Мамыр айының 10-ы күні елімізде мектеп қабырғасында алған он бір жылдық білімді қорытындылап, шәкірттердің кемелдігін сынайтын маңызды да шешуші кезең – Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) науқаны басталған болатын. Қазіргі уақытта Қарасай ауданының жас өрендері осынау жауапты сынның бірінші кезеңінен сүрінбей өтуде. Алғашқы күндерден-ақ бағы мен бабы қатар шапқан оқушыларымыз тамаша нәтижелер көрсетіп, аудан қоржынына толымды табыстар салып үлгерді. 10-сыныптан бастап жүйелі әрі мақсатты түрде белсенді дайындалған білімді жастар жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, аудан мерейін асқақтатуда.
Биылғы үлкен доданың ең жоғары және айрықша нәтижесін Жамбыл ауылындағы №2 орта мектептің түлегі Аруназ Болатхан бағындырды. Ол мүмкін болған 140 баллдың 139-ын еншілеп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл – тек бір мектептің ғана емес, бүкіл Қарасай ауданының мерейін тасытқан үлкен жетістік.
Сонымен қатар білім бәйгесінде оқ бойы озық шығып, жоғары нәтиже көрсеткен өзге де түлектердің есімін мақтанышпен атап өтуге болады. Мәселен, Н. Әлімқұлов атындағы орта мектептің оқушылары Аружан Шамшырақ пен Ақбота Қалдыбай және Қарасай батыр атындағы орта мектебінің түлегі Динара Мырзахмед – 137 балл, Шамалған ауылындағы орта мектептің дарынды шәкірті Кәусар Қизат – 136 балл, Қарасай батыр атындағы орта мектептің оқушысы Әсем Зарипова – 134 балл, А.Байжанов атындағы орта мектептің мақтаныштары Айгерім Эмирова және Асхат Набатов 132 балл жинады.
Бұл көрсеткіштер – ауданымыздағы білім сапасының жүйелі түрде артып келе жатқандығының айқын дәлелі.
Ұлттық бірыңғай тестілеу әлі де өз мәресіне жеткен жоқ, сынақтар алдағы уақытта да жалғаса береді. Сол себепті, алдағы күндері бұл үздіктер тізімі одан сайын ұлғайып, жаңа есімдермен толыға түсетініне сеніміміз мол. Аудандық білім бөлімі мен мектеп ұжымдары қалған түлектердің де сынақты сәтті тапсыруы үшін барлық жағдайды жасауда.
Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша Қарасай ауданында барлығы 4130 түлек жалпы орта білім туралы аттестат алып, үлкен өмірге жолдама алды. Осынау үлкен шоғырдың ішінде болашағын жоғары біліммен байланыстырып, еліміздің белді жоғары оқу орындарында білім алуды мақсат тұтқан 3609 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін ресми түрде тіркелген болатын. Бұл көрсеткіш аудан жастарының білімге деген жоғары әлеуетін көрсетеді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

