Талайдан бері тұрғын үй кезегін күтіп жүрген қарасайлықтар осы аптада қуанышқа кенелді. Шаңырақтың шаттығын сезіну үшін оларға аудан әкімдігінде құрмет көрсетіліп, Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күнінің қарсаңында баспана кілттері қолдарына табысталды.
Қарасай ауданының әкімдігінде өткен қуанышты басқосуға аудан басшысы Жасұлан Естенов арнайы қатысып, жаңа қоныс иелерін құттықтады.
– Мемлекет тарапынан халыққа әлеуметтік көмек көрсетіліп жатқаны белгілі. Соның бірі дәлелі ретінде өздеріңізге беріліп жатқан баспанының кілттерін айтуға болады. Былтыр дәл осылай 200-ден астам пәтер иелері қуанышқа кенелген болатын. Алдағы уақытта тағы біраз отбасыға баспана кілттері берілу жоспарлануда. Оның бәрі, әрине, тұрғын үй кезегі бойынша жүзеге асатын болады. Бүгінгі қуаныш иелерін шын жүректен құттықтаймын! Шаңырақтарыңызда тек шаттық, береке, той-думан болсын, – деді аудан басшысы.
Осындай ізгі ниетін білдіргеннен кейін Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Тоққожаұлы «Халықтың әлеуметтік осал топтар» санаты бойынша 28 отбасыға тұрғын үй кілттерін табыс етті.
Ал баспаналы бол-ған қарасайлықтар қуаныштарымен бөлісіп, мемлекеттің көмегіне және аудан әкімдігінің көрсетіп жатқан қолдауына алғыстарын жеткізді.
Айта кетейік, баспана кілттері Қаскелең қаласы мен Елтай ауылдық округтерінде салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен және Шамалған ауылындағы жекеменшік үйлерден берілді. Қарасай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, дәл осындай «Халықтың әлеуметтік осал топтар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған қарасайлықтар үшін жақын арада тағы 100-ден астам пәтер кілттері берілу жоспарлануда.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ