Қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметтің маңызы зор. Жауапты саланың міндетін арқалаған мамандардың жұмысына халық баға береді. Осылайша билік органдарының қызмет сапасы қалыптасатыны анық. Десе де әр саланың даму үрдісі болады. Ал мемлекеттік қызмет саласындағы негізгі өзгерістер қандай? Дәл осы сұрақ жақында ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ляззат Бейсеқұлованың қатысуымен өткен жиында талқыланды.
Тақырыптың түйінін тарқату үшін аталған басқосуға ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Әйгерім Абилова да арнайы қатысты. Спикерлер аудан жастарымен және мемлекеттік қызметшілермен жүздесті. Кездесуді модератор ретінде аудан әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Жолдасбеков жүргізді.
Жиын барысында Департамент басшысы Ляззат Мұқатайқызы мемлекеттік қызметке орналасу, талантты жастар мен кәсіби мамандарды тарту және оларды қолдау шаралары туралы баяндады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке орналасу тәртібіне сәйкес Агенттікпен жаңа тәсілдер әзірленіп, өткен жылдың соңында «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға тиісті өзгертулер енгізілгенін түсіндірді.
Атап айтқанда, оқу орнын мемлекеттік грантпен үздік бітірген, оқуда жоғары көрсеткіштерге (GPA 3,33-ден жоғары) жеткен түлектер аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалады. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен магистранттар мен докторанттар оқуды бітіргеннен кейін 1 жыл ішінде жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың жекелеген лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылады.
Сондай-ақ Департамент басшысы Президенттік жастар кадр резервіне үшінші іріктеу өткізілетініне тоқталып, 2023 жылы республиканың барлық аймақтарында Өңірлік жастар кадр резервтері құрылатынын айтты. Осындай өзгерістерді тілге тиек еткен Ләззат Мұқатайқызы аудан әкімдерін Сайлау жөніндегі Заңдағы өзгерістерге де тоқталды. Айтуынша, биылдан бастап пилоттық режимде еліміз бойынша 45 аудан әкімдері тікелей халықпен сайланады. Оның ішінде Алматы облысы бойынша екі аудан жоспарда бары белгілі болды.
Шара аясында жастардың мемлекеттік қызметке қалай орналасуы, оның басқа саладан ерекшеліктері және қиындығы туралы сұрақтар қойылды. Сауалдарға ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің өкілі Л.Бейсеқұлова жан-жақты жауап берді.
Жиын барысында ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Әйгерім Жеңісқызы да тақырыптың айналасында ой өрбітті. Спикер тың ақпараттармен бөлісіп, мемлекеттің саясатын ілгерілетіп жүрген мамандарға кеңесін жеткізді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.