Мемлекеттік деңгейдегі қазақ тіліміз сөздік қоры бай, құнды болғанына қарамастан, бүгінгі күнге дейін қолданыс аясы әлі дамытуды қажет етеді. Ал еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттігін нығайтуда ана тілімізді сақтау мен дамытудың мәні өте маңызды екенін ескерсек, қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесіне жеткізу аса маңызды мемлекеттік және бүкілхалықтық іс екен ұғыну қажет. Сондықтан да тілімізді дамытуға әрқайсымыз өз үлесімізді қосқанымыз жөн.
Осы ретте тілдің мәртебесін және қолдану аясын арттыратын «тиімділік», «қажеттілік» және «қатаңдылық» атты үш әдіске тоқталғым келеді.
Тиімділік
Қаражат қажеттілігі маңызды болып отырған заманда «тиімділік» ең тиімді амал десек те болады. Нақтырақ айтқанда, тілдің қолдану аясын кеңейту үшін оның тиімділігін артыру керек. Мәселен, білім саласын алатын болсақ, бүгінде біздің еліміз бейбітшілік пен тыныштық саясатын жүргізетіндіктен, тәрбие және білім ордаларынан бірден орыс тобын алып тастауға болмайды. Алайда бұл жерде тиімділік әдісін қолданса болады. Яғни, балабақшаларда қазақ тобына түсетін балаларға жеңілдік жасау жүйесін кіргізу керек. Мысалы, балабақшаның ақысы айына 17 мың теңге болса, 10-15 % жеңілдікпен 14 мың теңгеге азайтса жақсы болар еді. Бұл жекеменшік балабақшаларға да қатысты. Себебі қазіргі уақытта көптеген кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалар арқылы балабақша ашып, пайда тауып отыр. Осы ретте мемлекеттің қаражатын қолданғысы келетіндерге осындай талаптар қойса болады.
Мектептерге келейік. Мұнда көбінде пайдалы қазақша қосымшаны жасау қажет. Анығырақ айтқанда, мектеп кезінде қазақ тілін жетік меңгеріп, оны қолдануда өзін жақсы көрсеткен балаларға арнайы сертификат беру керек. Алайда бұл жай ғана қағаз емес, болашақта жоғарғы оқу орнына мемлекеттік қызмет, мұғалім, журналист, философия секілді мамандықтарға түсетіндерге көмектесетін қосымша бал яғни, «IELTS» сияқты «пайдалы» сертификат болуы қажет. Сол арқылы мектеп бітіріп, жақсы жоғарғы оқу орнына түскісі келетіндер арасында тілдің қолданысын арттыруға болады.
Ал жоғарғы оқу орындары бойынша айтатын болсақ, мұнда оқуға түсер алдында студенттерді қазақ тілінен сынақ тапсырту керек. Бұл еліміздегі кез келген университетке және талапкерге байланысты. Нақты айтқанда, шетелден келген студенттер де өзгелер сияқты тест тапсырып, белгілі бір уақытта қазақ тілінде орташа деңгейде сөйлеп үйренуі тиіс. Сондай-ақ бұл амал Қазақстандағы университеттерге түсу кезіндегі қойылатын қатаң талап ретінде қалыптасуы қажет.
Осының бәрін қосқанда ата-аналар мен балалардың арасында қазақ тілінің тиімділігін және мәртебесін жақсы көтеруге болады. Себебі тіл қаншалықты тиімді болса, соншалықты танымал болады.
Қажеттілік
Тағы бір амал – тілді меңгеруге деген қажеттілікті туындату. Анығырақ айтқанда, жұмысқа орналасқысы келетін азамат міндетті түрде қазақ тілінде «орташа» деңгейде сөйлей білуі керек. Ал мемлекеттік қызметші болғысы келетіндер оны жетік меңгергендер болуы қажет. Оған қоса жоғарғы лауазымды тұлғалар, тұрғындар, мемлекет атынан сөйлетіндердің барлық сұхбаттарын тек қазақ тілінде беруге тиісті.
Бұл талаптар шетелдік азаматтарға да байланысты. Егер де Қазақстанда жұмыс істегісі келсе, міндетті түрде қазақ тілін белгілі бір деңгейде білуі керек. Өзге елдердің тәжірибесіне қарасақ, көбінде ол жерге көшіп баратын адамдар сол елдің тілін білмесе, жақсы жұмысқа орналаса алмайды. Бізге де осындайды енгізу қажет. Мәселен, өзге ұлт өкілі біздің елімізде тұрып, осында қызмет еткісі келсе, 6-7 айдың ішінде талап бойынша қазақ тілін кемдегенде бастапқы деңгейде үйренуге тиісті. Тек осындай талаптар арқылы ғана біз еліміздегі тілдің қажеттілігін көтере аламыз.
Сонымен қатар еліміздегі барлық көрсетілетін қызметтер түрін бір тілді – қазақ тілінді жүргізу қажет. Осындай әдіс арқылы біздің тілімізді үйренуіге деген қажеттілік тудырамыз. Ал қажеттілік бар жерде талпыныс та пайда болатыны анық.
Заң қатаңдығы
Жалпы бүгінде елімізде қазақ тіліне байланысты қабылданған заңға тереңірек қарасақ, қазақ тілі негізгі болса да кез келген сәтте орыс тілінде еркін сөйлей беріндер дегендей әсер бар. Әрине, ол – достық қарым-қатынастық тіл. Оны ысырып қоя алмаймыз. Дегенмен бұл біздің нақты қадамға барып, қазақ елінде қазақ тілінің басымдыққа ие болуына бел шешіп кірісе алмай отырғандығымыздың айғағы.
Әрине, еліміз енді ғана тәуелсіздігін алып, мемлекет болып қалыптаса бастаған кезде сандық үлесі жоғары орыстар мен басқа да ұлт өкілдерінің талап-тілегі ескеріліп және ұлтаралық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында орыс тіліне «қатынас тілі» деген мәртебе беріліп, мемлекеттік тілмен қатар қолданылуы Конституцияда бекітілді. Бұл шешімді түсінуге болады. Қазіргі уақытта көпұлтты республикамыздағы барлық ұлттың теңдігі мен еркін дамуы жолындағы сол кездері жүргізілген көптеген шаралар өз жемісін беріп келеді.
Дегенмен одан бері жағдай өзгерді, қазір елімізде қазақ халқының саны басым. Оның үстіне халық арасында ана тіліне үстемдік беру мәселесі жиі көтеріліп келеді. Мұның өзі – өзгерістерге уақыт келді деген сөз. Сондықтан ендігі жерде қазақ тіліне мемлекеттік тіл ретінде айқын басымдық берудің, мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және ісқағаздарын жүргізу тілі ретіндегі айрықша мәртебесін Конституцияда бекітіп, арнайы заң қабылдаудың уақыты жетті. Қажет болса, тіпті заңды түрде еліміздің тілін құрметтемей, кез келген жерде өзге тілде «сайрайтындарға» белгілі бір жазаны қолдану керек. Тек заң қатаң және де жазаның салдары ауыр болған жағдай да ғана тілге деген көзқарас өзгеретін болады.
Қорыта айтқанда, өзге дамыған елдердегідей, мемлекеттік тіл туралы заң өз дәрежесінде жұмыс істеп, соған сай шаралар қолданылса ғана қазақ тілінің халі жақсарады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.