Өткен аптада Көлащы ауылынан арнайы Алматының барахолкасындағы «Сәлем» базарына дейін қатынайтын «213» бағыттағы қоғамдық көлік іске қосылды. Су жаңа автобустар дәл осы елді мекеннен таңғы 5:30-дан бастап жүреді. Жол жөнекей көршілес орналасқан Елтай, Екпінді, Көкөзек сияқты ауылдарды басып өтеді.
Ауылдан алып шаһар Алматыға бет алатын жаңа маршруттың пайда болуына Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов тікелей ықпал еткенін айта кеткен жөн. Автобустардың алғашқы жолаушылары осы жақсы жаңалыққа куә болып, ризашылықтарын білдірді.
– Автобусымыз құтты болсын! Өте ризамыз. Көптен күткен едік. Халықтың жағдайын ойлаған аудан әкіміне үлкен рахметімізді айтамыз. Бұрын Алматыға баруымыз қиын болатын. Енді, міне, үлкен автобуспен еш қиналмай жететін болдық, – дейді Көкөзек ауылының тұрғыны.
Қоғамдық көліктердің барлығына «Оңай» төлем жүйесі орнатылған. Жол ақысы – 80 теңге. Таң бозынан елге қызмет ететін көліктердің іші кең, барлығы жап-жаңа қалпында іске қосылған. Соңғы жүрісін кешкі 22:30 шамасында аяқтайтын көліктердің қызметі Алматы қаласының мобилділік басқармасы арқылы қадағаланады. Бұл жайында Қарасай аудандық әкімдігіндегі дәл осы салаға жауапты Жанат Шакиров айтып, ел асыға күткен автобустар саны жеткілікті және жүру аралықтары өте қолайлы екенін түсіндірді.
– Өткен жылдың күз айында аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы Алматы қаласының мобилділік басқармасының өкілдерімен кездесіп, Алматы мен аудан арасындағы қоғамдық көлік мәселесі бойынша келіссөздер жүргізген еді. Нәтижесінде жақында «230» бағыттағы маршрут іске қосылса, енді «213» бағытта қатынайтын қоғамдық көлік жұмысын бастады. Қазір жылжымалы құрамда 20 автобус бар. Олардың жүріс аралықтары 9 минуттан болады, – дейді Жанат Шакиров.
Жаңа қоғамдық көліктің жүріс сызбасына тоқталар болсақ, ол алдымен Көлащы ауылындағы «Нұрхат» шағын маркетінен жолға шығады. Одан кейін Дүйсеков көшесі арқылы «Сорбұлақ» тасжолына түседі. Кейін Сайын көшесімен «Үлкен Алматы каналына» (БАК) бұрылып, осы бағытпен барахолкадағы «Сәлем» базарына барады. Қайтар жолының аялдамалары қарама-қарсы бағытпен сәйкес белгіленген.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.