Биылғы ұлттық халық санағы екі кезеңнен тұрады. Онлайн форматта өткен бірінші кезең дайындық, ал екіншісі сауалнама ретінде жүргізілетіні негізгі кезең болып саналады. Дәл қазіргі таңда негізгі кезеңнің жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте бүгінде ауданымызда 12 санақ учаскесі, 62 нұсқаушы, 428 ұлттық статистика бюросының мөрі басылған куәлік, халық санағының логотипі бейнеленген көк түсті портфель мен арнайы планшеттер ұстаған сұхбаттаушылар қызу жұмысқа кірісті. Олар өздеріне жүктелген аймақтардағы мекемелер мен тұрғын үйлерді аралап адам санын нақтылауда.
Айта кетейік, бірінші қыркүйек пен алтыншы қазан аралығында өткен санақтан 138 мың 488 қарасайлық онлайн түрде өткен. Ал, бүгінде жүргізіліп жатқан негізгі науқанда алты күннің ішінде 7183 тұрғын санаққа қатысып үлгерген.
Аудандық статистика басқармасының мәлімдеуінше, санақшылар 30 қазанға дейін барлық тұрғын үйді аралап, сауалнама жүргізеді. Оның нәтижесін арнайы планшеттерге тіркейді. Бұл жерде бір айта кететіндігі егер азамат санақты онлайн өткен болса, онда сауалнамаға қайта қатысудың қажетілігі жоқ. Мұндай жағдайда санақшы планшетке тұрғынның онлайн санақтан өткені туралы хабарлама нөмірін тіркейді және сол үйде тұратын адамдардың барлығының санаққа қатысқанын нақтылайды. Егер үйде тұратын азаматтардың біреуі санақтан өтпеген болса, оған сауалнама парағы беріледі.
Ал, егер де тұрғын санаққа онлайн режимде атсалысқысы келсе «Aitu Messenger» отандық мобильді қосымшасы арқылы санақтан өте алады. Бұдан бөлек «egov.kz» электронды үкімет сайтының басты бетінде «sanaq.gov.kz» сілтемесі бар. Сол арқылы өтіп, онлайн режимде санақ парақтарын толтыруға болады.
Ескере кететін жайт, әлемді жайлаған пандемияға байланысты «Халық санағын» 2020 жылдан 2021 жылға шегеру туралы шешім қабылданған болатын. Ал, оған деген дайындық 2018 жылдан басталған еді. Оның аясында осы үлкен науқанның әдістемесі әзірленіп, қажетті электрондық жүйелер жетілдіріліп, санаққа қажетті құралдардың көлемі (оның ішінде атрибутика) анықталып, бөлінген бюджет негізінде сатып алу шаралары жүргізілген.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.