Қарасай ауданында Білім күні қуанышты жаңалықпен басталды. Айтулы мереке, әсіресе, Бұлақты ауылының халқы үшін ерекше есте қалды деуге болады. Өйткені Райымбек ауылдық округіне қарасты бұл елді мекенде еңсесін тіктеген, 900 оқушыға арналған үш қабатты жаңа мектеп қолданысқа берілді. Назардағы нысан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып, оқу жылының алғашқы күнінде ресми түрде ел игілігіне тапсырылды.
Білім ошағының ашылу салтанатына Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысса, сондай-ақ бұл шараға ардагер-ұстаздар, ауыл белсенділері мен тұрғындар да қуанышты сәтке ортақтасты.
Салтанатты кештің концерттің бағдарламасында алдымен «Айкербез» би тобы өнерін паш етті. Одан кейін жиналған көпшілік мемлекеттік Әнұранды бірге шырқады.
Ал кештің алғашқы құттықтау сөз кезегі Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновке берілді. Аудан басшысы өз сөзінде бұл ғимараттың бой көтеруіне ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім сапасын арттыру жолындағы басты бағыттары ықпал еткенін атап өтті. Сонымен қатар аталған білім мекемесін салуға күш жұмсаған құрылысшыларға алғысын жеткізіп, барша ұстаздар қауымы мен оқушыларды Білім күнімен құттықтады.
Жұртшылыққа ақ тілегін арнағандардың қатарында Райымбек ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Леміс Әбдікерімов те болды. Ардагер-ұстаздың айтуынша, аталған білім ошағының салынуын ауыл халқы талайдан бері күткен. Өйткені осы уақытқа дейін елді мекенде мектептің тапшылығы өзекті мәселеге айналған. Енді, міне, оның шешімі табылып, заманауи ғимараттың ашылуына тұрғындар өте қуанышты.
Ізгі тілектер айтылған соң, мектептің құрылысына жауапты болған «QAZAQ Stroy» – «Exclusive Group» компаниялар тобының өндірістік-техникалық бөлімінің жетекші маманы Өркен Әбдіманап ортаға шығып, жаңа мектептің басшысы Шолпан Оспановаға білім мекемесінің символикалық кілтін ресми түрде табыс етті. Одан кейін ортаға бір топ оқушы шығып, мектеп тарихында алғашқы қоңырауды соқты.
Осындай керемет көріністен соң аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы, бастаған құрметті қонақтардың, атап айтқанда, «Асыл ана» ұйымының төрайымы Ұлтусын Бархинова және ауыл ақсақалы Леміс Әбдікерімовтің қатысуымен жаңа ғимараттың лентасы қиылып, білім шаңырағының есігі айқара ашылды.
Құрметті меймандар заманауи үлгіде салынған мектептің ішін аралап, оқушылардың білім алуына барлық жағдай жасалғанына куә болды.
Аталған білім ұясы заманауи үлгіде салынғандықтан, мұнда барлық жағдай қарастырылған. Есіктің кіреберісінде Face ID жүйесі орнатылып, оқушылардың келген-кеткені қадағаланып тұрады. Сонымен қатар мектеп ішінде балалардың шығармашылық ой-қабілетін дамытуға бағытталған кабинеттер бар. Атап айтқанда, «бейнелеу өнері, графика мен жобалау» «дизайн және технология», «тағам дайындау» сияқты бірнеше бөлмелер. Хореография залы мен оқырмандарға арналған кітапханасы да ерекше ойластырылған. Ал 200 шақты көрермен сиятын акт залы мен 255 адамдық асхананың кеңдігі де әсемдігі де көпшіліктің назарын өзіне аудартады.
Міне, осындай керемет мүмкіндіктің бәрі ұстаздардың алаңсыз жұмыс істеуіне және оқушылардың сапалы білім алуына орай жасалған. Бүгінгі таңда жаңа мектепке 70-тен астам педагог жұмысқа орналасса, 800-дей оқушы білім алуын бастап кетті. Балаларды қабылдау әлі де жалғасуда.
Бұлақты ауылында осындай білім ошағының еңсесін тіктеп орналасқанына жергілікті халық дән риза. Қай-қайсысынан сұрасаң да бұл күнді асыға күткенін айтады. Солардың бірі – Гүлжан Дуанаева. Ауыл тұрғынының айтуынша, дәл осы жаңа мектептің табалдырығын екі немересі аттап отыр.
– Немерелерім бұрын көрші ауылдағы мектептерге барып оқитын еді. Енді өз ауылымызда керемет мектептің ашылғанынан өте қуаныштымыз. Бұл сәтті талай жыл күткен едік. Сондықтан жаңа ғимараттың бой көтеруіне атсалысқан аудан басшысынан бастап барлық сала мамандарына, құрылысшыларға тек алғысымды білдіремін, – деді ауыл тұрғыны Г.Дуанаева.
Айта кетейік, Бұлақты ауылында осы уақытқа дейін тозығы жеткен бір қабатты ғимаратта бастауыш сыныптың оқушылары білім алып келген. Ал жоғары сыныптың балалары жан-жақтағы көрші елді мекеннен қатынап оқыған. Енді, міне, бұл түйіткілді мәселе шешіліп, қолайлы, жайлы білім мекемесі ауыл халқының қуанышына айналды. Аталған ғимарат «Келешек мектептері» жобасы бойынша салынған Қарасай ауданындағы сегізінші болып табылады. Сондай-ақ оның қолданысқа берілуі аудандағы үш ауысымды мектептің санын толық жойып отыр.
Жаңа білім беру нысаны 2,8 га аумақта орналасқан. Оның жалпы ауданы 10 400 шаршы метрді қамтиды. Ғимараттың өзі бірнеше блоктан тұрады. Оны әрбірі әр сыныпқа арналған. Мәселен, «А» блогында жоғары сынып, «Б» блогында орта сынып оқушылары оқиды дегендей.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

