Қазақ халқы ежелден ананы ардақтап, отбасының алтын діңгегі ретінде құрметтеген. Осы асыл құндылықты кейінгі ұрпаққа насихаттап, аналардың қоғамдағы рөлі мен өмір жолын дәріптеу мақсатында Алматы облысына қарасты Қарасай ауданында «Анаға құрмет» музейі жұмыс істеп келеді.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін мұндай рухани орталықтардың қатары артқанымен, бұл музейдің орны бөлек. Себебі аталған мәдени нысан Орталық Азиядағы ана мен әйел-затына, сондай-ақ олардың тарих пен қоғамдағы өнегелі рөліне арналған ғимараттардың бірі болып саналады. Бұл – әйелдердің тарихы мен тұрмыс-тіршілігін таныстырып, ана мен отбасы институтының маңызын дәріптеуге бағытталған бірегей мәдени орын.
Музейдің ашылуына профессор, қоғам қайраткері Бақыт Шпекбаеваның бастамасы негіз болған. Оның айтуынша, аналарға арналған музей ашу – жастық шағынан бері жүрегінде жүрген арманы. Осы ретте аталған рухани орталықтың негізін қалаушы Бақыт Жатқанбайқызымен тілдесіп, ерекше жобаның дүниеге келу тарихы мен музейдің қоғамдағы орны туралы әңгімелестік.
– «Анаға құрмет» музейін ашу идеясы қалай дүниеге келді? Бұл арман неден бастау алды?
– Бұл арманым студенттік кезімде басталды. Мәскеуде оқып жүргенде ондағы музейлердің көптігіне таңғалатынмын. Бір қалада төрт жүзден астам музейдің жұмыс істейтінін көріп, «Неліктен Қазақстанда да осындай ерекше музейлер көп болмайды?» деген ой мазалайтын. Ол кезде еліміз бойынша екі жүзден сәл ғана асатын музей бар еді. Елге оралғаннан кейін сол бала күнгі арманымды жүзеге асыру үшін экспонат жинауды бастадым. Бірақ жай ғана музей емес, халқымыздың рухани құндылығын дәріптейтін, ана бейнесін ұлықтайтын ерекше мәдени орталық ашқым келді. Бұл жоба мен үшін тек қоғамдық бастама емес, анама деген сағыныштан туған перзенттік парыздың көрінісі болды.
– Мұндай ауқымды музейді құру барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
– Ең үлкен қиындық адамдарға идеяның маңызын түсіндіру болды. Алғашында көпшілік аналардың күнделікті қолданған заттарын музейге өткізудің қажеттілігін түсіне бермеді. Сондықтан қай жерде болсам да зиялы қауыммен кездесулерде, ғылыми жиындарда, тіпті той-думандарда да осы жоба туралы айтып, оның мәнін түсіндіруден жалықпадым. Уақыт өте келе пікірлес азаматтар көбейді. Қолдаушылар табылып, жобаға сенім артқан жандардың арқасында жұмысымыз алға басты. Осылайша халықтың ортақ қолдауымен музейдің іргесі қаланды.
– Музей қорындағы жәдігерлер қалай жиналды? Өзіңіз ерекше бағалайтын экспонаттар бар ма?
– Музей қоры еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған құнды жәдігерлермен толықты. Әр өңір өз үлесін қосты десем болады. Батыс Қазақстаннан киіз үй келсе, шығыс өңірінен әжелеріміздің көне тұрмыстық бұйымдары жеткізілді. Алматы облысынан табылған археологиялық қазбалар, Сауран қалашығынан табылған қыш құмыралар да музейіміздің бағалы экспонаттарының қатарында.
Ал өзіме ерекше ыстық дүниелердің бірі – VIII–X ғасырларға жататын маржан мен коралл моншақтар. Әйел адам болғандықтан, сол дәуірдегі қыз-келіншектердің әсемдікке деген талғамына сүйсінемін. Осындай әшекейлерге қарап отырып, қазақ әйелдерінің сұлулықты бағалай білген мәдениеті мен эстетикалық танымының тереңдігіне тағы бір мәрте көз жеткізесің.
– Сіздің ойыңызша, «Анаға құрмет» музейінің басқа музейлерден басты ерекшелігі неде?
– Бұл музейдің ерекшелігі – оның тікелей ана тағдырымен байланысында. Мұнда аналардың қолданған бұйымдары, өмір жолын айғақтайтын жәдігерлер сақталады. Көпшілік өз анасының көзі тірісінде пайдаланған заттарының далада қалып кетпей, келер ұрпаққа жеткенін қалайды. Сол себепті халық өз еркімен экспонаттар әкеліп, музей қорын толықтыруға атсалысып келеді. Бұл – музейдің халықпен бірге жасалып жатқандығының айқын дәлелі.
– Мәдени орталық арқылы жастарға қандай құндылықтарды жеткізуді мақсат етесіз?
– Ең алдымен, жастар аналардың еңбегін бағалай білсе екен деймін. Бұрынғы қазақ аналары өте сабырлы, төзімді, еңбекқор болған. Қолөнермен айналысып, әр дүниені өз қолымен жасаған. Қазіргі жастар да телефон мен әлеуметтік желіге ғана тәуелді болмай, ұлттық қолөнерді меңгеріп, өзіне пайдалы хоббимен айналысса деген тілегім бар. Себебі еңбек пен өнер – адамды тәрбиелейтін үлкен мектеп.
– Музей ашылғаннан бері өзіңізді ерекше толқытқан оқиға болды ма?
– Әрине, мұндай сәттер аз емес. Соның ішінде ерекше есте қалғаны – Халық қаһарманы, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевтың музейге келуі. Ол кісі анасының көзінің қарашығындай сақтап келген заттарын музейге табыстап тұрып, көзіне жас алды. Сол сәтте бұл музейдің адамдар үшін қаншалықты маңызды екенін жан-тәніммен сезіндім.
Тағы бір әсерлі кездесу – Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовпен болған жүздесу. Ол кісі жастарға анасы туралы тебіреніспен әңгімелеп, өзінің азамат әрі өнер иесі болып қалыптасуындағы анасының еңбегін ерекше ықыласпен жеткізді. Осындай кездесулер музейдің басты миссиясын айқындай түседі.
– Бір ауыз сөзбен айтқанда, Сіз үшін «ана» деген кім?
– Ана – сарқылмас дастан. Мен үшін ана – өмір бойы жүректен өшпейтін қасиетті ұғым. Мен анамнан ерте айырылдым. Бірақ өмірдегі әрбір жетістігімді анама арнаймын. Іштей «осыны көрсе ғой», «осы еңбегім анама есеп болсын» деп ойлаймын. Сондықтан бұл музей – халқымыздың аналарына деген құрмет қана емес, өз анама деген сағынышымның да жемісі. Ана алдындағы парыз ешқашан бітпейді. Ал осы музей сол парыздың бір өтеуі деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
«Анаға құрмет» музейінің директоры
Гүлнар ӘБІШ.

