Қоршаған ортаны аялауға бағытталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының ауқымды түрде дәріптелуі Қарасай жерінде жақсы байқалады. Осындай ел Президентінің бастамасына аудан тұрғындары үнемі қолдау білдіріп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға барынша күш жұмсап, кейінгі ұрпаққа өнеге ретінде игі істен қалыс қалған емес. Әсіресе, аптаның төртінші күнінде жұртшылық жұмыла кірісетін «Таза бейсенбі» шарасын айрықша атап өтуге болады.
Дәстүрге айналған ауқымды экошараның бірі күні кеше аудан көлемінде тағы атқарылды.Мәселен, Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Мерей ауылындағы ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Игі іске көпшілікпен бірге Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосов та қатысты.
Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау мен ауыл тазалығын сақтауға бағытталған бұл шараға округке қарасты мемлекеттік мекеме қызметкерлері, «Алматыоблсушар» Қаскелең өндірістік бөлімінің ұжымы арнайы техникалармен, жергілікті кәсіпкерлер, ауыл ақсақалдары, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары бір кісідей атсалысты. Жалпы алғанда, туған жердің тазалығына жанашырлық танытқан 100-ге жуық адам жиналды.
Сенбілік барысында Мерей ауылындағы «Октябрьский пруд 1» және «Октябрьский пруд 2» су қоймаларының жағалаулары күл-қоқыстан толықтай тазартылды. Жұмысты өнімді әрі жедел жүргізу мақсатында экскаватор, «HOVA» жүк көлігі сияқты арнайы техникасы тартылып, нәтижесінде 10 тоннаға жуық тұрмыстық және құрылыс қалдықтары арнайы полигонға шығарылды.
Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін Қарасай ауданы бойынша 30-дан астам сенбілік ұйымдастырылса, оларға жалпы алғанда 50 мыңнан астап адам қатысты. Ал шығарылған қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі шамамен 800 тоннадан асады.
Өз тілшіміз.

