Мемлекетімізде елдің ертеңі үшін алаңдаған, тәрбие мен мәдениеттің тұтқасын ұстаған, қазіргі қоғамның ажырамас бөлшегіне айналған бірнеше ұйым бар. Солардың арасында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Ақсақалдар мен Аналар кеңестерінің рөлін айрықша атап өтуге болады. Ақысыз-пұлсыз жұмыс істейтін мұндай қоғамдық бірлестіктердің ел игілігі жолында атқарып жатқан жұмыстарын ешқашан жоққа шығаруға болмайды. Әрбірі ұрпақ тәрбиесіне атсалысып, қоғамдық келісімді нығайтуға күш салып келеді.
Қазыналы қариялардың бірлігін бекем ететін мұндай кеңестердің Қарасай ауданында атқарып жатқан ілгері істері де, байыпты бастамалары да жетерлік. Сәрсенбінің сәтінде аталған қоғамдық ұйымдардың есептік жиыны өтіп, қос кеңестің жаңа төрағалары тағайындалып, құрмет-марапатқа толы жылы лебіздер айтылды. Ал бұл басқосуға Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов, облыстық Ақсақалдар мен Аналар кеңестерінің басшылары, ауданның зиялы қауым өкілдері және Ассамблея жастары қатысты.
Аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы жиынның төрағасы ретінде алдымен көпшілікпен амандасып, ауданның әлеуметтік дамуы жолында, саналы ұрпақ қалыптасу тұрғысында ақсақалдар мен әжелердің қосып жатқан үлестері зор екенін айтты. Одан кейін сөз кезектерін облыстан арнайы келген қонақтарға ұсынды.
Қазіргі қоғамдағы ақсақалдар кеңесінің негізгі міндеті – түрлі этнос өкілдерінің бірлігін нығайтуға атсалысу, мемлекеттік тілді меңгеруге ықпал ету және жастарды отаншыл болу мен елге қызмет ету рухында тәрбиелеу. Осындай мақсат-мүдде жолында еңбек етіп келе жатқан ақсақалдардың рөлін Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Алматы облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаев жан-жақты түсіндірді. Оның айтуынша, Алматы облысы бойынша жалпы мүше саны 1002 адамды құрайтын облыстық, қалалық, аудандық және 130 ауылдық округте ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Әрбірінің бірлескен жұмысының арқасында осы жылы түрлі форматта 85 іс-шара ұйымдастырылған. Олардың арасында дәстүрді дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, тарихи тұлғаларды таныстыру сияқты көптеген әдеби, мәдени жиындар, тағылымды кештер бар. Ал осылардың бәріне 4000-нан астам адам қамтылған.
Амангелді Данибекұлы осы сияқты атқарылған жұмыстардың ұтымды тұстарын айтып, болашақта да мұндай бастамалар жалғасын табатынын жеткізді.
Бұл жиында, сондай-ақ аналар кеңестерінің де атқарып жатқан жұмыстары әңгіме арқауына айналды. Ол жайында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Алматы облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева кеңінен баяндады.
– Алматы облыстық ҚХА жанындағы 146 аналар кеңесі бар болса, оның ішінде біреуі облыстық, екеуі қалалық, 9-ы аудандық болып, 135-і ауылдық округтерде құрылған. Жалпы мүше саны 1081 адамды құрайды, – деп бастады сөзін Гүлнар Сағатқызы.
Одан кейін баяндама барысында облыс көлемінде Аналар кеңестерінің ұрпақтар сабақтастығын жалғастыра отырып, ұлтаралық келісімді нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар жайлы толымды ақпарат айтылды. Олардың арасында, әрине, Қарасай ауданында атқарылған шаралар да тілге тиек етілді. Мәселен, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен жыныстық қолсұқпаушылықтың, суицидтің алдын алу, қылмыстық фактілерін азайту бойынша білім беру мамандарымен бірлескен жұмыстар сөз болды.
Одан бөлек Гүлнар Сағатқызы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың білім алуына көмектесу, аналардың жылуын, қамқорлығын сезіндіру арқалы рухани дамуға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Мұндай бастамаларға денсаулық сақтау саласының өкілдері қолдау көрсеткенін де айрықша атап өтті.
Жалпы айтқанда, облыс көлемінде аналар кеңестерінің ықпалымен жүзеге асып жатқан істер ауыз толтырып айтарлықтай. Қоғам тұрақтылығы мен ұрпақ тәрбиесі хақындағы жұмыстар ешқашан қарқынын жоғалтпақ емес. Оны облыстық Аналар кеңесінің төрағасы нық сеніммен айтып, барлық аналар қауымына ақ тілегін білдірді.
Қадірлі қариялар бас қосқан бұл жиынның маңызды сәті Қарасай аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Ақылия Бекбайқызына ерекше ілтипат көрсетіп, төрағалық міндетінің аяқталуына байланысты құрметті демалысына шығарып салу болды.
«Ел анасы» алдымен аудан көлемінде осы жылы Аналар кеңесінің атқарған жұмыстарына тоқталып, әрбір өткізілген шараның мән-маңызын әңгімеледі. Олардың әрбірін үлкен экран арқылы көпшілікке таныстырып, ұрпақ тәрбиесі, ел бірлігі, ұлттық құндылық және басқа да ізгілік бағытындағы жұмыстарды кеңінен баяндады.
Сөз соңында Ақылия Бекбайқызы төрағалық міндетімен қош айтысып, қарасай жұртшылығына, әріптестеріне, жалпы аналар қауымына риязсыз ризашылығын білдірді.
Ал аудан әкімі Жасұлан Естенов аяулы Ақылия апамыздың елеулі еңбегін, қоғам игілігі жолындағы белсенді істерін, жемісті қызметіне алғысын жеткізіп, ақ тілегін айтты.
– Сіздің аналық мейірімге, парасат пен бірлікке негізделген бастамаларыңыз ауданымыздағы қоғамдық келісім мен рухани құндылықтардың нығаюына зор үлес қосып келеді.
Құрметті Ақылия Бекбайқызы, алдағы уақытта да ел бірлігі мен отбасы құндылықтарын дәріптеу жолындағы абыройлы еңбегіңізге толағай табыс тілейміз, – деді Жасұлан Тоққожаұлы.
Аудан басшысы осындай ақжарма тілегін арнағаннан кейін Ақылия Бекбайқызының қалтқысыз қызметіне құрмет танытып, иығына камзол мен ақ орамал жауып, көпшілікпен бірге ілтипат көрсетті. Одан бөлек Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Алғыс хатын көпшіліктің көзінше табыс етті.
Бұл жиында Ақылия Бекбайқызына ыстық ықыласын жеткізіп, құшақ-құшақ гүл шоқтарын табыстағандар біршама болды. Әрбірі жүрекжарды сөздерін арнап, еңбегіне жоғары баға берді. Солардың арасында Несіпбала Әбділдаева, Сағат Мәсімақынов сияқты ата-әжелеріміз сөз сөйлеп, сый-сияпатқа толы құрметтерін кезек-кезегімен көрсетіп жатты. Сонымен қатар Ақылия апаның өзі ұстаздық еткен Абай атындағы орта-мектеп гимназияның бір топ мұғалімдері де ұжымның ақжарма ақтілегін арқалап құттықтады.
Ал Алматы облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева өз сөзінде Ақылия Бекбайқызының қызметі тоқтағанымен, ол кісіге деген құрмет, ризашылық ешқашан тоқтамайтынын айтып, әрдайым «Құрметті төраға» деген мәртебесімен қала беретінін мақтанышпен жеткізді.
Иә, асыл аналардың ізін жалғаған, отбасының тірегі болған, ұлағатты ұстаз атанған Ақылия Бекбайқызының қоғам тұрақтылығы мен саналы ұрпақ тәрбиелеудегі табандылығы, расымен, бағалауға тұрарлық. Қажыр-қайратының арқасында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғалы бері бүгінгі күнге дейін Қарасай ауданында Аналар кеңесінің төрағалық қызметін абыроймен атқарды. Ізінен ерген талай аяулы аналарға, қыз-келіншектерге өнегеліктің үлгісін көрсете білді. Тіпті, апамыздың Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің тұңғыш «Ел анасы» деген мәртебелі атаққа ие болуы – оның осынау өлшеусіз еңбегіне берілген лайықты баға деп білеміз.
Сонымен бұл басқосуда Ақылия Бекбайқызы аудандағы Аналар кеңесінің төрағалық қызметін аманаттап ардагер-ұстаз Азиза Наимбаеваға табыс етті. Бұл кандидатураны көпшілік те қолдап, аудан әкімі бастаған ақсақалдар мен аналар қауымы үлкен сенім білдірді. Сондай-ақ бұл жиында аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағалық міндеті де талқыға салынды. Қариялар алдындағы бұл жауапкершілік қызметті алдағы уақытта Сағындық Жылқыбаев атқаратын болды. Оған да көпшілік қолдау танытып, сәттілік тіледі.
Жиын соңында Алматы облысы ішкі саясат басқармасына қарасты Қоғамдық келісім және даму орталығының басшысы Елбосын Абайдың атынан Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай бірқатар қарасайлыққа Алғыс хаттар берілді. Бұл марапаттарды аталған орталықтың өкілі Нұрсұлтан Шораұлы салтанатты түрде табыс етті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

