Сovid-19 індеті мен Үнді штаммының өршіп тұрған кезінде, инфекция таралуына шектеу қоя отырып, кәсіпкерлікті жалғастыру әрі оны дамыту – негізгі мәселенің бірі. Аудандағы кәсіпкерлік ісі бүгінгі таңда ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің нұсқауына сәйкес жұмыс атқаруда. «Атамекен» ҰҚП Қарасай аудандық филиалының деректері бойынша, ауданымызда 56 компания «Ashyq» жобасына қатысуда. Оның ішіндегі 5-уі тестілеу режімінен өтуде, ал 51-і тұрақты тізімге бекітілген.
Кәсіпкерлер санитарлық талаптарға сәйкестік актін және «Ashyq» QR кодын алу үшін «InfoKazakhstan» электронды платформасы арқылы өтінім қалдыра алады. Тексерістен өткен кәсіпкер берілген QR код арқылы бір апта «InfoKazakhstan» желісінде тестілеу режімінде жұмыс атқарып, бұл уақыт өткеннен кейін аталмыш платформа тізімді ҰКП-ге жібереді. Осылайша «Ashyq» жобасына тұрақты қатысушылар тізіміне енгізіледі.
Аталмыш жоба бойынша кәсіпкер субьектісі келушілерді QR код немесе ЖСН арқылы тексеріп, олардың «қызыл» немесе «сары» түсті жағдайы анықталған болса, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетіне міндетті түрде хабарлауы тиіс.
Естеріңізге сала кетсек: егер келуші «жасыл» түсті мәртебеде болса, дерек базасында Covid-19-ға ПЦР-тестілеуден теріс нәтижесімен өткенін анықтайды. «Көк» түсті болса, ПЦР-тестілеуден өтпеген және Covid-19 вирусын жұқтырғандармен қатынаста болмағанының белгісі. «Сары» түс дерек базасында Covid-19 вирусын жұқтырғандармен қатынаста болғанын, ал «қызыл» түс ПЦР-тестілеуі оң нәтиже көрсеткенін білдіреді.
«Ashyq» жобасы індеттің таралуына шектеу қоя отырып, кәсіпкерліктің дамуына да жол ашуға бағытталған. «Атамекен» ҰҚП Қарасай аудандық филиалының менеджер-кеңесшісі Елена Константинованың айтуынша, егер белгілі бір кәсіпкерліктің карантиндік ережеге байланысты жұмыс атқаруына шектеу қойылған болса, «Ashyq» жобасына қатысып, белсенділік таныту арқылы ол шектеулерді азайтып және «Лидер» дәрежесіне ие болу мүмкіндігі бар. Әрине, кәсіпкерліктің атқаратын қызметіне байланысты, мәселен, мейрамхана қызметімен айналысатын кәсіпкерлік делік, оның толымдылығына 30% -ғана рұқсат етілген болса, осы жобада «Лидер» дәрежесіне жетіп рұқсат етілген толымдылық пайызын 35%-ға көтере алады.
Аталмыш жобаның шектеулері мен ережелері де бар. Егер мониторингті топ кәсіпкерліктің жоба талаптарын бұзғанын анықтаса немесе объект үш күннен артық check-in (QR-ды сканерлеу) жасамаса, жобадан шеттетіледі. Осы олқылық үшін шеттетілген кәсіпкерлік екі аптадан кейін ғана қайта қатысуға өтініш білдіре алады. Ал, осы жағдай тағы да қайталанса, тек екі айдан кейін жобаға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Ауданның экономикалық және әлеуметтік жағдайын оңтайлы шешу үшін кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауын тиімді пайдалана білсе, ел игілігі жолындағы игі істері алға басады деп білеміз.
Салима БАҒАШАР.
Қарасай ауданында 56 компания «Ashyq» жобасына қатысуда
Главная » [:ru]Новости[:kk]Жаңалықтар[:] » Бизнес » Қарасай ауданында 56 компания «Ashyq» жобасына қатысуда