Республикалық маңызы бар «Алматы – Бішкек» тас жолының 16-19 шақырымында, яғни, «Алтын Орда» базары маңындағы басталған жол құрылысы көпті алаңдатып жатқаны жасырын емес. 2017 жылы басталған бұл күре жолдың жұмыс қарқыны соңғы жылдары бәсеңдеп қалғандай. Алайда, 2020 жылдың соңғы айына дейін жоспарланған бұл құрылыс нысанына кедергі келтіріп жатқан жайттардың да бар екенін айта кеткен жөн. Мәселен, жол бойында екі бірдей жанармай құю бекетінің орналасуы негізгі себептердің бірі десек болады. Бүгінгі таңда олардың қожайындарымен келіссөздер әлі жүргізіліп келеді.
Ресми мәлімет бойынша ағымдағы жылға жоспарланған құрылыс-монтаждау жұмыстарына 117 жұмысшы мен 61 техника жұмылдырылған. Тағы бір айта кетерлігі, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты жолдың жөнделуі уақытша тоқтатылған.
Қазіргі таңда тас жолдың бойында белгілінген нысанның барлық бөлігінде құрылыс қарқыны қайта жалғасуда. Әсіресе, «Асыл арман» тұрғын үй кешені мен «Алтын орда» базарының маңайындағы жанданып келеді. «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Нұрхат Ақылтаевтың айтуынша, 2020 жылдың соңына дейін асылармандықтар мен базар маңынан өтетін жаяу жүргіншілерге арналған екі аспалы көпір орнатылады. Сонымен қатар, бас магистраль бойындағы эстакада мен таға тәрізді айналма эсткадасының 6-шы тіреуі тұрғызылатын болады.
Міне, тас жолдың төңірегінде жүзеге асып жатқан жұмыстар осылай жалғасуда. «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ өкілінің айтуынша, бір жарым жылдың ішінде, яғни, 2021 жылдың соңына таман «Алматы – Бішкек» тас жолының кеңейтілген көрінісі көпшілікке таныстырылады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.