Президент бастамашыл болған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Қарасай ауданына қарасты әрбір елді мекенде өтуде. Әсіресе, «Таза бейсенбі» деп аталатын сенбілік жұмыстары ерекше назарға алынған. Мәселен, өткен аптада дәл осы бастамаға қала мен ауылдық округтер белсенділік танытып, экологиялық мәдениетке атсалысты. Солардың арасында Райымбек ауылдық округіндегі игі шараны айтуға болады.
Ауыл халқы акция аясында қоғамдық орындарда, көше бойларында, сондай-ақ Көклайсай шатқалында санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізіп, шөп шауып, аумақтарды абаттандыруға үлес қосты. Бірлесе атқарылған істің арқасында ауылдың аумағынан біраз қоқыс шығарылды. Мұндай экошаралар алдағы уақытта жалғасады. Оған ауыл белсенділері әрдайы қолдау көрсетуге дайын.
Тазалық – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Осы ретте ауыл жұртшылығы барша тұрғындарды үнемі қоршаған ортаны таза ұстауға, табиғатты аялауға және тазалық мәдениетін қалыптастыруға белсенді атсалысуға шақырады.

