Ұлттық қор – еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды стратегиялық институт. Оның басты мақсаты – Қазақстанның ұлттық байлығын сақтау, оны ұлғайту және қазіргі әрі келешек ұрпақтың игілігіне жарату.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында ұлттық байлықты тиімді басқару, елдің экономикалық әлеуетін арттыру және ұзақ мерзімді даму бағыттарына ерекше назар аударды.
Бүгінде жаһандық экономикалық өзгерістер жағдайында әрбір мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – қолда бар ресурстарды ұтымды пайдаланып, болашаққа берік қаржылық негіз қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда, Ұлттық қордың рөлі айрықша. Ол тек қаржы жинақтайтын қор ғана емес, сонымен қатар елдің тұрақты дамуына, экономиканың сыртқы сын-қатерлерге төтеп беруіне мүмкіндік беретін маңызды тетік.

