Бизнес саласына қатысты тың идеяңыз бар ма? Қаржының аздығынан керемет бастамаңызды жүзеге асыра алмай жүрсіз бе? Онда мемлекеттік бағдарламалар аясында өтетін байқауға қатысып, бақ сынап көріңіз. Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау үшін түрлі бағдарламалар мен қайтарымсыз қаржы, төмен пайызбен несие беру секілді қолдаулар аз емес. Осы аптаның сәрсенбі күні аудандық әкімдіктің мәжіліс залында мемлекеттік қолдау шеңберінде инновациялық жобаларға 2 млн-нан 10 млн теңге аралығындағы грантты ұтуға мүмкіндік беретін байқаудың шарттары өткен қарасайлық кәсіпкерлерге түсіндірілді.
Оған Алматы облысы аумақтарын дамыту орталығының аумақтық менеджері Азат Канашжанов, аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев, «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының директоры Орынбай Жанәділ, аудандық Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Абзал Нұсқабай, «Jusan», «Centercredit» банктерінің өкілдері қатысты. Жиында ең алдымен Азат Қанашжанұлы сөз алып, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның» аясындағы инновациялық бизнес идеяларды жүзеге асыруға берілетін қайтарымсыз гранттар тағайындау бойынша қажетті мәліметтермен бөлісіп, бағдарлама жөнінде жобалар туралы кәсіпкерлерге түсіндіріп берді.
– Биыл мемлекет тарапынан 10 млн. теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар берілуде. Бұл байқауға қатысуға өтінімдер осы жылы qoldau.kz порталы арқылы тек онлайн қабылданады. Порталға ЖК немесе ЖШС-нің электронды цифрлы қолтаңбасымен ғана кіруге болады. Өтініммен қоса, керекті құжаттың бәрі PDF форматында тапсырылуы керек. Грант алудың басты шарты тың бизнес-идея, инновациялық жоба болуы қажет және жаңа жұмыс орындарын құруға септігі тиюі керек, –деді ол өз сөзінде.
Яғни, грант үміткері инновациялық ауданда аналогы жоқ, жаңа кәсіп түрін ашу керек. Жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Байқауға қатысушылар «Бастау-Бизнес» немесе «Бизнес-мектеп» курстарынан өткенін растайтын, мерзімі екі жылдан аспаған сертификаты, бизнес-жоспары, мемлекеттік грант сомасының 10 пайызынан кем түспейтін тең қаржыландыру мүмкіндігі барын растайтын құжаты болуы міндетті. Қалғаны тізім бойынша анықталады. Әлеуметтік осал топқа жататын үміткерлерге жеке қаржыландыру және бизнес-идеяның жаңашылдығы жөніндегі талаптар қойылмайды.
Одан кейін Абзал Санжарұлы аудандық Жұмыспен қамту орталығы арқылы берілетін грант пен жастарға арналған несие жөнінде ақпарат берді. Аудандық Жұмыспен қамту орталығы маманының айтуынша, бұл мемлекеттік грант – нысаналы мақсаты жаңа бизнесті іске қосу және дамытуға өтеусіз берілген бастапқы капитал. Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 380 000 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады. Мемлекеттен бұл көмек түрін көпбалалы тұлғалар, қоныс аударушылар, мүгедек баланы тәрбиелеуші жәрдемақы алатындар, АӘК алатын адамдар, асыраушысынан айрылғандар, қандастар, мүгедек адамдар сынды әлеуметтік осал топқа жататын жұмыссыз немесе ашқанына үш жылға толмаған жеке кәсіп иелері қатыса алады. Биыл Қарасай ауданы бойынша бұл грантты алуға 89 орын бөлініп отыр. Оның бірінші кезеңінде 15 кәсіпкер қайтарымсыз қаржыны алды.
Көмектің келесі түрі – 21 жастан 35 дейінгі берілетін микронесие. Бұл жоба «Аграрлық несие корпорациясы» қолдауымен жүзеге асырылып отыр. 2,5 пайызбен шағын несие беру мерзімі 5 жылға дейін, мал шаруашылығы жобаларына шағын несие беру мерзімі 7 жылға дейін белгіленген. Мұндағы негізгі шарттардың бірі – жас ерекшелігі және кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік немесе мамандандырылған техника болуы. Қазіргі уақытта аудан бойынша 25 адамнан өтініш келіп түскен, оның біреуінің бизнес жоспары қазіргі уақытта комиссия мүшелері қарап жатыр екен.
Одан кейін «Jusan», «Centercredit» банктерінің өкілдері жылдық 6% мемлекеттік субсиядия арқылы берілетін несиелер жөнінде түсіндіріп өтті. Олардың сөзіне сүйенсек, кәсіпкер 18 млн теңгеге дейін несие ала алады. Бұл сегіз мың айлық есептік көрсеткіш шамасында (биылға белгіленген 1 АЕК көлемі – 3450 теңге). Берілетін мерзімі – 5 жыл. Ал, ауыл шаруашылығын дамытатын кәсіпкерлер несиені 7 жылға дейін рәсімдей алады. Несие мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды. Әрине, несие алу үшін кепілдікке мүлік қою керек. Сол жеткіліксіз болып жатқан жағдайда мемлекет кепілдендіреді. Демек, бизнесін жаңа бастап жатқан азаматтардың қаржысының 85 пайызын, ал бизнесін одан әрі дамытатын азаматтар қаржысының 50 пайызын мемлекет қолдау білдіреді.
Жиын соңында қарасайлық кәсіпкерлер спикерлерге сұрақтарын қойып, жеке бизнес жобалардың бұл грантқа немесе несиеге сай келетін немесе келмейтіні жайлы толыққанды ақпарат алды.
Мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып, жеңілдіктерді пайдалану, қайтарымсыз қаржы алу да тынымсыз еңбек пен білімнің нәтижесі. Ал қолға алған жобаны жүзеге асыру, кәсіпкерліктің қанат жаюы – қажырлы еңбек пен төзімділікті, табандылықты қажет етеді. Сөзімізді түйіндей келе, нәтижелі жобалар көп болсын дегіміз келеді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
10 млн теңгеге дейін кәсіпкерлерге беріліп жатқан гранттар жайлы білесіз бе?
Главная » [:ru]Новости[:kk]Жаңалықтар[:] » Бизнес » 10 млн теңгеге дейін кәсіпкерлерге беріліп жатқан гранттар жайлы білесіз бе?