Қоғам үшін орны бөлек Мәдениет үйінің басқа ғимараттардың ортасында мен мұндалап тұруы әрдайым жарасым табатыны сөзсіз. Өйткені руханияттың темірқазығы өнерді ұлықтауға, оны үйренуге, дәстүрді дәріптеуге тәрбиелейді. Сондықтан халық үшін мұндай назардағы нысанның маңызы зор. Соңғы уақытта Қарасай жерінде осындай өнер ошағына жақсы көңіл бөлініп, олардың қатарын арттыруға барынша күш салынуда. Соның айқын дәлелі ретінде қазір құрылысы жүріп жатқан Әйтей ауылындағы Мәдениет үйін айтуға болады.
Аталған нысан «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатыр. 200 орынға арналған өнер ордасының бой көтеруі әйтейліктердің қуанышына айналатыны анық. Бұл мәдениет ошағы – Әйтей ауылдық округінің тарихындағы алғашқы өнер ордасы.
Ғимараттың құрылыс қарқынын көру үшін жақында осы елді мекенге барып көрген едік. Қарасай аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Бақытжан Машраппен тілдесіп, Мәдениет үйінің бүгінгі жай-күйінен хабардар болдық. Байқағанымыздай, құрылысшылардың жұмысы қауырт. Нысанның іргетасы да, қаңқасы да қаланып қойған. Техника күшімен төбесінің жабындылары төселуде. Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, құрылыс басталмас бұрын бұл аумақта алдымен жер асты топырағының шөгінді екені назарға алынған.
– Әйтей ауылындағы Мәдениет үйін салу кезінде оның орналасқан жерінде кейбір жайттар ескерілді. Осы аумақтағы жер асты топырағының шөгінді болуына байланысты жоба аясында алдымен іргетасты күшейту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. Бұл мақсатта жалпы саны 1000 дананы құрайтын қадалы іргетас қағылды. Одан кейін қаңқасы көтеріліп, сырты инженерлік желілері жүргізілді. Қазіргі уақытта нысанның құрылысы жоспарға сәйкес жалғасып жатыр.
Жалпы ғимаратты қалау жұмыстары осы жылдың маусым айында басталған. 2027 жылдың мамыр айында толық аяқтап, ел игілігіне тапсыру жоспарлануда, – деді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы.
Мәдениет үйінің құрылысы аяқталған соң оның жалпы ауданы 740 шаршы метрді құрайды. Бір қабатты өнер ошағында көрермен залы, түрлі үйірмеге арналған кабинеттер қарастырылған. Жалпы айтқанда, ауыл халқының бос уақытын тиімді өткізуге, концерттік бағдарламаларды ұйымдастыруға, шығармашылық жұмыстарды дамытуға мүмкіндік береді.
Мәдениет үйінің құрылысына мердігер мекеме ретінде «Асан М Компани» ЖШС жауапты. Қазіргі таңда ғимараттың бой көтеруіне аталған компанияның 30-ға жуық құрылысшысы еңбек етуде.
Айта кетейік, нысанның құрылысын жүргізуге тапсырыс беруші Қарасай аудандық құрылыс бөлімі болып табылады. Жобаның жүзеге асуына тиісті қаражат облыстық бюджеттен қарастырылған.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

