Соңғы жылдары елімізде жемқорлыққа жол бермейтін мемлекетті құру мақсатында осы қылмысқа қарсы жауапты органдардың тарапынан іс-қимыл саясаты жан-жақты жүргізіліп келеді. Әсіресе, бүгінде қоғамның кеселі аталған жемқорлықпен күресу үшін елімізде халықаралық деңгейде қолданып жатқан жүйелерді енгізу мықтап қолға алынған. Сондай жаңашылдықтың бірі – өзге елдер бұрыннан белсенді түрде қолданылып келе жатқан комплаенс қызметі. Елімізде еңді ғана ақырындап дамып келе жатқан бұл қызмет мекеменің ішкі құжаттарын реттеп, дұрыс бағытқа қойып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелдерді төмендетуге, оның алдын алуға бағытталған.
Өткен аптаның жұмасы күні ауданымызда орналасқан Сулейман Демирель атындағы университеттің аумағында мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік субъектілердің қызметкерлеріне арналған ауқымды оқыту семинары өтіп, онда жоғары айтып өткен комплаенс қызметін квазимемлекеттік сектор субъектілері мен жеке компанияларға енгізудің артықшылықтары туралы айтылды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен шараға аталған қызметті өздерінің компанияларына енгізген «Beeline Қазақстан» трансұлттық компаниясы, «Самрұқ-Қазына Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ, «Самрұқ-Энерго» АҚ, «Air Astana» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ-ның жетекшілері мен мамандары шақырылды.
Семинарды ашып, жүргізген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Бекинов ағымдағы жылдың 3 қаңтарында Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойғандығын және ол өзгертулер бойынша 2020 жылы құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің жұмысына да қатысты екенін айтып өтті. Сондай-ақ оның аясында компаниялар штаттық құрылымды, қызмет түрін және бюджет көлемін ескере отырып, комплаенс-қызмет құрмай, комплаенс-офицер лауазымын енгізе алатындығын да мәлімдеді.
Ал арнайы шақырылған компания өкілдері комплаенс қызметін өздерінің компанияларына қалай енгізгендерін, онымен қалай жұмыс жасап жатқандарын, артықшылықтарын айтып, тәжірибелерімен бөлісті.
Жалпы семинарда қатысушылар назарына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысының маңызды құрамдас бөлігі жемқорлық тәуекелдерін талдау екендігі жеткізіліп, оның ішінде ұйым тарапынан ішкі талдауға ерекше мән беру қажеттігі айтылды. Қатысушылар компаниялар қызметінің саласының ерекшелігін ескере отырып, әртүрлі тараптармен шарттар жасасу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау тәжірибесімен танысты.
Сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге және корпоративтік парасаттылықты нығайтуға бағытталған семинар соңында Нұрсұлтан Бекинов оған жиналған қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға сәйкес барлық компаниялар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілері болып табылады, бұл дегеніміз, барлық компаниялар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды азайту бойынша шаралар қабылдауға міндетті екенін тағы бір ескертті.
Ал шақырылған компания өкілдері семинарда алынған тәжірибе мен білім комплаенс-офицерлерге оң бедел қалыптастыруға, өз ұйымдарында сыбайлас жемқорлық пен этикаға жат мінез-құлықтың жолын кесуге көмектесетінін атап өтті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Комплаенс қызметінің бағыты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелдерді төмендету
Главная » Новости » Жаңа Қазақстан » Комплаенс қызметінің бағыты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелдерді төмендету