Байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын саңлақтарымыздың қай-қайсысын алып қарасақ та әрбірі құрмет-қошеметке лайықты. Өйткені олар дүниежүзілік додада өнер көрсетіп, мемлекеттің атын күллі әлемге әйгілі ету жолында талай күш-жігерін жұмсап келеді.
Осындай жаһандық жарыста Қазақстанды танытып жүрген ұл-қыздарымыз жақында Өзбекстан астанасы Ташкентте парасамбодан әлем чемпионатына қатысып, лайықты қарсылас атана білді.
Айта кетейік, бұл әлемдік додаға жүзден астам мемлекеттен спортшы қатысқан. Ал парасамбо бағыты бойынша 12 елдің балуандары бақтарын сынады. Солардың ішінде Алматы облысынан сынға түскен бес самбошы бар. Оның екеуі үздік үштіктен көрініп, жүлдегер атанды. Олар – 50 кг салмақта қатысқан талғарлық Гүлназ Омарбек пен 98 кг салмақта күрескен қарасайлық Мирас Жарылқасын. Жүлдеген атанған спортшыларымыз көру қабілеті зақымданған спортшылар арасында боз кілемде белдесіп, мықтылардың қатарынан табылды.
Жерлесіміз Мирас Жарылқасын жайлы айтар болсақ, ол бұл әлемдік жарысқа дейін екі жыл қатарынан дәл дзюдодан жастар арасында Қазақстан чемпионы атанған.Енді, міне, байрақты бәсекенің биік шыңын бағындырып отыр. Оның осы жетістіктерінің артында жаттықтырушысы Қуаныш Ахметжановтың (суретте сол жақтағы бірінші) да елеулі еңбегін бар екенін атап өту керек.
Мирас Жарылқасын осындай білікті бапкерінің әрдайым ақыл-кеңесіне жүгініп, самбоның қыр-сырын меңгеріп келеді. Соңғы үш жылда екеуі тығыз жұмыс істеп, бірлесе нәтиже көрсетуде. Ұстаз бен шәкірттің жеңісті жолдары алдағы уақытта да жалғасады деген сенімдеміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

