Әрбір үйдегі сөреде немесе антресольде отбасының фотосуреттермен өрілген шежіресі сақтаулы тұрғаны анық. Олар – жүрекке жақын жандардың бейнесін, бақытты да шуақты күндерді, әсем жерлер мен маңызды оқиғаларды жадымызда жаңғыртатын құнды жәдігерлер.
Фотосурет – өткеніміздің жаңғырығы, тарихымыздың куәсі. Осы естеліктерді сақтап, отбасы тарихын келер ұрпаққа жеткізу үшін суреттерді арнайы альбомдарға – фотоальбомдарға жинақтаған.
Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорында ауданның айтулы оқиғаларынан сыр шертетін, белгілі тұлғалар мен қарапайым отбасылардың өмірін бейнелейтін фотосуреттер мен фотоальбомдардың бірегей коллекциясы сақталған.
Өткен ғасырдың 20-жылдарының соңы мен 30-жылдарының басында ұжымдастыру науқаны қазақ халқына ауыр соққы болып тиді. Ұжымдастырудың басты себептерінің бірі 20-жылдардың аяғындағы астық дайындау дағдарысы еді. Екіншіден, жас мемлекет индустрияландыру саясатын қолға алды. Зауыттар мен фабрикалардың жұмысшыларын азық-түлікпен қамтамасыз ету қажеттілігі туындап, жұмысшы табын шаруалардың есебінен асырау ұйғарылды. Осылайша, жаппай ұжымдастыру жарияланды.
Ауылдарда жиналыстар өткізіліп, қарапайым шаруаларды ұжымшарларға (колхоздарға) кіруге үгіттеді. Бұл ұжымдастырудың алғашқы қадамдары болатын. Күштеп ұжымдастырудың тәсілдері мен әдістері барлық жерде бірдей жүргізілді. Оның қайғылы салдары кең ауқымымен, қатыгездігімен және ұлтқа қарсы бағытталған сипатымен ерекшеленді. Қазір бұл туралы көп айтылып, жазылуда. Бұл – тарихымыздың «қаралы» беттерінің бірі.
Сол қаралы тарихтың бір жолы өлшемі 14х10 см болатын ақ-қара фотосуретте бейнеленген. Фотограф шаруаларды ұжымшарға тарту мақсатында ұйымдастырылған жиналысқа келген ауыл тұрғындарын түсіріп алған. Ол шешеннің ұсынысына ойлана қарап, өзара көз түйістірген ақсақалдардың сәтін дөп басқан. Сол дәуірдің көзін көрген замандастары қалмағандықтан, суреттегі кейіпкерлердің есімдерін анықтау мүмкін болмай отыр.
Музей қорында Ұлы Отан соғысының батырларына, ауданымыздың ардагерлеріне арналған фотоальбомдар ерекше орын алады. Бұл – қаламызда жыл сайын өтетін Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс мерейтойларының аталып өтуін баяндайтын бірегей тарихи шежіре. Альбом беттерінде ардагерлерді, партия басшыларын, еңбек ұжымдарын, мектеп оқушыларын және аудан орталығының жүздеген тұрғындарын біріктірген ауқымды салтанатты шаралар бейнеленген. Онда атқару комитеті басшылығының тұрғындар мен мерекенің басты қонақтары – соғыс ардагерлеріне арнаған мерекелік құттықтау сәттері, Даңқ мемориалына гүл шоқтары мен гүлдер қою рәсімінің әсерлі кадрлары бар. Сондай-ақ, партия қызметкерлері, ресми ұйымдар мен аудан кәсіпорындарының делегациялары және қаза тапқан батырларға тағзым еткен мектеп оқушыларының легі суретке түсірілген.
Альбомдардың орталық бөлігін салтанатты шерудің серпінді фотосуреттері алады. Түрлі әскер түрлерінің (жаяу әскер, теңізшілер, ұшқыштар) мұқият тігілген киімдерін киген жергілікті мектеп оқушылары мінберлердің алдынан сап түзеп өтуде. Шерудің ең жарқын сәті автокөліктер колоннасы болды. Көлік платформаларына Ұлы Отан соғысының ірі шайқастарын қайта жаңғыртатын тарихи инсталляциялар орнатылған.
Альбомдар тұтас фоторепортаж ретінде безендірілген. Бұл – сол кездегі шынайы мақтаныш сезімін, патриотизмді және ұрпақтар сабақтастығын жеткізетін бір күннің өзіндік хронологиясы.
Кеңес дәуірінде, 1970-1980 жылдары, мектеп оқушыларын оқыту тәжірибелік және зерттеу жұмыстарымен тығыз байланысты болды. Білім беру үдерісі бұқаралық сипат алып, үйірмелер, мектептен тыс мекемелер мен экспедициялар негізінде құрылды, ғылымды тереңдетіп оқытуды қоғамдық пайдалы еңбекпен үйлестірді. Жоғары сынып оқушылары рефераттар жазып, сапарлардың қорытындысы бойынша есептік альбомдар жасап, өз бетінше тәжірибелер жүргізді. Мұндай жүйе дарынды балаларды тиімді анықтауға, олардың зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға, техникалық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар кеңес ғылымы мен өнеркәсібі үшін болашақ мамандарды ерте кәсіптік бағдарлауды қамтамасыз етті. Бұл зерттеу жұмыстарының қалай жүргізілгенін архивтік фотоальбом айқын көрсетеді. Соның бір мысалы – Қаскелең қаласындағы В.Г. Белинский атындағы орта мектептің 6 «Б» сынып оқушыларынан құралған «Поиск» («Іздеу») экспедициялық-зерттеу жасағының 1980 жылғы фотоальбомы.
Бұл фотоальбом 1934 жылы негізі қаланған В.Р. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институты туралы баяндайды. 1970-1980 жылдар аталған институт үшін нағыз өркендеу дәуірі болды. Республиканың басты аграрлық орталығына айналған институт ғылымда үлкен серпіліс жасады: ғалымдар дәнді дақылдардың бірегей қарқынды сұрыптарын шығарып, Қазақстанның құрғақ жерлері үшін суарудың озық технологияларын әзірледі.
Альбом беттерінде 32 оқушы мен екі оқытушыдан тұратын «Поиск» жасағының, сондай-ақ тәжірибе шаруашылығының директоры Талғат Ахметұлы Тегесовтің фотосуреттері бар. Мұнда коммунистік еңбек екпінділері мен өндіріс озаттарының суреттері де ұсынылған. Сонымен қатар институтта шығарылған жаңа сұрыпты шексіз жүзім алқаптары мен егін жинау кезіндегі оқушылардың суреттерін көруге болады.
Осындай тағы бір экспедиция туралы «ВЛКСМ-нің 30 жылдығы» атындағы орта мектеп оқушыларының «Менің Отаным» атты оқу экспедициясының фотоальбомы сыр шертеді. Фотосуреттер құрамына 6-7 сыныптың ұлдары мен қыздары кірген «Натуралист» жасағының жұмысы туралы баяндайды. Балалар табиғатты, ондағы өзгерістерді зерттеп, бақылаумен айналысты, ал оларға мұғалімдер, натуралистер мен қорықшылар тәлімгерлік етті.
1985 жылғы ақ-қара фотосуреттерде жасақтың Балқаш маңы мемлекеттік қорықшасына (ерекше қорғалатын табиғи аумақ) жасаған үш экспедициясы бейнеленген. Экспедиция бағытын таңдауға оларға белгілі ғалым, жазушы-натуралист Максим Дмитриевич Зверев көмектескен.
Жетекшілері Л.Н. Сафроновпен бірге балалар Балқаш маңының табиғи-климаттық жағдайларын, антропогендік фактордың табиғатқа әсерін зерттеу, осы өлкенің өсімдіктер мен жануарлар әлемімен танысу, сондай-ақ қарым-қатынас дағдылары мен дене шынықтыру дайындығын шыңдау үшін жаяу жүздеген шақырым жол жүрген.
Мұндай фотоальбомдар сол кездегі мектеп өмірінен мол мағлұмат береді: мектеп тек білім беріп қана қоймай, тәрбие де берді. Тәрбие ісі тәжірибелік сабақтар арқылы оқушылардың қызығушылығына негізделді. Бұл жағдайда балалардың мектептен тыс сабағының басты мақсаты табиғатты қорғау болды.
Қазіргі уақытта да өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру бізден, яғни ересектерден балалардың бойында табиғатқа деген жанашырлық пен ізгілікті қарым-қатынас қалыптастыруды талап ететін өзекті мәселе болып қала береді.
Алайда фотоальбомдардың барлығы тек іс-шараларға арналмаған, олардың ішінде тұтас бір буынның тарихын сақтаған отбасылық альбомдар да бар. Онда ересектердің естелікке түскен ақ-қара суреттері, балалардың ертеңгіліктердегі түрлі-түсті суреттері, курстастармен, достармен және әріптестермен түскен фотолар жинақталған.
Фотоальбом – жай ғана суретті кітап емес, ол – баға жетпес сәттердің жылуын келер ұрпаққа аманат етіп жеткізетін уақыт шежіресі.
Л. НҰРЖАНОВА,
Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері.

