Базарды барласақ күн сайын бағаның құбылғанын байқаймыз. Оның ішінде өзге елдің нарығына тәуелді болып тұрған тауарлардың қымбаттап жатқанын айтпасқа тағы болмас. Жақында ғана қанттың шарықтағаны ел арасында талай дау туғызды. Артынша басқа да күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасының тұрақсыздығына әсер етті. Әрине, қалтаға салмақ салатын қымбатшылыққа Үкімет тарапы бей-жай қарамай отыр деген сенім бар. Десе де тұрақсыз бағаға тұсау салу қиынға соғуда. Жалпы осындай жайттардың орын алуы, ел экономикасының тербелуі Ресейге салынып жатқан санкцияның әсерінен болуы мүмкін деген болжам бар. Бұған қатысты сарапшылардың пікірі екіге бөлінген. Бірі Қазақстанның сыртқы нарығына мүлдем қатысы болмайды десе, басқалары кейбір жетекші салалардың дамуын тежеуі мүмкін деген ортақ ой айтуда.
Жалпы елдегі нарықта өзгеріс болып жатқаны түсінікті. Оған Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың нақты қатысы бар деп айтудың өзі қисынсыз. Ол жайында экономиканың жай-күйін түсінетін зерттеушілер баға беретіні рас. Осы ретте ауданымызда орналасқан СДУ-дің доценті, экономика ғылымдарының PhD докторанты, зерттеуші-профессор Есенғали Өскенбаевтің пікірін білуді жөн санадық. Ресейге салынып жатқан санкцияның салқыны Қазақстанға қаншалықты әсер ететінін сұрадық.
– Көршілес Ресейге салынып жатқан санкциялардың біздің елімізге қаншалықты әсері боларын болжап айтудың өзі қиынға соғады. Неге десеңіздер, дәл мұндай жағдай бұрын болмаған. Ал қазіргі таңда Батыс елдері Ресейге барлық мүмкін болатын санкцияның барлығын қолдануда. Біздің ел негізінен энергия ресурстарының экспортына тәуелді. Сондықтан экономикамыздың жағдайына осы аталған ресурстардың бағасына, факторына тікелей байланысты. Ал оның құбылуы қандай болатынын дөп басу айту қиын, – деді СДУ оқытушысы.
Алайда экономист Ресейге салынған санкцияның елімізге тигізер оңтайлы тұстары бар екенін түсіндірді. Оның айтуынша, осыған дейін мұнайды да, астықты да орыс халқының шекарасы арқылы өткізуші едік, енді ондай мүмкіндіктің жоқтығы басқа альтернативті жолды қарастыруға жол ашады.
– Ауыл шаруашылық өнімдерін, энергия ресурстарын Ресей арқылы өткізе алмауымыз, бұл осы өнімдердің бағаларын өзгертуіне ықпал етуі мүмкін. Яғни, әлемдік нарықтарда оларды қымбатқа сатуымызға болады. Сонымен қатар, көршілес елдің санкциясының кесірінен әуе компаниялары ұшпайды. Алдағы уақытта каналдар Қазақстан арқылы өтуі ықтимал. Мәселен, тарихымыздан белгілі болған Ұлы Жібек жолы арқылы өтсе таңғалмаймыз, – деген Есенғали Өскенбаев санкцияның елімізге тигізетін пайдалы жақтарына да тоқталды.
Санкцияның салдары өзге елдерден келетін өнімдерге қатты үміт артуға болмайтынын ұқтырғандай. Бұл дегеніміз өзіміздің өндіріс ошақтарымызды дамыту керек дегенді білдіреді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.