Биыл қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған азаттығына жол ашып, еліміздің егемендігіне берік негіз қалаған Желтоқсан көтерілісіне 40 жыл толып отыр. Тарих қойнауына енген сол бір ызғарлы күндерде ұлт намысы үшін алаңға шыққан өрімдей жастардың ерлігі мен қайсарлығы бүгінгі бейбіт күннің бастауы болды. Елдік пен еркіндік жолында жанын пида етіп, тағдыр тауқыметін тартқан намысты ұл-қыздарымыздың өшпес ерлігі әрдайым ұлықтауға, ал бүгінгі ортамызда жүрген көзі тірі қаһармандарымыз қандай құрметке де лайық.
Осы мақсатта әрі ел тәуелсіздігінің мерейлі белесіне орай өткен аптада Қарасай аудандық әкімдігінің бастамасымен Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға арналған мазмұнды мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Аталған игі бастаманың мақсаты өткеннің өнегесін дәріптей отырып, ардагерлерге шынайы ілтипат пен құрмет көрсету болды.
Жақында Береке ауылдық Мәдениет үйінде «Ұлттық киім – ұлт айнасы» атты тағылымы терең, мазмұны бай кездесу кеші өтті. Оны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз қазақ халқының ұлттық киімдері арқылы ұлттың тарихын, салт-дәстүрін, тәрбиелік мәнін кеңінен насихаттау, ата-бабадан қалған асыл мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу болды.
Ал кешімізге құрметті қонақ ретінде зейнеткер, ұстаз, ұлттық құндылықтарды зерттеп, насихаттап жүрген тарихшы Гүлжан Ургешова қатысып, қазақ халқының ұлттық киімдерінің ғасырлар бойы қалыптасқан ерекшеліктеріне тоқталып, киім адамның жас ерекшелігіне және өмірлік мәртебесіне қарай қалай өзгеріп отырғанын кеңінен түсіндірді. Ардагер-ұстаздың айтуынша, қазақ қоғамында қыз баланың кішкентай кезінен бастап бойжеткен шағына дейін киген киімі оның тәрбиесі мен көрегенділігін көрсеткен. Бойжеткен қыздардың киімі нәзіктік пен әдептілікті білдірсе, ұзатылған кезде киілетін сәукеле мен салтанатты киімдер қыз баланың жаңа өмірге қадам басуының ерекше белгісі саналған.
Сонымен қатар бұл кеште киімдердегі әрбір ою-өрнек пен әшекейдің терең мағынасы, тәрбиелік мәні бар екені айтылды. Сондай-ақ келін болып түскен, ана атанған әйелдердің киім үлгілері де жеке тоқталуды қажет ететін құндылық екені сөз болды. Олардың киімінен сабыр мен парасат, ұяңдық пен көрегендік, отбасының ұйытқысына тән қасиеттер көрініс табады. Ұлттық киім – тек сәндік бұйым емес, ұлттың дүниетанымы мен өмір салтының айнасы екені кеш барысында ерекше атап өтілді.
Кездесу кешінің мазмұнын байытқан ерекше сәттердің бірі – ауылдың ақ жаулықты аналары мен әжелерінің ұлттық киім үлгілерін киіп көрсетуі болды. Қатысушы әжелер өмір кезеңдеріне сай кішкентай қыз, бойжеткен, келін, ана бейнесіндегі ұлттық киімдерді арнайы дайындап, көпшілік назарына ұсынды. Әрбір киім үлгісі көрермендерге таныстырылып, оның мән-мағынасы түсіндірілді. Бұл көрініс кешке ерекше сән беріп, ұлттық киімнің көркемдігін көзбен көруге мүмкіндік жасады. Шараға қатысқан әжелер ұлттық киімге қатысты өз естеліктерімен бөлісіп, ата-бабадан қалған дәстүрдің ұмытылмауы керектігін атап өтті. Олардың өнегелі әңгімелері мен ақыл-кеңестері кештің тағылымын арттыра түсті.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

