Қазақстанның медицина саласында өз әріптестерінің арасында ерекше құрметке ие болып, біразына кәсіби маман ретінде қанат қағуына септігін тигізген ұлағатты ұстаздар аз емес. Солардың ішінде Қарасай ауданының мақтанышына айналған, ұзақ жылдар бойы акушер-гинеколог болып абыройлы еңбек еткен Балапан Шаудированы ерекше атап өтуге болады. Ол өзінің еңбек жолында әріптестерінің арасында ең білікті, аса ауыр жағдайдағы жүкті әйелдердің өмірін арашалап, күрделі оталарды сәтті жасаған бірегей маман ретінде танылды. Бүгінде Балапан апай бейнеттің зейнетін көріп, немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатса да, оның қалыптастырған мектебі әлі де өміршең. Шәкірттері мен әріптестері жұмыс барысында сын-сағаттарға тап болғанда тәжірибелі дәрігермен ақылдасып, ота жасау бойынша шеберлік сағаттарын өткізуге шақырып тұрады. Бұл Балапан Шаудированың өз мамандығының нағыз шыңына шыққан, орны толмас бірегей тұлға екендігінің айқын дәлелі.
Жыл сайын елімізде маусым айының үшінші жексенбісі тойланатын Медицина қызметкерлері күні қарсаңында өмірлік миссиясын ана мен баланың өміріне араша түсуге арнаған ардақты дәрігер Балапан Шаудированың ерен еңбегін құрметпен атап өткенді жөн көрдік.
Жас маманнан медицинаның акушер-гинекология бағыты бойынша елеулі еңбек еткен, сирек кездесетін нағыз кәсіби маманға айналған, талай ана мен баланың алғысына бөленген ардагер дәрігер Балапан Шаудирова бұл салаға «өз таңдауыммен емес, тағдырдың қалауымен келгенмін» дейді. Нақтырақ айтқанда, ол кісінің бала күнгі арманы мүлдем бөлек болған. О баста Шығыс тілдері институтына оқуға түсіп, бірнеше тілде еркін сөйлейтін халықаралық деңгейдегі аудармашы, тіл маманы атанғысы келген.
– Негізінен мен жастайымнан бірнеше тілді еркін сөйлейтін аудармашы болғым келетін. Десе де, өмірде бәрі біз қалағандай бола бермейді ғой. Мектепті аяқтап, қолыма аттестатымды алған соң, болашағымды қандай мамандықпен байланыстырғым келетіні жайлы біраз ойландым. Сөйтіп жүргенде тағдыр жолы мені Өзбекстанның Әндіжан облысында орналасқан әйгілі Әндіжан мемлекеттік медицина институтына алып келді. Тіл білімінен қол үзіп, емшілік өнерге бет бұрдым. Алғашқы курстарда аурулардың алдын алуды, емдеуді және медициналық оңалтуды жүзеге асыратын физиотерапевт боламын деп ойлайтынмын. Алайда саладағы болашақ бағытымызды айқындайтын алтыншы курсқа келгенде, менің өмір ағысым тағы да басқа арнаға бұрылды. Сол жылдары елде акушер-гинекологтардың тапшылығы қатты сезіліп, жас студенттердің бәрін сол бағытқа жіберді. Осылайша, мен акушер-гинекология саласына келдім, – деп еске алды кейіпкеріміз.
Қиындығы мен жауапкершілігі қатар жүретін медициналық жоғары оқу орнын ойдағыдай бітіріп шығу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ол үшін берік мінез, шексіз шыдамдылық пен кәсіби бейімділік қажет. Бойында осындай асыл қасиеттері бар Балапан Шаудирова оқу орнының барлық сатыларынан сүрінбей өтіп, білікті маман ретінде танылды. Оның кәсіби тұрғыдан тез қалыптасуына білім ордасындағы білікті ұстаздары үлкен септігін тигізді.
– Маған институттағы ұстаздарыммен жолым болды. Олар өз саласының нағыз майталмандары еді. Әсіресе, алтыншы курста бізге сабақ берген Ольга Ефимовна деген кісі маған акушерліктің бүкіл қыр-сырын үйретті. Тіпті, өзі жазған акушерлік туралы құнды кітабын маған естелікке сыйға тартты. Сондай-ақ анестезиолог ағайымыз бізге теорияны тәжірибемен ұштастырып, күрделі оталарды қалай жасауды көрсетті. Ол кездері «әр дәрігер тек бір бағытты ғана білуі керек» деген тар түсінік болған жоқ. Тәжірибелі ұстаздарымның арқасында мен алтыншы курстың өзінде-ақ түсік тастау секілді күрделі медициналық жағдайларда жедел көмек көрсетуді жақсы меңгеріп шықтым, – дейді ақ халатты абзал жан ұстаздарына деген ризашылығын жасыра алмай.
Қолына дипломын алған жас маманның үлкен өмірге жолдамасы 1972 жылы басталды. Ол өзінің интернатурадан өткен Нүкіс қаласындағы орталық перзентханаға акушер-гинеколог болып жұмысқа орналасты. Екі жылдан кейін аудандық ауруханаға ауысты. Дәл осы қасиетті қара шаңырақ жас дәрігер үшін нағыз шыңдалу мектебіне айналды.
Перзентхана қабырғасында ол институтта алған теориялық білімін іс жүзінде дәлелдеді. Күн-түн демей, жүкті әйелдердің денсаулығын бақылап, ең ауыр әрі қауіпті жағдайда түскен аналардың өмірін арашалап қалды. Өз бағытындағы күрделі хирургиялық оталарды сәтті жасау арқылы өзінің кәсіби біліктілігін жыл санап арттырды.
1994 жылы өміріндегі елеулі өзгерістерге байланысты Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласына қоныс аударған Балапан Шаудированың жаңа тынысы осы өңірмен тығыз байланысты болды. Осы жылы алғашқы қадамын Шамалған ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда акушер-гинеколог қызметінен бастады. Көп ұзамай-ақ оның кәсіби біліктілігі жоғарылап, Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасына қарасты перзентхананың жүктілер патологиясы бөліміне ауысты. Аталған қара шаңырақта адам жанының арашасы бола жүріп, 20 жылға жуық табан аудармай, өнімді қызмет атқарды.
Ол тек қатардағы білікті дәрігер ғана емес, дүрбелең сәттерде сабыр сақтап, шешім қабылдай алатын, ең күрделі жағдайдағы жүкті әйелдерді босандыру мен шұғыл оталарды жасау кезінде бірінші кезекте шақырылатын аудандағы санаулы екі маманның біріне айналды.
Бүгінде ұстаздың мектебінен өтіп, өздері де кәсіби биіктерді бағындырған әріптестері мен шәкірттері Балапан Шаудированы әлі күнге дейін ерекше құрметтейді. Олардың айтуынша, тәжірибелі ардагер дәрігердің сол жылдары небәрі 15-20 минуттың ішінде асқан шеберлікпен аяқтайтын оталарын бүгінгі мамандар кем дегенде 30-40 минут бойы орындайды екен. Бұл көрсеткіш – уақытпен жарысқан сәтте талай ана мен баланың өмірін аман алып қалуға септігін тигізген ерен еңбектің айқын дәлелі.
Акушерлік қызметтегі қиын жағдайлар мен шұғыл шешімдер – әрбір дәрігердің кәсіби жолындағы ажырамас сынақ. Ана мен баланың өмірі қыл үстінде тұрған сәтте секундтар ішінде тағдыршешті қадам жасауға тура келеді. Талай сәбидің өмірге келуіне көмектескен білікті маман Балапан Шаудированың кәсіби жолындағы естеліктері осы бір қиындығы мен қуанышы аралас мамандықтың шынайы болмысын ашып көрсетеді.
– Енді ғана жұмыс істей бастаған алғашқы жылдарымда ауылдағы бір жүкті әйелдің босанайын деп жатқандығы туралы хабар түсіп, мені шұғыл шақыртумен жіберді. Барсақ, науқаста ең қауіпті асқыну – амниотикалық сұйықтық эмболиясы басталып кеткен екен. Өкінішке орай, заманауи медицинаның өзінде өлім көрсеткіші өте жоғары бұл қатерлі дерттің тым жылдам дамығаны соншалық, қажетті медициналық көмекті көрсетіп үлгере алмадық. Бұл қайғылы жағдай маған өте ауыр тиді. Екі күн бойы көз жасымды тыя алмадым. Содан бері қанша жыл өтсе де, сол сәт әлі күнге дейін есімнен шыққан емес.
Дәл осы қауіпті дертпен байланысты тағы бір оқиға жадымда ерекше сақталып қалды. Ол кезде мен Қарасай аудандық перзентханада жұмыс істейтінмін. Патология бөліміне 30-35 жас шамасындағы бір әйел түсті. Бір күні басқа емханадағы отаны аяқтап келгенімде акушер маған әлгі әйелдің толғағы басталғанын хабарлады. Қарасам, жағдайы тым нашарлап, амниотикалық сұйықтық эмболиясына асқынып кетіпті. Сол сәтте қасымызда көмекке келетін басқа дәрігерлер болмады, тіпті ассистентсіз жұмыс істеуге тура келді. Амалдың жоқтығынан тәуекелге бел буып, отаны жалғыз өзім бастап кеттім. Аллаға шүкір, ота сәтті өтті. Нәтижесінде ананың да, баланың да өмірін аман алып қалдық. Қазір ойлап отырсам, сол кезде дүниеге келген сәбидің жасы отызға таяп та қалған шығар, – деп Балапан апай жұмыс кезіндегі ерекше сәттерді есіне алды.
Әріптестері оның кәсіби шеберлігі туралы толғана отырып, Балапан Шаудированың аудандағы ең мықты, өз ісіне адал екі акушер-гинекологтың бірі болғанын мақтанышпен жеткізеді. Перзентханаға жүкті әйел өмір мен өлім арасында, мәселен, қатты қан кетіп немесе акушерліктегі ең қауіпті асқыну саналатын қағанақ суының эмболиясы сияқты аса ауыр патологиямен түскенде, ең алдымен осы кісіге жүгінетін. Жағдай қаншалықты қиын, уақыт тығыз болса да, ол ешқашан аспай-саспай, өзіне тән жылылықпен «чуть-чуть, чуть-чуть» деп қойып, айналасына сенімділік ұялатып, отаны сәтті аяқтап шығатын. Сонымен қатар бүгінгі дамыған заманның өзінде ананың денсаулығына ешқандай зақым келтірмей, түсік тастау отасын дәл сол кісідей жылдам әрі асқан ұқыптылықпен жасай алатын мамандар некен-саяқ. Сондықтан да ардагер дәрігер бүгінде зейнет жасында болса да, оның алтын қолдары мен мол тәжірибесі әлі де сұранысқа ие. Аурухана ұжымы жас мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында оны арнайы шеберлік сағаттарын өткізуге шақырып тұрады екен.
Білікті маманның тағылымды мектебінен өтіп, бүгінде медицина саласының майталманына айналған шәкірттерінің қатары жетіп артылады. Тәжірибелі дәрігер, білікті ұстаз Балапан Шаудированың қол астынан тәрбиеленіп шыққан, заманауи медицинаның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ақ халаттылардың есімін мақтанышпен атауға болады. Олардың қатарында бүгінде Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы директорының орынбасары әрі ана мен баланы қорғау бөлімінің меңгерушісі лауазымын абыроймен атқарып жүрген Гүлфира Жолдыбекқызы, аудандық перзентхананың тізгінін ұстаған білікті маман Мадина Қалиқызы бар. Сондай-ақ «DostarMed» көпсалалы медициналық орталығының акушер-гинекологы Гамиля Кеңесқызы, отандық ғылымның көшін ілгерілетіп жүрген медицина ғылымдарының докторы Зауре Маратқызы және Қарғалы ауданындағы перзентхананың меңгерушісі Жанна Болатқызы да ұлағатты ұстаздың ақыл-кеңесімен қанаттанғандар.
Балапан Шаудированың шеберлік сыныбынан тек гинекологтар ғана емес, хирургия саласының хас шеберлері де дәріс алған. Көп жыл бойы Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасын сәтті басқарып, өңір медицинасының өркендеуіне күш салған Мәулен Сансызбайұлы мен аталған аурухана директорының қазіргі орынбасары, есімі елге танымал, қабырғалы хирург Максим Стадниковтың өзі Балапан Шаудировамен бірге күрделі оталарға қатысқан. Олар тәжірибелі маманның жанында ассистент ретінде көмектесе жүріп, медицинаның ең нәзік әрі күрделі бағыттарының бірі – интимдік пластикалық оталарды жасаудың қыр-сырын, заманауи әдіс-тәсілдерін меңгерді. Бұл білікті дәрігердің тек өз ісінің шебері ғана емес, сонымен бірге соңынан сапалы кадрлар тәрбиелей білген ұстаз екендігінің айқын дәлелі деп білеміз.
Әлбетте, Балапан Шаудированың медицина саласындағы көпжылдық қажырлы еңбегі мен өлшеусіз үлесі ескерусіз қалған емес. Өзінің абыройлы еңбек жолында ол облыстық және жергілікті әкімдіктер тарапынан бірнеше мәрте Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталармен марапатталып, ел сеніміне ие болды.
Бүгінде Балапан апай бейнетінің зейнетін көріп отырған құрмет демалысындағы ардақты ардагер. Ол – марқұм жұбайы Жиенғали екеуі өнегелі тәрбие беріп өсірген, бүгінде Отан қорғау жолында жүрген әскери қызметкер, ұлы Тимурдан тараған төрт немеренің қызығына кенелген бақытты әже.
Өнегелі өмір жолымен айналасына сыйлы болған ардақты Балапан Шаудированы алда келе жатқан мерекесімен құттықтай отырып, алдағы ғұмыры тек қуаныш пен қызыққа толы болсын деп тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

