Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашыл болған «Таза Қазақстан» республикалық жалпыұлттық экологиялық акциясы аудан аумағында әр апта сайын белсенді ұйымдастырылуда. Әсіресе, аптаның төртінші күні «Таза бейсенбі» шарасы күн тәртібінен түскен емес.
Күні кеше осындай бастама аясында ауданның барлық аумағында сенбілік өткізілді. Оған белсенді тұрғындар, мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің өкілдері мен жастар қауымы қатысты.
Аталған сенбіліктердің бірі Бірінші Май ауылдық округіне қарасты Бекболат ауылында ұйымдастырылып, оған Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосов қатысты. Ол өз сөзінде «Таза Қазақстан» экоакциясының маңыздылығын айтып, барша аудан жұртшылығын табиғатты аялауға, экологиялық мәдениетті сақтауға шақырды. Сондай-ақ Азамат Серікұлы сенбілік соңында акцияға қолдау білдірген белсенділерге ризашылығын білдіріп, өз атынан Алғыс хаттар табыс етті.
Жалпы дәл осы күні экошара аясында ұйымдастырылған тазалық жұмыстарының нәтижесінде аудан аумағынан 60 тоннадай қоқыс шығарылды. Ал іс-шараға 3203 тұрғын белсенді қатысып, ауданымыздың тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Айта кетейік, Қарасай ауданында жалпы жыл басынан бүгінгі күнге дейін 24 сенбілік ұйымдастырылды. Оның бәріне 41 067 адам қатысып, 671 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Одан бөлек, жалпы 211 арнайы техника жұмылдырылып, сенбілік жұмыстарында 424 гектар аумақ тазартылды. Сонымен қатар жыл басынан аудан аумағында 8 355 түп ағаш отырғызылды.
Тағы бір айта кетерлігі, Қарасай жерінде қоғамдық орынды күтіп ұстау мен абаттандыруға қағидаларын әрдайым бақылауда. Егер қоршаған ортаға залал келтірілген болса, заң аясында тиісті жаза көзделген. Оның бәрі «Заң мен тәртіп» аясында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505 және 434-2-баптарына сәйкес құқық бұзушылықтар «Erap» бірыңғай базасы арқылы тіркеледі. Мәселен, кеше рейдтік іс-шаралар қорытындысы бойынша екі әкімшілік айыппұл салынып, 23 азаматқа ескерту берілді. Алдағы уақытта мұндай қадағалау жұмыстары жалғасатын болады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

