Алматы облысының мәдени өмірінде айтулы оқиға орын алды. Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейі бір мезетте әрі халықаралық деңгейдегі бірегей көрменің шымылдығын түріп, аймақтағы музей ісінің болашақ бағдарын айқындайтын маңызды ғылыми-практикалық семинар өткізді.
Көшпенділер мұрасынан Жапон катанасына дейін: «Болат жарқылы» көрмесі де өз деңгейінде ашылды. Музей төрінде бас қаламыз – Астанадан Тұңғыш Президент музейінің «Артефакт» ғылыми-іздестіру жобасы аясында «Болат жарқылы» деп аталатын ерекше экспозицияның тұсауы кесілді.
Көрмеге құрылымдық ерекшеліктері мен функционалдық мақсатына қарай арнайы жүйеленген, әлемдік деңгейдегі суық қарудың 26 бірегей үлгісі қойылды. Экспозицияға келушілер әлем халықтарының қару-жарақ өнері мен мәдени дәстүрлерін айшықтайтын бірнеше жауһарларды тамашалай алады. Атап айтар болсақ, ежелгі дәуір қаруларынан Сақтар мен Ұлы даладағы өзге де көшпенді тайпалар қолданған, пішіні сан алуан ақинақ-семсерлер мен сап бастарын көруге болады. Еуропалық және шығыс қаруларынан абордаждық ұрысқа арналған еуропалық теңізші кездіктерінен бастап, дәстүрлі шығыс қаруларына дейінгі құнды жәдігерлерді таныса аласыздар. Крис және Жамбыя деп аталатын бұрышта Индонезия халқының ирек жүзді қасиетті «крис» пышағы мен Таяу Шығыс ерлерінің дәстүрлі киімінің ажырамас бөлігі саналатын, кең иілген «жамбыя» араб қанжары қойылған. Сонымен қатар Жапон катанасы Жапонияның ұлттық мәдениеті мен самурайлар рухының нышаны, яғни дәстүрлі ұзын семсерді таныстырады. Ал аңызға айналған «Зүлфиқар» болса айыр ұшты жүзімен ерекшеленетін қасиетті қарудың дәлме-дәл көшірмесі және Златоуст қару-жарақ мектебінің салтанатты қылыштарынан сыр шертеді.
Көрмеге қойылған әрбір жәдігер – филигрань, зерлеу, қарайту және инкрустациялау (алтын-күміспен аптау) әдістерімен безендірілген, шеберлердің қолынан шыққан нағыз өнер туындысы.
Көрменің ашылуымен қатар Қарасай аудандық кітапханасында мәдени мұраны заманауи технологиялар арқылы жаңғыртуға бағытталған «Цифрлық мұра: музей жәдігерінен жүйеге» атты ғылыми-практикалық семинар жалғасын тапты.
Шараның ашылуында Тұңғыш Президент музейінің директоры К.Ақтаева мен Алматы облысы музейлер бірлестігінің директоры Т.Келімбетов құттықтау сөз сөйлеп, мәдени жәдігерлерді цифрландырудың бүгінгі таңдағы өзектілігіне тоқталды. Семинарға облыстың 12 музейінен басшылар мен білікті мамандар қатысып, өзара тәжірибе алмасты.
Семинар барысында қатысушылар заманауи тренингтер мен практикалық жұмыстардан өтті. Алдымен «Заттан – жүйеге» деп воркшоп арқылы «Қор хаосы» командалық кейсі аясында аралас қор жинағын жүйелеуді іс жүзінде үйренді. Одан кейін «Жүйелер шайқасы» практикумында музей мамандары қорларды цифрландырудың өзіндік моделін құрып, автоматтандырылған жүйеге қойылатын талаптар бойынша ми шабуылын өткізді. Ал «Цифрлық мұра» жүйесінің таныстырылымында Тұңғыш Президент музейінің «Цифрлық мұра» автоматтандырылған жүйесінің ресми тұсаукесері өтіп, «Ғылыми төлқұжатты құрастыр» тапсырмасы арқылы жәдігерлермен жұмыс істеудің жаңа тетіктері көрсетілді.
Шара соңында белсенді қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Бұл басқосу аймақтағы музейлердің жұмысын заманауи цифрлық деңгейге көтеруге үлкен серпін бермек.
Тарихтың терең қойнауынан сыр шертетін қару-жарақ өнерінің жауһарларын өз көзімен көргісі келетін барша тұрғындар мен қонақтарды Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейіне шақырамыз. Аталған көрме 2026 жылдың 9 қазанынан 2027 жылдың 29 қаңтарына дейін жалғасады. Ғасырлар сырын бүккен болаттың жарқылын тамашалауға асығыңыздар. Тарих пен заманауи технология тоғысқан сәтті жіберіп алмаңыз!
Н.ЕРГАЗИЕВА
Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің
экскурсия жетекшісі.

