Ұлт құндылығы мен мәдениеттің мән-мағынасы айшықталатын, дәстүр дәріптеліп, тарихтан сыр шертілетін Алматы облысындағы жарқын жобалардың бірі – «Ауылым – алтын бесігім» байқауы.
Қала мен ауданның мәдениет күндері аясында ұйымдастырылатын бұл шара биыл да дәстүрінен жаңылмады. Алғашқысы Іле жерінде басталып, одан кейін көршілес аудандарда жалғасып жатты. Ал осы аптада қасиетті Қарасайда тойланып, сәрсенбінің сәтінде байқаудың комиссиясы ауданымызға арнайы ат басын бұрды. Құрметті қонақтарды Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов бастаған мәдениет пен өнердің өкілдері қарсы алып, ізгі ілтипат танытты. Ал қадірлі меймандар мәдениет пен өнердің бүгінгі деңгейін бағамдап, атқарылып жатқан жемісті жұмыстармен танысты.
Ауданымыздағы мәдени шараның биылғы тақырыбы «Қарасай – дәстүрден дәстүрге» деп аталып, үш бөлім арқылы түрлі бағыттар қамтылды. Алғашқысы ашық аспан астында аудандық Мәдениет үйінің алаңында бастау алды. Дәл осы жерде байқаудың комиссия мүшелерін аудан өнерпаздары әуелете әнмен қарсы алды. Одан кейін жиналған көпшілік Қаскелең мәдениет колледжінің ұлттық аспаптарда ойнаған композициясын тамашалап, ерекше әсерге бөленді.
Ал қонақтардың назарына түскен көріністердің тағы бірі – шағын киіз үйлер тігілген ауылдар. Ол жерде ұлттық өнерге қатысты бірнеше тақырып қамтылды. Олардың әрбірін Қарасай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова аралатып, таныстырды. Осы ретте байқаудың комиссиясы алдымен «Ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұра» деген ауылға аялдады. Мұнда қолөнершілердің еңбектері жұртқа ұсынылып, әрбірінің құндылығы түсіндірілді. Келесі кезекте қонақтарды «Тарих тудырған тұлғалар» мекені қарсы алып, бұл жерде Қарасай жерінен түлеген ақын-жыршылардың өмір жолы насихатталды.
«Ұлттық дәстүр – ұрпаққа аманат» деген ауылда дәстүр дәріптеліп, әдет-ғұрпымызға қатысты өнегелі ойлар ортаға салынды. Сондай-ақ тұсаукесер рәсімі өтіп, оның бала болашағы үшін маңызы дәріптелді.
Келесі кезекте «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» күтіп тұрды. Бұл ауылда өңірдің тазалығы мен заңға бағынуға қатысты сахналық көріністер қойылып, бүгінгі күннің өзекті мәселесі қамтылды.
Қонақтардың соңғы тоқтаған аялдамасында ұлттық спорттың бірнеше түрі ұлықталды. Әрбірінің құндылығына, тұрмыс-салтымыздағы орнына, мәдени мұра ретінде сақталуына айрықша атап мән берілді.
Шараның алғашқы бөлімінде назарға іліккен керемет көріністің бірі деп 180 домбырашының бір мезетте күмбірлете күй шертуін айтуға болады. Бұл өнерпаздардың барлығы – аудандағы «ArtSport» бағдарламасы арқылы білім алып жүрген жас өрендер.
Осындай бірнеше тағылымды өнер жолы таныстырылған соң, мәдени шараның концерттік бағдарламасы басталды. Алдымен көпшілікке «Ауылым – алтын бесігім» атты қала мен ауданның мәдениет күндері аясындағы байқаудың комиссия мүшелері таныстырылды. Атап айтар болсақ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров, «Құрмет» орденінің иегері, ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Дәркембайұлы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің бас балетмейстері Ғазиза Әбдиева, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры Ержан Тоқтар, Мәдениет саласының үздігі, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншісі Мәншүк Тұрсынғазина және Мәдениет саласының үздігі, жоғарыда аталған филармонияға қарасты «Қобыз сарыны» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бекназар Құрмашұлы сынды мәдениет пен өнердің өкілдері осы шараға төрелік етті.
Қазылар алқасының құрамы таныстырылған соң Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосов сахна төрінде сөз алып, «Ауылым – алтын бесігім» байқауының маңызына тоқталды. Сондай-ақ Қарасай жеріндегі мәдениет пен өнердің бүгінгі әлеуетін айтып, барша өнер ұжымына сәттілік тіледі.
Ал шараның ІІ бөлімінде цифрлық дамудың артықшылықтары назарға ұсынылды. Ол жайында аудандық Мәдениет үйінің директоры Анар Булекбаева айтып, ауданның мәдениет саласындағы жасанды интеллекттің көмегі және оны тиімді қолданылуын түсіндірді. Сондай-ақ «Темірғали» есімді роботтың амандасып, ортада билеуі көпшілікті таңғалдырды.
Сонымен қатар қонақтар үшін ғимараттың фойесінде аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Қарасайдың ұлы тұлғалары» атты кітап көрмесі ұсынылды. Мұнда Қарасай жерінде дүниеге келген танымал ақын-жазушылардың еңбектері дәріптеліп, рухани орталықтың жетістігі таныстырылды. Одан бөлек кітапханашылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «7 әдеби кітап» көрмесінің руханият үшін маңызы зор екені тілге тиек етті.
Келесі зал ән мен жырдың, қолөнердің ортасына айналды. Бұл жерде алдымен «Жыр-терме», «Ақындар» орталығы үйірмесінің қатысушылары қонақтарға арнауын айтса, Қаскелең қаласы мен Шалқар ауылындағы өнер мектептерінің және «Саңыраулар» қоғамдық клубының жұмыстары паш етілді. Ал «Замандастар» ансамблінің жанды дауыста шырқаған ретро әндері меймандарды еріксіз керемет-күйге бөлеп, өткен шақты еске түсірді.
Рухани басқосудың әсерлі әрі қорытынды кеші үлкен залда өтті. Сахнада «Темірен» театрының «117-пәтер» қойылымы көрсетіліп, ауқымды шара «Қарасайдан тараған әуен» атты гала-концертпен аяқталды. Кеш соңында байқаудың комиссия мүшесі, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров сөз сөйлеп, Қарасай жерінің мәдениеті мен өнеріне деген ыстық ықылас танытып, атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді.
Айта кетейік, «Ауылым – алтын бесігім» байқауының қорытындысы қараша айында Қонаев қаласында өтеді. Онда қала мен аудандардың жұмысы бағаланып, марапатталады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
Суреттерді түсірген
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

