«Талаптан да білім мен өнер үйрен, білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл», – деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтпақшы білімді, саналы пенденің дәрежесі де, атағы да үнемі асқақ болмақ. Адам баласы дүниеге келгенде Жаратушы бәріне бірдей сана, таза ми береді. Уақыт өте келе әркім осы санасын түрлі бағытта дамытады. Бұл даму жолында ата-аналары мен мұғалімдері балаға түзу жол көрсетсе, мектепте алған білімі өмір бойына азық болары хақ. Неге сөзімізді білімді адам деген тіркеспен бастадық? Себебі мектеп қабырғасында барлық оқушыға бірдей білім берілгенімен, сол ақпарат көзін бойына сіңіріп, жақсы нәтиже көрсететіндер аз. Дегенмен берілген білімді бойына сіңіріп, ата-анасы мен мұғалімдерінің мақтанышы болатын оқушылар да бар.
Биылғы жылы мектеп бітіруші түлектердің ішінде Алматы облысынан 28 оқушы халықаралық олимпиадаларға қатысып, грант иегері атанды. Осылайша олар ҰБТ тапсырмайды. Аталған үздіктердің ішіндегі 13 оқушы – Қарасай ауданынан шыққан түлектер. Олардың бірқатарымен жақында сұхбаттасып, өздері туралы ақпарат алған болатынбыз.
Мұсахан Айсере Ерсінқызы. Чехия мемлекеті, Прага қаласы
2007 жылы Алматы қаласында туған. Әкесі Ерсін мен анасы Назгүлдің тәрбиесін алған ол бала күннен жан-жақты болып өскен. Құрманғазы атындағы музыкалық мектепті үздікке тәмамдаған Айсеренің өнерге аса қызығушылығы бар, әсіресе скрипка, пианино ойнағанды ұнатады. Ол №188 мектеп-гимназияның 9 сыныбын үздікке бітіріп, ата-анасымен бірге Қырғауылды ауылына көшіп келген. Осы жердегі орта мектепте 10,11 сыныпты үздік аяқтап, алтын белгі иегері атанды. Өзінің мінезінің ашық, жайдары, жан-жақты болғандығының арқасында ортасына тез сіңісіп кеткен Айсере Ерсінқызы қазіргі таңда орыс, ағылшын, чех тілдерін жетік меңгерген. Чехия еліндегі Карлов университетіне грант ұтып алуына да тіл білгені көп септігін тигізген. Әрбір бастамасын ата-анасы қос қолдап қолдайтын Айсере өзінен кейінгі жастарға, үлкендерге құрмет көрсетіп, асқақ арманынан адаспау керектігін айтады.
Жанәділ Арубике Бекқызы. Италия мемлекеті, Пизан қаласы
Арубике екі ағасының гүлі, сіңілісінің қорғаны болып жүрген, көпбалалы отбасыдан шыққан Алмалыбақ ауылының тұрғыны. Анасы Айнұрдан білімді болу, ал әкесі Бектен тәрбиелі тәртіпті болу ұғымын сіңіріп өскен ол «Тәрбиесіз берген білім, адамзаттың қас жауы» деген нақыл сөзді әкесінің жиі айтатының мәңгі есінде сақтаған. Бала күннен түрлі үйірмелерге қатысып, жан-жақты болып дамып өскен. Сондықтан да үнемі елдің алды болуға, жақсы ортаны таңдауға ұмтылған. Елдің алды болуға ұмтыламын деген ұғымға қатысты Арубике Жанәділ өзінің мына бір қызықты оқиғасымен бөлісті. «Барлық мектеп сияқты біз де соңғы қоңырауға арналған вальс биіне екі ай бойы дайындық жасадық. Барлығы 60 бала билейтін дайындық кешінде мені жұбыммен бірге соңғы қатарға тұрғызып қойды. Оқушы саны көп болғандықтан мен ең артында дұрыс көрінбей қалатынымды және мерекеге ата-анам мен 80 жастағы әжем келетінін, сол себепті де мен алдыңғы қатарда билеуім керектігін ұстаздарыма,сыныптастарыма түсіндіргеніммен ештеңе шықпады. Кейін анаммен сөйлескенде ол кісі маған: «Егер өзіңе сенімді болсаң аяғыңды нықтап бас», – деген сөзі жігер беріп, өзімнің кәсіби жақсы билей алатыныма толық сенімді болдым да, дәл сол соңғы қоңырау күні ешкіммен ақылдаспай жұбыммен бірге ең алдына тұрып билеп шықтым. Осы оқиғадан кейін маған кейбір сыныптастарым және олардың ата-аналары ренжіп, тіпті араласпай кетті. Бірақ мен мойымаймын, себебі өз мақсатыма ешкімге зиянымды тигізбей жеттім ғой», – деді ол.
Решетова Томирис Михайловна. Кипр
Томирис бала күнінен атына заты сай өжет, ақылды, жан-жақты қыз болып өскен. Ол шетелге оқуға түсуді, ешкімге тәуелді болмай өзін-өзі асырай алатын дәрежеге жетуді бала күннен армандаған. Оның бұл бала арманын орындауға ата-анасы үлкен қолдау көрсетіп, соның нәтижесінде шет мемлекеттегі оқу орнына грант ұтып отыр. Томирис Решетованың айтуынша, мақсаттары мен армандары туралы айтқанды ұнатпайды. «Бірақ бес жылдан кейін мен алдыма қойған мақсаттарымды орындаймын және өзімнің жеке кәсібім болады»,– дейді ол. Дәл Кипр елін таңдаудағы басты мақсаты – шетелге оқуға түсу үшін 12 жылдық мектеп бағдарламасын бітіру керек, ал Томирис таңдап отырған елде, ол өзінің тағы бір жылдық оқуын алаңсыз жалғастыра алады екен. Оның негізгі мақсаты – өзіне сену, ойларынан бас тартпау, тіл үйрену, әсіресе ағылшын тілін жетік білу.
«Бір жылдан кейін өзіңе осы істі бастағаның үшін рақмет айтатын боласың, сондықтан тоқтама», деген нақыл сөз Томириске жігер береді, оның жетістікке жетуі үшін септігін тигізбек.
Овсянников Максим Александрович.Кипр
Максим әкесі мен анасы, және ағасы төртеуі тұрады. Оған алғаш шетелге оқуға түсу туралы ой оқу жылы басталмай тұрып келген екен. Анасымен ақылдасқан кезде оны бірден қолдаған, сол үшін де анасына үлкен алғыс білдіреді. «Анамның қолдауының арқасында және спорттың баскетбол ойынына кандидат болуымның нәтижесі Кипр еліндегі оқу орнына грант ұтып алуыма септігін тигізді. Менің басты мақсатым – өзіме ұнайтын сүйікті жұмысымды тауып, сол арқылы қаржылай тәуелсіздікке қолжеткізу. Менен кейінгі жастарға айтқым келетіні, барынша өздеріңді дамытуға тырысыңдар. Әлем сондай үлкен, бастысы өз-өздеріңе шынайы болып, болашаққа деген нақты жоспармен қадам басу керек. Әр адам шешім қабылдаған кезде өмірінің бағытын таңдайды. Сондықтан да шешім қабылдар сәтте қателеспейтіндей, өкінбейтіндей таңдау жасап, мақсаттарға қол жеткізу керек», – деді Максим.
Орынбасар Аида Мұратқызы. Индонезия мемлекеті, Джакарта қаласы
Анасы мұғалім, әкесі мемлекеттік қызметші болып жұмыс істейтін Аида Мұратқызы – үйдің үлкені. Өзінен кейін Аяла есімді сіңілісі мен Алинур есімді інісіне үлгі болып жүрген қарасайлық ару бала күнінен алғыр, зерек болып бойжеткен. Аиданың айтуынша, үйдегі ең сабырлы адам өзі, сонымен қатар басқарушылық қабілеті бар.
«Нақты айта кетсем, өзім спорттың волейбол түріне қатты қызығам. Тіпті хоббиім деп айтсам да болады. Волейбол командасының капитаны болғанмын. Өзім жайлы қызықты бір ақпарат айтар болсам, мен ерте ұйқыға жатамын, бірақ кеш тұрамын», – дейді ол. Аиданың өмірлік мақсаты – жалқаулықтан алшақ болу, білім алуға ерінбеу, өзін жан-жақты дамыту.
Ахметов Әлішер Қанатұлы. Италия мемлекеті, Павия каласы
Әкесі Қанат пен анасы Жанардың тәрбиесінде болған Әлішердің шетелге оқуға түсуіне әпкесі Айша көмектесіп, қолдаған. Бала күнінен алғыр, зерек, түрлі заттарға қызығушылықпен танытып өскен жігіт, осы қабілеттерінің арқасында әлемді басқа қырынан көріп, ел қабылдай алмайтын қиын шешімдерді қабылдаудың әсерінен үнемі жетістіктің туын ұстап келетінін жеткізді. Әлішер Қанатұлымен әңгімелескен кезде өзінің жеке уақытын былай пайдаланатынын айтты: «Бос уақытымда компьютермен жұмыс істегенді, спортзалға барып жаттығу жасағанды ұнатамын. Бірақ соңғы уақыттарда оқуға дайындалып жүрген соң қолым тимей кетті. Сонымен қатар жаяу серуенді және ас үйде тағам пісіргенді ұнатамын. Кейде торт, бәліш, кекс жасаймын. Менің басты мақсатым – шетелдегі оқуымды жақсы аяқтап, елге оралып, мықты маман болып қызмет жасау. Әрине қаржылай тәуелсіз болып, ата-анама жақындарыма көмек бергім келеді», – дейді ол.
Аман Балнұр Нұралықызы. Греция мемлекеті, Афина қаласы
Көпбалалы отбасыда тәрбиеленген Балнұр өзінен кейінгі үш сіңілісіне үлгі. Кішкентай кезінде өз айтқанынан қайтпайтын қырсық, ал кейде керісінше ақкөңіл айналасына ашық бойжеткен болған. Қазіргі таңда осы жақсы қасиеттерінің бәрі әлі де сақталған. Кейіпкеріміздің айтуынша, 8 сынып оқып жүргенде IQanat олимпиадасына қатысып, үшінші кезеңіне өткен және сол қордың мүшесі болған.
«Ол жердегі оқушылардың барлығы өте дарынды, ойлау қабілеттері ерекше болды, сол ортаның және осы орталықтың арқасында, менің шетелге оқуға түсем деген мақсатым пайда болды. Негізі айтқанда менің шетелде грант жеңіп алуыма IQanat қорындағы жандар үлкен үлесін қосты, сол үшін рақметімді айтамын», – дейді ол. Балнұр Нұралықызының басты мақсаты – тек осы елде ғана шектелмей, әлемнің барлық мемлекеттеріне барып білім алып, даму. Сонымен қатар, ол өзінен кейінгі жастарға мақсат қойып,күнін жоспарлауды ұсынады. Оның айтуынша, армандардың орындалатын қасиеті бар!
Койекешова Мадина Нурланқызы. Түркия мемлекеті, Измир қаласы
Әкесі де, анасы да жеке кәсіппен айналысатын кәсіпкерлер отбасынан шыққан Мадина есімді қарасайлық аруымыз – үйдің үлкені. Оның өзінен кейін төрт сіңілісі және кенже інісі бар. Бала күнінен өте тұйық, жуас қыз болып өскен Мадина Нұрланқызы қазіргі уақытта керісінше ашық жайдары мінезге ауысқанын айтты. Ата-әжесі мен анасы оның біліміне үлкен көңіл бөліп, түрлі жарыстарға қатыстырған. Өзінің бос уақытында қыш-құмыра жасаумен және жаңа тіл меңгерумен айналысатынын жеткізді. Есептеп қарасақ, қазіргі уақытта орыс, ағылшын, түрік тілдерін жетік білсе, қосымша өзбек, араб тілдерін меңгеріп жүр екен. Әңгімелесу барысында өзінің шетелге түсуі туралы мынандай ақпаратпен бөлісті. «Мен тоғызыншы сыныпты аяқтағанда анам Түркия еліне саяхатқа апарды. Сол демалыс кезінде түрік халқына, оның дәстүрі мен мәдениетіне қызығушылығым артып, осы елге оқуға түсу менің басты мақсатыма айналды. Қазіргі таңда осы арманыма қол жеткізіп, қуанышым қойныма сыймай жүр. Мен өзімнен кейінгі жастарға айтарым болашақтарыңа үлкен мақсат қойып, соған жетуге тырысыңдар, себебі қалағаныңа қол жеткізу деген ол мүлде бөлек сезім екен», – деді Мадина Койекешова.
Жакел Нұрдәулет Бақытұлы Қытай. Сиань қаласы
Нұрдаулет – қарапайым отбасыдан шыққан, ағасы және әпкесінің ерке інісі. Ата-анасы Нұрдаулетті бала күннен қарапайымдылыққа, адамгершілікке тәрбиелеп өсірген. Бірақ басқа балалар секілді Нұрдаулеттің де бұзықтық қабілеті болған. Соған қарамастан ата-анасы оны орыс тілі сыныбына берген. Нұрдаулет қазақ тілді отбасында тәрбиеленсе де ата-анасының үмітін ақтап, орыс тілін меңгеріп шыққан. Нұрдаулетпен әңгімелескенде өзінің басынан өткен мынадай қызық оқиғамен бөлісті: «Мен жеті жасымда нағашыларымның ауылына жайлауға қыдырып барған кезімде үлкен көкем маған: «Нұрдәулет, мынау жайылып жүрген төрт түлік малдан қалағаныңды сұра» деген кезде: «Сасқанымнан түйе аламын», –дегенмін. Содан нағашым күліп, «Бар, ұстай ғой. Жиеннің сұрағанын беру керек», – деді.Мен ойымда ештеңе жоқ жүгіріп барып есектің қодығын ұстаппын, сонда әкем: «Түйе дегеннен кейін неге ботаны ұстамайсың?», – деп ұрысқаны бар», – дейді.
Сонымен қатар Нұрдаулет өзінің болашақтағы мақсатын да айтты. Оның арманы – қазақ елінің дамып өркендеуіне үлес қосу, сол үшін осылай шет мемлекеттерден білім жинап келу. Қытай елін таңдап отырған мақсаты да осы екенін атап өтті. Айта кететіні, Нұрдаулеттің шетелге оқуға түсуіне жездесі ақыл айтып, көп көмектескен екен.
Жанат Еркежан. Германия мемлекеті, Ганновер қаласы
Еркежанның әкесі – кәсіпкер, анасы – дәрігер. Отбасында тәрбиеленген үш қыздың кенжесі, екі әпкесі тұрмыста екен. Бала күнінен ашық, жан-жақты болып өскен аруымыз, анасының құрсағында алты айлық болған кезінде дүние есігін ашқан. Дарынды, талапты бала болып өскенінің арқасында қазіргі уақытта ағылшын, орыс, түрік, неміс, кәріс тілдерін жетік меңгерген. Сонымен қатар шетелге түсуі өзінің жеке арманы болғандықтан, 9-шы сыныпты аяқтаған сәттен бастап арманын орындау үшін өзі талпынып, түрлі форум жарыстарға қатысып, шетелдегі оқу орындарын қарап жүріп, осы Германия қаласына тоқталған. Негізі бұл елге түсуде біраз қиыншылықтар орын алғанымен, мұның бәрі тек жақсылыққа шешілген екен. Еркежанның айтуынша, өміріңде не нәрсе болса да әр зат өз орнымен болады. Сонымен қатар, менің негізгі мақсатым – атым өшсе де, затым өшпейтіндей соңымнан ізгі іс қалдыру», – дейді ол.
Самадинова Айя Айдыновна. Италия мемлекеті, Сиена қаласы
Заңгерлер отбасында тәрбиеленген Айя есімді қызымыз, үйінің үлкені өзінен кейін екі егіз інісі бар. Бала күнінен жан-жақты болып өскен қарасайлық қызымыз бос уақытында кітап оқығанды және фортепианода ойнағанды ұнатады екен. Шет мемлекетке оқуға түсуіне ата-анасының ықпалы зор болған және өзі де басқа елдерде мүмкіндік көбірек екенін ескерген. Кейіпкеріміздің айтуынша, таңдап отырған Италия мемлекеті көне әрі көрікті ел.
Сонымен қатар мен бала күнімнен баруды қатты армандаған мемлекет еді. Қазірде менің арманым – барлық дүниежүзіндегі елдерді аралау, мәдениетімен салт-дәртүрімен танысу», – деді ол.
Шұғыла ТЫНЫС.