білінді. Сол кезде елімізде пандемия жарияланып, дәрі-дәрмектің тапшылығы байқалғаны белгілі. Алматыдан бөлек, алыс-жақын елді мекеннің біразы дәл осы дәріханадан таптырмас дәрілерге қол жеткізген. Өйткені Гүлдария Жақсымбетқызы үнемі сақтықтың алдын алып, үлкен жүк көліктермен керек-жарақты дүниені артығымен алдыртатын. Міне, соның пайдасы елге тиіп, халықтың амандығы жолында еңбегі елеулі болды.

Күлдәш әпкеміздің тағы бір ерекше қасиеті – жомарттық танытып, игі іске атсалысуы. Оның мұндай жан сүйсінер ізгі ісін біраз адам жақсы біледі. Мәселен, жоғарыда атап өткен пандемия кезінде азық-түлікке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, талай отбасының ризашылығына бөленген. Одан бөлек әр оқу жылының қарсаңында «Мектепке жол» акциясына белсене қатысып, шамамен 30 оқушыға оқу-құралдарымен көмек көрсетеді.
«Жақсының жақсылығын айт» дегендей, жан жылуын аямайтын Гүлдария Жақсымбетованың әрбір ісі де, қызметі де үлгі аларлықтай. Ол әрқашан осындай қайырымды істен шет қалмайды.
Гүлдария анамыз үнемі ізденіс үстінде жүретін кәсіпкер болғандықтан, спорт саласына да көңіл бөлуді жөн санады. Адам денсаулығының мықты болуын ойлап, 2021 жылы Райымбек ауылдық округінен үш қабатты спорт кешенін ашты. Мұнда баланың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Күрес, теннис, шахмат, бокс сияқты спорт түрінен үйірмелер бар. Сондай-ақ жасөспірімдердің білім дағдысын қалыптастыратын бірнеше оқу курсы да жұмыс істейді. Аталған кешенде балалардан бөлек қарт адамдар да жаттығу залында шыныға алады.
Бүгінде Күлдәш әпкемізге қолғабыс ететіндер – оның балалары. Әрбірі әр кәсіптің жүйелі жүруіне жауапты болып, өздеріне жүктелген міндетті адал атқаруда. Тіпті, Құралай, Әсел, Перизат есімді келіндері де отбасылық бизнестің өркендеуіне бір кісідей атсалысуда. Бірі дәріхананың ісін ілгерілетсе басқасы дүкендегі сауда-саттықты дөңгелетіп отыр. Ал ұлдары әрбір мекемеге жетекшілік етіп, заң мен тәртіп қағидатын назарда ұстайды.
Үйдің үлкені Алтынай жайлы айтар болсақ, ол да анасының жолын қуып, жеке дәріхана ашқан. Оның қызы Дина да медицина бағытында жоғары білім алып, «фармацевтика» мамандығын бітірген.
Қарап тұрсақ, отбасының әрбір мүшесі – Гүлдария анамыздың ізінен еріп, халық сұранысына сай еңбек етіп жүрген жандар. Бұл қасиеттер, бәлкім, тәрбие арқылы дұрыс жолды нұсқағандықтан болар. Нәтижесінде берекелі отбасының қаймағы бұзылмай, өнегелі орта қалыптасуда. Лайым осылай болсын!
Әрбір қажырлы еңбектің ескерілуі – заңдылық. Осы тұрғыдан алғанда Гүлдария Жақсымбетқызының медицина саласындағы табандылығын айтпағанда, табысты кәсіпкер ретінде еңбегі түрлі ұйым тарапынан бағаланып келеді. Атап айтар болсақ, осы уақытқа дейін «Ана жүрегі», «Ел жанашыры», «Алтын жүрек», «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл» сияқты медальдар мен облыстық, аудандық деңгейдегі марапаттары бар. Сонымен қатар 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан экономикасына сүбелі үлес қосып жүрген, әр саланың білікті мамандары қамтылған «Ұлы дала мұрасы» атты кітапқа енген. Мұнда Күлдәш ананың мағыналы өміржолы мен жетістікке толы қызметі жазылған. Ал 2022 жылы ел дамуына еңбегін арнағандар жайлы «Қазақстанның Алтын кітабы» деп аталатын кітапта Күлдәш анамыздың үш тілде өмірдерегі жарық көрген.
Бұл аталғандардың бәрі – жай сөз емес. Әрбір марапаттың арғы жағында жұртқа арнаған жақсылық пен табанды тірліктің нәтижесі жатыр. Олардың бәрі ұрпаққа өнеге, жігерлікке тәрбиелейтін тағылым деп білеміз.
Гүлдария Жақсымбетқызына осындай қызықтары ұзағынан болсын деген тілегіміз бар. Іскерлік қабілеті ұрпағының бойына дарып, жақсылық жолында жұлдызы жарқырай берсін. Әрдайым бақ-беделі артып, абырой биігінен көрінуіне тілектеспіз.
Ең бастысы, денсаулығы мықты болып, жетпістің жетегінде жайнап, сексенге сергек жетіп, тоқсан мен жүз жаста жүзі жарқын болсын!

