Заңсыз салынған нысандар кейде еріксіз елдің назарына түсетіні анық. Олардың қожайындары алдымен қалтаны қампитуды ойлап, құжат жағын реттеуді «көкелерге» сеніп тапсырады. Бұл – қоғамның шындығы. Ретсіз салынған бизнес-орталықтардың біразы Қарасай ауданында да бар.
Өткен аптада осы ауданға қарасты тасжолдың бойында орналасқан Жібек жолы ауылындағы көлік жуу орталығы мәжбүрлікпен сүрілді. Қазақстан Республикасы сәулет, қала құрылыс қызметі Заңының талаптарына сәйкес табыс көзіне айналған бұл орталық кәсіпкердің өз ықтиярлығымен бұзылды.
Нысанға қатысты Алматы облысы Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты арнайы шешім шығарған. Соған сәйкес хаттама толтырылып, бұл нысанды бұзу қарастырылған. Сот шешімін орындау мақсатында Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының Қарасай ауданы бойынша бөлімінің бас маманы Шаттық Мамбетов заңгерлердің және көлік жуу орталығының иесі, кәсіпкер Гүлбаршын Ниядинованың қатысуымен бұзу жұмыстарын қадағалады.
Назардағы нысанның Заңсыз салынғаны 2021 жылдың тамыз айында белгілі болған. Содан бері арнайы тексеру жұмыстары жүргізіліп, сот процестері орындалған. Осылайша сот шешіміне сәйкес орталықтың бұзу әрекеттері кәсіпкердің өз тарапынан орындалды.
Ал нысанның қожайыны бұл жердің коммерциялық бағытқа арналмағанына кейін көзі жеткен. Айтуынша, алаяққа сеніп, кәсібін жүргізе берген. Бірақ соңы осындай шығынға әкеліп соқтырғанын күтпепті. Жерді мақсатсыз пайдаланғанына өкініп, басқаларды да алаяқтардан сақтануға шақырды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.