Өткен аптаның сенбісі мен жексенбісі күні аралығында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында аудан аумағында ауқымды сенбілік жұмыстары жүргізілді. Сол іс-шаралардың барысында Жібек жолы ауылдық округінде 1000 түп ағаш отырғызылды.
Аудан тұрғындары бір кісідей ат салысқан игі бастама округтің көгалдандырылуына үлкен септігін тигізетіні анық.
Мамыр айының екісі күні Жібек жолы ауылдық округінде ауқымды экологиялық акция өтті. Оған аудан әкімі Жасұлан Естенов бастаған аудандық мәслихат депутаттары, бірқатар мекеме және ұйым өкілдері, мемлекеттік қызметшілер мен ауыл тұрғындары, жалпы 200-ге жуық адам қатысты.
Игі шарада аудан басшысы сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы өңірде кең көлемде жүзеге асырылып жатқанын айтып, осындай жұмыстардың табиғат пен адам денсаулығына, қоғам арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруда пайдасы зор екенін сөз етті. Одан кейін ауыл ақсақалы бата беріп, жиналған қауым көшет отырғызу жұмысына білек сыбана кірісті.
Жалпы акция барысында көптеген ауылдарды біріктіріп, туристік аймаққа апарар Тұрар ауылындағы маңызды тасжол бойына 1000 түп қарағаш көшеті отырғызылды.
– Бүгінгі акция өтіп жатқан Тұрар ауылына апаратын үлкен жолдың бойындағы теректер 1950 жылдары отырғызылғандықтан, қазіргі таңда олар әбден қурап, апатты жағдайда. Осы ретте «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ескі ағаштарды алып тастап, орнына жаңа 1000 түп қарағаш көшеттерін отырғызуды жөн көрдік. Бұл біздің келешекке ұрпаққа жасалған игі ісіміз, табиғатқа деген жаңашырлығымыздың білгісі, – деді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бекзат Кәрімов.
Естеріңізге сала кетейік, сәуір айының 25 күні аталмыш округте «Алтын таға» өндірістік компаниясының тікелей бастамасымен және Қарасай ауданы әкімдігінің қолдауымен «Таза Қазақстан» аясында 530 ағаш көшеті отырғызылған еді.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

