Осы аптаның алғашқы күні жұмыс сапарымен Қарасай ауданына келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айгүл Құспан мен Мақпал Тажмагамбетова бірқатар нысандарды аралап, тұрғындар тарапынан көтерілген әлеуметтік мәселелерді назарларына алды.
Халық қалаулыларымен аудан әкімі Жандарбек Далабаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Айнабеков пен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов бірге жүріп, оларды тұрғындармен кездестіріп, әлеуметтік және өндірістік нысандармен таныстырды. Елордадан келген меймандар бірінші кезекте Елтай ауылындағы Бейсебаев мектебіне ат басын тіреді. Аталған білім мекемесінің жай-күйімен танысқан соң, ондағы ойын алаңдары мен сыртта орналасқан дәретханаларға байланысты сын-ескертпелерін білдірді. Келесі кезекте депутаттардың іс-сапары сол ауылда орналасқан, 2,6 га жер телімін алып жатқан «Rich Valley» ЖШС-інің өнеркәсіптік жылыжайында жалғасты. Олар мұндағы көкөністердің тұқым болып егілуінен бастап өнім беруге дейінгі кезеңдерімен танысып, жұмыскерлермен де сөйлесті.
Депутаттар халық мүддесін әркез қолдайтындықтан, Айгүл Сайфоллақызы мен Мақпал Мазакқызы Әйтей ауылынан өтіп бара жатқанда тұрғындардың жол бойына жиналғанына бей-жай қарамай, арнайы тоқтап, мән-жай сұрасты. Белгілі болғандай, ауыл халқының алаңдатқан жайт Жылыой және Жүнісов көшелеріндегі жаз мезгілінде ағыны азайған су мәселесі екен. Себебі, тұрғындардың көпшілігі заңсыз су сорғысын орнатып, талапқа сай емес құбырлар жүргізген. Десе де осы сала бойынша жауапты мекеме өкілдері аталмыш екі көшеге су беру үшін, жақында орнатылған жаңа насос бар екендігін айтып, депутаттарды су ұңғымасының басына апарып таныстырып қайтты. Бұл мәселенің уақытша шешімі ғана. Жандарбек Ермекұлы алдағы уақытта жоспар бойынша «Қаскелең топтамасы» жобасы аясында бір қала және 23 елді мекені су тапшылығын сезінбейтіні жайлы мәлімет берді.
Келесі нысан – «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша салынған Долан ауылындағы дәрігерлік амбулаториясы. Тұрғындарды емдеуге арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған жаңа ашылған орталықтың жұмысымен жалпы тәжірибелі дәрігер Гүлнұр Мұсақызы таныстырды. Дәрігерлер халық қалаулыларына маман тапшылығы бар екендігін айтып, республика көлемінде осы мәселенің шешілуіне ықпал етуді сұрады. Ұсыныс-тілектерін тыңдаған соң депутаттар медицина қызметкерлеріне жауапты жұмыстарында сәттілік тіледі.
Айгүл Сайфоллақызы мен Мақпал Мазакқызы Әйтей ауылындағы мектепке ат басын бұрып, нысанның жай-күйімен танысты. Былтырғы оқу жылы қарсаңында мыңдаған шәкіртті қанаттандырған көп жылдық тарихы бар Б.Қосынов атындағы мектептің жаңа ғимараты өз есігін ұстаздар мен оқушыларға айқара ашқан болатын. Бұл нысанның пайдалануға берілуі ұзақ уақыт бойы осы мәселенің шешімінің күтіп жүрген Әйтей округінің тұрғындары үшін ең үлкен қуаныштың бірі болды. 1200 балаға лайықталған үш қабатты ғимараттың құрылыс жұмыстарын мердігер компания «Bi Group» компаниясы жүргізген. Құрылысы 2019 жылы басталған үш қабатты білім ордасы заманауи талаптарға сай салынған. Мектептің алдыңғы жағында үлкен алаңнан бөлек мұғалімдердің автокөліктерін қоюға арналған тұрақ та бар. Ал, ғимараттың артқы жағында оқушылардың денешынықтырумен айналысуларына арналған стадион орналасқан. Сондай-ақ, оның аумағында футбол, баскетбол, волейбол ойнайтын кіші алаңы, заманауи мектептің ішкі жағында үлкен спорт залымен қатар, 320 орындық жиынзалы, 200 орындық асханасы бар. Бір сөзбен айтқанда, жаңа мектепте білім алушылар мен ұстаздар үшін барлық жағдай жасалған. Мектепті депутаттар толығымен аралаған соң, ыңғайлылығына жақсы деген бағаларын беріп, кейбір тұстарына ескертулерін де айтты. Мұнан соң, олар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына бет бұрып, Елбасының өмір жолы мен қызметінен тағылымды сыр шертетін, балалық шағынан егемен елдің Көшбасшысына айналуына дейінгі жүріп өткен сара жолын айғақтайтын кітаптар мен экспонаттарды тамашалады.
Ал, түстен кейін мәжілісмендер аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының ғимаратында өткен партия жанындағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі қоғамдық кеңестің жиынына қатысты. Басқосуды модератор ретінде аудандық мәслихат депутаты Елена Константинова жүргізіп отырды. Оның барысында күн тәртібіне сәйкес ерекше қажеттіліктері бар адамдарды инфрақұрылым орталықтарына бейімдеу, оларға онлайн режимінде әлеуметтік қызметтер көрсететін портал жайлы мәлімет беру, арнаулы оқу орнына түсуге арналған бағдарламалар мүмкіндіктері жайлы ақпараттандыру болды. Жиынға қатысқандар депутаттарға түйіткілді мәселелерін де жеткізді. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «aleumet.egov.kz» әлеуметтік қызметтер көрсететін порталының жиі техникалық ақауға ұшырап, жұмыс істемей тұратыны, қазіргі мемлекет тарапынан берілетін протездер мен арбалардың сапасыздығын тілге тиек етті. Халық қалаулары олардың өтініштерін жазбаша түрде қабылдап алып, назардан тыс қалдырмайтындықтарын жеткізді.
Одан кейін депутаттар аудандық орталық кітапханада ата-аналармен кездесті. Нақтырақ айтқанда, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары мен Алматы қаласынан арнайы келген ата-аналар «Еxpress publish» баспасы шығарған «Smiles» мектеп оқушыларына ағылшын тілін үйретуге арналған кітаптағы ұлттық құндылықтардың тапталуы және қазақтың салт-дәстүріне кереғар келетін суреттер мен ақпараттар жайлы олқылықтарға байланысты өз арыздарын депутаттарға тапсырды. Өз кезегінде Мақпал Тажмагамбетова бұл депутаттық сауалды ҚР Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдап, қазіргі уақытта жауап күтіп отырғандығын айтты. Кездесу барысында оқулықтағы әрбір қателік талқыланып, халық қалаулылары бұл мәселелеге қатысты ресми жауаптарын әлеуметтік желі арқылы немесе хат арқылы жолдайтындықтарын жеткізді. Айгүл Сайфоллақызы мен Мақпал Мазакқызының Қарасай ауданындағы жұмыс сапары осылайша түйінделді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.