Бүгінгі таңда Қарасай ауданына қарасты Елтай ауылдық округі динамикалы дамып келе жатқан, стратегиялық әрі экономикалық маңызы жоғары ірі елді мекендердің бірі болып табылады. Аумақта орналасқан көптеген өндіріс орындары мен ірі кәсіпорындар ауданның ғана емес, тұтас Алматы облысының экономикалық потенциалын арттыруға елеулі үлес қосып келеді.
Округтің өндірістік әлеуеті мен халық санының жыл санап өсуі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытумен қатар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін бірінші орынға шығарды. Осы ретте округте соңғы жылдары қауіпсіздікті нығайту бағытында маңызды жобалар қолға алынып, халық игілігіне берілуде.
Сондай ауқымды да жауапты нысандардың бірі – «Ауыл құтқарушылары» арнайы бағдарламасы аясында Береке ауылында бой көтеріп, өткен жылы пайдалануға берілген заманауи өрт сөндіру бекеті.
Аталған маңызды нысанның құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталып, қысқа мерзім ішінде, жыл соңына қарай толығымен аяқталды. Жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 20 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Нәтижесінде 4,5 сотық жер телімінде жалпы ауданы 192 шаршы метрді құрайтын, барлық заманауи талаптарға сай келетін бір қабатты ғимарат пайдалануға берілді.
Жаңа бекетте өрт сөндірушілер мен мамандардың тәулік бойы тапжылмай кезекшілік атқаруына барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Нысан ішінде арнайы техникаларға арналған бокс, заманауи құрал-жабдықтар бөлмесі, сондай-ақ қызметкерлердің тамақтануына, демалуына және жуынуына арналған барлық қажетті бөлмелер қарастырылған. Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен салтанатты ашылу рәсімінде облыстық департамент тарапынан бекетке өрт сөндіруге арналған арнайы техника мен жеңіл «УАЗ» автокөлігінің кілті сый ретінде берілді.
Бүгінгі таңда бұл бекеттің тиімді де үздіксіз жұмыс істеуіне Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов жауапты. Округ басшысының айтуынша, жаңа бекеттің ашылуы жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтеріп, төтенше жағдайлар орын алған сәтте жедел әрекет етуге, ең бастысы адам өмірі мен қоршаған ортаны сақтап, материалдық шығынның алдын алуға зор мүмкіндік береді. Осыған дейін ауданның негізгі төтенше жағдайлар бөлімі Қаскелең қаласында орналасқандықтан, шұғыл шақыртулар кезінде біраз ыңғайсыздықтар туындайтын. Округте оқыс жағдай орын алса, өрт сөндіру бригадасы Қаскелеңнен жеткенше едәуір уақыт жоғалтылатын еді. Сондықтан халық тығыздығын, электроэнергиясын мол тұтынатын ірі кәсіпорындардың көптігін ескере отырып, аудан басшылығы Елтай округінде жеке бекет ашу туралы шешім қабылдаған болатын.
Қазіргі уақытта жаңа бекетте бір жүргізуші мен үш өрт сөндірушіден құралған төрт білікті қызметкер кезекшілік атқарады. Бекет қажетті өрт сөндіру техникасымен, арнайы киімдермен және заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Иелігіндегі арнайы өрт сөндіру көлігі мен мобильді «УАЗ» автокөлігі тілсіз жауды алғашқы кезеңде-ақ ауыздықтап, оның кең аумаққа таралу қаупін сейілтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бұл бекеттің жұмысы мен жауынгерлік дайындығы аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің тікелей бақылауында болып, қажетті сәттерде бірлескен жедел жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылады. Бекет қызметкерлері негізінен Елтай ауылдық округінің аумағына жауапты болғанымен, қажеттілік туындаған жағдайда ауданның басқа да көршілес елді мекендеріне де көмекке ұмтылуға әрдайым дайын.
– Елтай ауылдық округінің тұрғындары үшін қауіпсіздік қызметінің қолжетімді әрі жақын жерде орналасуы өте маңызды мәселе. Өрт немесе кез келген өзге де төтенше жағдай туындай қалса, көмекке жету жылдамдығы артып, адам өмірін аман алып қалу мүмкіндігі біршама жоғарылады.
Жаңадан ашылған өрт сөндіру бекеті ауылымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл өміріне оң өзгерістер әкелуге зор үлес қосуда, – деді округ әкімі Біржан Манатұлы.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

