Елдің егемендігі, асқақ азаттығы – баға жетпес байлық. Ұлттың бойтұмарына айналған тәу етер Тәуелсіздігіміздің орнағанына биыл 35 жыл толып отыр. Әлем халықтарының ішінде еңсе тіктеп, «Қазақстан» деген елдің атын әйгілі етуіміздің өзі ешбір құнды дүниемен өлшенбейді.
Мемлекетіміз бүгінгі күнге дейін 35 жылдық тарихты қалыптастыру жолында талай сын-сағаттан сүрінбей өтіп, жетістік жолын жалғастырудан жаңылған емес. Өткенге көз тастап, болашақты бағдарлай отырып бұл мерейлі белеске риясыз ризашылық танытқаннан басқа айтарымыз жоқ. Өйткені 35 жыл деген аз уақыт болса да әр жылдары елдің даму деңгейі жақсы көрсеткішке ие болып, саяси сахнадағы орны тұрақты сақталып келеді.
Еліміз 1991 жылы Тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап өңірлеріміз экономикалық жағдайына қарай әл-ауқатын қуаттай бастады. Әр салаға қатысты әлеуеттің қарқын алуы жағынан қасиетті Қарасай жері қалыс қалған емес.
Әрине, әу баста тәуелсіздігіміз орнығып, егемендік жолға енді қадам басқан шақта атап айтар оңды өзгерістер болмағаны анық. Алайда 90 жылдың соңында және одан кейінгі жылдары жағымды жаңалықтарымыз көбейе бастады.
Алатау баурайында орналасқан ауданымыз Жетісу жерінде табысты мекендердің біріне айналып, сол межелі міндетті әлі орындап келеді. Қасиетті жерде еңселі нысандар бой көтеріп, өндіріс өркендеп, ел игілігі жолында қызмет ететін маңызды мекемелердің саны артуда. Еліміз егемендіктің 35 жылын еңсеруіне орай осы аталған жетістіктердің маңызды тізбегіне көз жүгіртсек деп едік.
Тәттілер мекеніне айналған танымал бренд
Қазақстанға «Хамле» деген атаумен әйгілі болған кондитерлік фабрика біздің ауданда орналасқан. Тәттілердің мекеніне айналған ғимараттың алғаш қазығы Қаскелең қаласында қағылып, 1998 жылы ресми түрде жұмысын бастаған. Алғашындағы ресми атауы «Хамле Компани ЛТД» болса, былтыр «Pladis Kazakhstan» болып өзгертілді.
Компанияның аты өзгергенімен, негізгі жұмысы, халыққа қызметі бәрі бұрынға қалыпта. Бұл серіктестік – еліміз егемендік алған жылдары түрік инвесторларының қаражатына салынған алғашқы өнімді өндіріс орындарының бірі.
30 жылдай тарихы қалыптасса да басты бағытынан таймай, нарықтағы сұранысқа сай кәмпит, бисквитті тәттілер секілді түрлі кондитерлік өнімдер шығарумен айналысуын тоқтатқан емес. Соның арқасында бұл компания экспортқа бағытталған, жүйе құраушы және әлеуметтік-экономиканың дамуына үлкен үлес қосып отырған алпауыт өндірістік ортаға айналды.Оның жобалық құны 8 млрд. теңге болса, қуаттылығы бойынша жылына 60 мың тоннадай өнім шығарады.
Компания алғаш ашылған сәттен бастап талай қарасайлықты жұмыспен қамтыған. Бүгінгі таңда мұнда 1000-ға жуық адам еңбек етіп, табыс тауып отыр.
Жыл сайын заман ағымына сай жұмысын жетілдіріп, дамытып отырған компанияның өсу-өркендеуі ешқашан төмендеген емес. Бүгінгі таңда «Хамле», «Ulker», «McVitie’s Digestivies», «Alpella» сауда белгісімен 100-ден астам түрлі кондитерлік ұн және шоколад өнімдерін нарыққа дайындайды. Ал бұл тауарларды Қазақстанның ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Беларусь, Тәжікстан, Моңғолия, Қытай сияқты елдердің сауда нүктелері көп мөлшерде сатып алады.
Өткен жылы елдегі «Pladis» компаниялар тобына кіретін заңды тұлғаларды бір атаумен біріктіру жөніндегі жаһандық бастама көтеріліп, соның аясында «Хамле Компании ЛТД» ЖШС өзінің заңды атауын «Pladis Kazakhstan» ЖШС етіп өзгертті. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, компанияның Қазақстандағы атауының өзгеруі – оның тарихындағы маңызды кезең және жаңа мүмкіндіктердің бастауы.
Осы ретте айта кету керек, «Pladis» бүгінде 300 жылдан астам тарихы бар наубайхана мен кондитерлік өнімдердің мұрасын жалғастыруда. Оған қарасты 27 кондитерлік фабрикада бүкіл әлем бойынша 16 000 адам жұмыс істейді. Әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан кондитерлік компания қазіргі уақытта McVitie’s, GODIVA, Ü lker және тағы басқа танымал брендтермен жер жаһанға танымал.
Тасжолдың бойындағы ойын-сауық кешен

Қарасай ауданында алғаш ашылған ең ірі сауда орталықтарының бірі– «Молл Апорт» сауда-ойын-сауық кешені. Халықаралық тасжолдың бойында орналасқан орталықты ашу үшін шамамен 23 млрд. 450 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылып, ол Орта Азия елдеріндегі ерекше кешеннің біріне айналды. Осылайша 2009 жылы оның алғашқы кезеңі қолданысқа берілді. Міне, сол сәттен бастап «Молл Апорт» орталығы аудан аумағында халықтың жиі бас қосатын жеріне айналып, жыл сайын жаңашылдықтарымен елді қуантуда.
Жалпы аумағы – 210 000 шаршы метр. Бүгінгі таңда 200-ден астам дүкен, бірнеше кинозалы, екі аквапарк және 5000 автокөлік қойылатын тұрағы бар. Осындағы сауда нүктелері 4 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Ал келетін халықтың қарасы қалың. Күн сайын адам үзілген емес. Кешеннің тасжолдың бойында ыңғайлы орналасуы Алматы қаласы мен облыс тұрғындарына және қонақтарға отбасымен бірге демалып, сауда жасап, уақыттарын көңілді өткізуге ыңғайлы.
«Молл Апорт» сауда-ойын-сауық кешенінде еліміздегі алғашқы ірі азық-түлік гипермаркеті – «Рамстор гипер» азық-түлік орталығы, «Технодом» электроника желісі, әлемге әйгілі Koton, New Yorker, Детский мир, Kari, CCC, Incity, Reebok, Bluelnc, Adidas, Climber, Adilisik, Твое, DeFacto, U.S.POLOASSN, LC Waikikki, More&More, Спортмастер, Plato, ECCO, Clarks, Geox, Terranova, Mango, Promod, Chester, OGGI, Sela, FinnFlare, O’stin, Deloras, Foxwomen&men сияқты компаниялар ерлер мен әйелдерге және балаларға арналған тауарларын жұртшылыққа ұсынады. Сонымен қатар балаларға арналған «Funky town» ойын-сауық қалашығы, жылдың төрт мезгілінде қызмет көрсететін «Hawaii» аквапаркі үздіксіз жұмыс істейді. Әлем елдерінің аспаздық тағамдарын ұсынатын дәмханалар да бар. Олардың ішінде «Бауырдақ», «Navat», «The Noobles», «KFC», «Buger King», «Istanbul», «Pizza», Italiano сияқты танымалдарды айрықша атап өтуге болады.
«Молл Апорт» кешенінің үшінші кезеңінің ашылуымен тұтынушыларға көрсетілетін қызмет ауқымы да молая түскен. Бүгінде Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындарына және қонақтарға Қазақстандағы ең үлкен «Магнум» есігін айқара ашты. Ал биыл «Zeta» дүкенінің басқа ауқымы кең филиалы іске қосылып, сапалы жиһаздарын ұсынуда.
5 га аумақты алып жатқан еліміздегі ірі ойын-сауық-сауда кешенінің даму жоспары тоқтаған емес. Жыл сайын жаңа бастамалар іске асуда.
Алматы облысындағы алғашқы оқу ордасы
Қазақстандағы жетекші оқу орындарының бірі саналатын SDU University – Қаскелеңдегі маңызды нысандардың бірі. Оқу ордасы Алматы облысында ашылған жалғыз жекеменшік жоғары оқу орны болып табылады. Университет 1996 жылдың 17 желтоқсанында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Түркия мемлекетінің тоғызыншы Президенті С.Демирельдің қатысуымен ашылды. Оған 1996 жылы Сулейман Демирель университеті атауы берілді.
Ал 2011 жылы оқу ордасы Қарасай ауданының орталығы – Қаскелең қаласындағы жаңа смарт кампусына көшті. 2023 жылы ребрендинг нәтижесінде SDU University мекемесі болып өзгерді. 2026 жылы 30 жылдық мерейтойы атап өтілмек.
Университет шаңырағында бүгінгі таңда 9000-ға жуық студент оқиды. Олардың арасында Орталық Азия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Индонезия секілді мемлекеттердің азаматтары бар. Студенттер қауымы педагогика және гуманитарлық ғылымдар (FEH), инженерлік және жаратылыстану ғылымдары (FENS), құқық және әлеуметтік ғылымдар (FLSS) факультеттерінде және SDU Бизнес мектебінде (BS) білім алады.
Сонымен қатар мультидисциплинарлық білім беру орталығы (MDE) барлық факультеттердің бағдарламалары аясында міндетті пәндерді жүргізеді. Үздіксіз білім беру орталығы Extension School педагогикалық қайта даярлау бағдарламалары, біліктілікті арттыру курстары, Summer school, Winter school. Foundation бағдарламасы білімгерлерді ағылшын тілінде білім алуға бейімдейді. Ал оқу ордасында бүгінгі таңда 500-ге жуық оқытушы жұмыс істейді. Олар толық жұмыс күні режимінде қызмет атқарады.
SDU University 15 га жерде орналасқан. Оның ішінде кампус – 69 584 ш.м, 624 орны бар кітапхана – 2012 ш.м, 1120 студентке арналған жатақхана – 19 560 ш.м, сондай-ақ спорт және мәдениет орталығы (SDU Life ғимараты) – 4 370 ш.м аумақты қамтиды.
Университеттің халықаралық жетістіктеріне тоқталар болсақ, былтыр
QS Орталық Азия университеттері рейтингі бойынша 29 орында болса, QS Азия университеттер арасында 461-470 аралықтағы орынды иеленді.
Тұңғыш Президентке арналған орталық
ҚР Тұңғыш Президентінің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы 2017 жылы 1 желтоқсанда ашылып, халыққа рухани қызмет етіп келеді. Тарихи-мәдени орталықтың мақсаты – Тәуелсіз Қазақстан Республикасын нығайту жолындағы оның алғашқы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дара жолын насихаттай отырып, халыққа мәдени және рухани қызмет көрсету. Орталық қазіргі білім мен ғылымдағы талаптарға сай кең ауқымда жұмыстар жүргізіп келеді.
«Атамекен» тарихи-мәдени орталығында Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағынан бастап, тұлға болып қалыптасқандығына дейінгі кезеңдерден мәлімет беретін әртүрлі экспонаттардан тұратын төрт экспозициялық зал жұмыс істейді. Бірінші залы бала Нұрсұлтанның балалық шағы, мектептегі кезі, студенттік және ең алғашқы еңбек жолына арналған. Екіншісі экспозициялық зал тәуелсіздіктің қалыптасуындағы ең басты саяси қадамдар мен Қазақстанның даму динамикасын көрсетеді. Орталықтың үшінші залында Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы жолдары баяндалады. Ал төртінші залда Қазақстан Республикасының ТМД және алыс-жақын шетелдік елдермен саяси аренадағы жетістіктері дәріптеледі.
Орталықтың ауласындағы панно қазақ халқының тарихынан сыр шертеді. Паннодан ежелгі дәуірден бастап қазіргі кезеңге дейінгі қазақ халқының жүріп өткен жолынан мол мағлұмат алуға болады. Сонымен қатар аулаға музейге келушілер тамашалау үшін Тұңғыш Президенттің 2001 жылы мінген көлігі қойылған.
«Атамекен» орталығы ашылған күннен бастап халыққа үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Келушілерге орталықты тек таныстырып қоймай, жұмыс жоспары бойынша әртүрлі тақырыпта мәдени шаралар, тақырыптық дөңгелек үстелдер, көшпелі қор көрмелері, мектеп оқушыларына музейлік сабақтар өткізіп, өзге музейлермен әріптестік қатынас орнатылған.
Әлемдік деңгейдегі киноакадемия
Қазақстан үшін дүниежүзіне танымал, америкалық «New York Film (NYFA)» киноакадемиясына қарасты жаңа кампустың ашылуы жаһандық жаңалық деуге болады. Ал бұл филиалдың Қарасай жерінде орналасып, елдегі киноиндустрия бағытын дамытуға ықпал етуі – ауыз толтырып айтатын жетістіктің бірі.
Қаскелеңдегі «NYFA» филиалы – АҚШ-тан тыс үшінші NYFA кампусы және Қазақстанда ашылған әлемдік деңгейдегі алғашқы шығармашылық университет. Аталған оқу орны былтыр өз жұмысын бастап, күз айында студенттерді қабылдай бастады.
Академияның орналасқан жері – Қаскелең қаласындағы Бурашев көшесінің бойындағы Energo University мен Dala Edge креативті паркінің базасы.
Оқытушылар құрамына келер болсақ, NYFA-ның АҚШ кампустарынан келген профессорлар Қазақстандағы бағдарламаларды жүргізіп, индустриядағы заманауи тәжірибені және практикалық білімді аудиторияға жеткізеді.
NYFA-ның тағы бір ерекшелігі – мұнда оқитын студенттер киноөнеріне терең бойлап, Қазақстанның дәстүрі мен заманауи рухын ұштастыруы.
Сонымен қатар, Нью-Йорк киноакадемиясының бір жылдық бағдарламасы дәрістер, семинарлар және шеберханалар түрінде практикалық оқытуды ұсынады. Студенттер алдымен негізгі дағдыларды игеруге бағытталған қысқа жобалармен жұмыс істейді, содан кейін дипломдық фильмге өтеді. Бағдарлама шығармашылық пен практикалық тәжірибені дамытатын кәсіби және қарқынды орта ұсынады. Түлектер кино түсіру саласында берік іргетас қалыптастырып, білімдерін жеке жобаларында қолдана алады.
Айта кетейік, «NYFA» оқу орнының ашылуы жолындағы жұмыстар екі жылға жуық уақытты қамтыды. Нақты айтқанда, 2024 жылы Қаскелең қаласында жаңартылатын энергетика, атом энергетикасы, климаттық технологиялар, жасанды интеллект, робототехника, кино, анимация және ойындар сияқты жаңа бағыттарда маман дайындауға мүмкіндік беретін Алматы энергетика және байланыс университетінің жаңа кампусы салынған болатын. Оның базасында шығармашылық индустрия паркі ашылды. Сондай-ақ Energo University мен Нью-Йорк киноакадемиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
15 гектар аумақта орналасқан 1000 шаршы метрлік қазақстандық кампуста кітапхана, дәріс оқитын залдар, дыбыс және монтаж студиялары, шығармашылық кеңістіктер бар. Студенттер режиссер, актер, сценарист, дизайнер және визуалды эффект бағытында білім алады.
Жастарға қызмет көрсететін мекеме
Қарасайлық жастарға арналған қызмет көрсету орталығының бой көтеруі аудан маңызды нысандардың бірі болып табылады. Бұл ғимарат өткен жылы Тәуелсіздік күнінің қарсаңында ашылып, әсіресе, жастар үшін қуанышты жаңалыққа айналды.
Аудан тарихындағы алғашқы Жастар орталығының орналасқан жері – аудандық Мәдениет үйі мен Қаскелеңдегі Өнер мектебінің маңы. Оның аумағы 1000 шаршы метрді қамтиды. Мұнда жастардың дамуына тиісті жағдайдың барлығы қарастырылған.
Орталықтың бірінші қабатында аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары отыратын арнайы кабинеттер қарастырылған. Ал екінші қабатында жастар үшін маңызды әрі қызықты бөлмелер бар. Бұл жердегі үлкен залда коворкинг-орталығы жұмыс істейді. Оның қасында антикафе кеңістігінде келушілер бос уақыттарын тиімді өткізіп, бір дастархан басында бас қосып, әңгіме-дүкен құруға мүмкіндіктері бар.
Сонымен қатар екінші қабатта тігіншілік өнерге тегін үйрететін арнайы студия жұмыс істейді. Бұл бастама жастарды өзін-өзі жұмыспен қамтуына, қосымша табыс табуына жол сілтеп, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы жандардың бейімделуіне көмектеседі. Бұл кабинетке аудандық Мәдениет үйіне қарасты «Саңыраулар» қоғамдық клубының өкілі Гаухар Көкебаева жетекшілік етеді.
Жалпы айтқанда, заманауи орталықта жастардың рухани дамуына, білім көкжиегін кеңейтуге, бос уақытын өткізуге, пайдалы ақпарат алуына барынша жағдай жасалған.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

