Қарасай ауданының орталық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары басталғалы жарты жылдай уақыт өтті. Мұндағы құрылыс қарқынына көз жеткізу мақсатында жақында медициналық мекемеге арнайы барып, назардағы нысанның жай-күйін көріп қайтқан едік. Байқағанымыздай, мердігер мекеменің мамандары әкімшілік мекеменің сыртқы жұмыстарын аяқтап, ішкі әрлеуіне кіріскен екен. Одан бөлек негізгі ғимаратта да жөндеу жұмыстары басталыпты.
Құрылыстың жалпы жағдайын білу үшін аурухана директоры Бауыржан Сатыбалдымен тілдесіп көрдік. Бас дәрігердің айтуынша, осы айдың басында стационар бөлімінде демонтаж жұмыстары басталды. Осыған байланысты мұндағы қызмет көрсету Үшқоңыр ауылында жүзеге асырылады.
– Қазіргі уақытта әкімшілік, емхана, әйелдер мен балалар кеңесінің және аз әзірлейтін блок ғимараттарында ішкі қабырғаларын бұзу жұмыстары аяқталып, оларды жаңаша қалыпқа келтіру басталды. Одан бөлек маусым айының басында стационар бөлімінде күрделі жөндеу басталғандықтан, мұндағы дәрігерлердің барлығы Шамалған ауылындағы ауруханаға ауыстырылды. Медициналық қызметтер осы мекемеде көрсетіледі.
Сонымен қатар емхананамыз Қаскелең қаласындағы Абай көшесі, 50 «б» мекенжайына уақытша ауыстырылған болатын. Жоспар бойынша осы жылдың қыркүйек айында өз емханамызда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Сол кезде дәрігерлер қайтадан өз орнына келіп, қызметтерін жалғастырады, – деді Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аурухананың басшысы.
Аурухана аумағындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл мекемеде бірнеше өзгеріс күтілуде. Атап айтқанда, ота жасау бөлімі заман талабына сай өзгертілсе, емханада «Үздік тәжірибе орталығы» құрылу жоспарлануда. Сонымен қатар дәріхана жеке бөлімше болып ашылады. Яғни ол жерде дәрі-дәрмектер керекті мөлшерде ғана дайындалады. Ал бұл мекеме қаржысын 30%-ға дейін үнемдемек.
Аурухана директоры Бауыржан Нұрланұлының сөзіне сүйенсек, жоспар бойынша күрделі жөндеу жұмыстары толығымен осы жылдың соңында аяқталады.
Айта кетейік, Қарасай аудандық орталық ауруханасы 1974 жылы қолданысқа берілген. Осыдан 10 жылдай уақыт бұрын жай жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі күрделі жөнделуі барлық ғимаратында жүзеге асырылады. Оның негізгі мақсаты – мекеменің инфрақұрылымын жаңғыртып, халыққа сапалы қызмет көрсету деңгейін арттыру.
Ал осы қайта жаңғырту жұмыстарының тапсырыс берушісі – Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы. Жобаға республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Құрылысына жауапты мердігер мекемені анықтау мақсатында конкурс өткізіліп, нәтижесінде «AK Construction Company» ЖШС анықталған.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

