«Алматы-Бішкек» тасжолының тарлығын сезінгендер үшін жақсы жаңалық. Енді Алматы мен Қаскелең арасын жалғайтын жолдар сегіз жолаққа дейін кеңейеді. Күре жолға қатысты жұмыстарды жүзеге асыру үшін Президент пәрмен беріп, Үкіметке міндет жүктеді. Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
«Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен оған іргелес елді мекендер тұрғындары тарапынан «Алматы – Қаскелең» жолындағы көлік қозғалысының жоғары жүктемесіне қатысты айтылып жүрген шағымдарға назар аударды. Президент жолды кеңейту жобасын дереу бастау туралы тапсырма берді. Мердігер осы аптаның соңына дейін қажетті техника мен жұмыс күшін жұмылдыруы қажет. Құрылыс жұмыстарын дүйсенбі, 20 шілде күні бастау керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы әрі барынша қысқа мерзімде орындалуы тиіс», – деп тапсырды Олжас Абайұлы.
Осы жиын барысында Премьер-министр аталған жобаның құны бекітілгенін және оның өсуіне жол берілмейтінін айрықша атап өтті.
«Жобаны жүзеге асыру мақсатында сатып алынатын жер учаскелеріне қатысты алыпсатарлыққа жол берілмеуі үшін олардың құнын кешегі, 14 шілдедегі жағдай бойынша белгілеу қажет», – деді Үкімет басшысы.
Ал Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Алматыдан Қаскелең қаласына дейінгі автожол учаскесінің 8 шақырымдық бөлігін 8 жолаққа дейін кеңейту жобасын ұсынды. Оны қаржыландыру Қазақстанның «Даму банкі» арқылы жүзеге асырылады.
Жобаға сәйкес күре жолдың бойында екі жолайрық пен 9 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу жоспарлануда. Нәтижесінде аталған учаскенің өткізу қабілеті 2 есе артады. Құрылыс жұмыстарын аяқтау және пайдалануға беру 2027 жылдың желтоқсан айына деп белгіленіп отыр.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының мәліметінше, мегаполиске күн сайын 300 мың автокөлік кіреді. Қала ішіндегі автокөліктерді қоса есептегенде, жол қозғалысының жалпы көлемі 1 миллионнан астам көлік құралын құрайды. «Алматы – Қаскелең» автомобиль жолы Алматы агломерациясындағы ең қарқынды қозғалыс жүретін жол учаскелерінің бірі. Бұл жолдағы қозғалыс қарқындылығы тәулігіне шамамен 60 мың автокөлікке жетеді. Сондай-ақ Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту жобасы туралы да айтылды
Одан бөлек Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұзынағаш ауылынан ұзындығы 32 шақырым болатын балама жол салу жұмыстарының басталғаны жайында айтты. Бұл жоба «Алматы – Қаскелең» тасжолына жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда аталған жобалар бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысында жер мәселелерін шешу жұмыстары соңғы сатыда тұр.
Одан бөлек бұл жиын барысында Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі шаралар талқыланды. «Алматы – Есік» және «Алматы – Талғар» бағыттарындағы автожол жобалары қаралды. Сондай-ақ рельсті көлікті және Алматы метрополитенін дамыту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.
Жиын соңында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Алматы агломерациясының көлік байланысы мәселелерін кешенді шешу бойынша бірқатар тапсырма берді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

