Өткен аптаның бейсенбісі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық, қалалық ардагерлер кеңесінің жұмысын жандандыру мақсатында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетовпен кездесу өтті. Оған ауданымыздың ардагерлер ұйымының мүшелері, аудан әкімдігінің қызметкерлері мен белсенді жастар қатысты. Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Рүстам Атшабаров төрағалық етті.
Аталмыш жиында облыстағы ардагерлер мен зейнеткерлердің белсенділігін арттыру, оларды мәдени-бұқаралық іс-шаралармен қамту және қоғамда болып жатқан аса маңызды саяси-әлеуметтік реформаларды жан-жақты талқылау мәселесі сөз болды.
Облыстан арнайы келген Ербол Сапарұлы ең алдымен ардагерлер ұйымының қоғам үшін қажеттілігін айтып, аудандардағы ұйымдардың жұмыс белсенділігін арттыру керектігін түсіндірді.
– Бүгінгі ардагерлер екі қоғамда өмір сүріп, еңбек еткен жандар. Біз осы уақытқа дейін тәуелсіздікті нығайта түсуге еліміздің дамуына өз үлесімізді қосып келеміз. Әрине, бүгінде ардагерлер ұйымдарының ықпалы орасан, белсенділігі зор, бұқаралық қозғалыс екендігі дау туғызбайды. Осы тұрғыда қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоғары жаққа жеткізу, жастарға рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбие беру бағытындағы істерді одан әрі жандандыра түсуіміз қажет, – деген облыстық ардагер кеңесінің төрағасы қарттарды жастарға өнегелі тәрбие беруге шақырды.
Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы жиналғандарға ардагерлер қатарын толықтыра түсу керектігін айтып, осы мақсатта енді зейнетке шыққандарды да жұмысқа тарту қажет екенін жеткізді.
Бұдан бөлек Ерболат Тұрымбетов көпшілікті облыста «Алатау ардагерлері» атты газет шыққанынан хабардар етті. Аталмыш баспада елімізге еңбегі сіңген облысымыздағы қариялар жайлы ақпараттар, аудандардағы ардагерлер ұйымдарының атқарып жатқан жұмыстары, өткізіп жатқан шаралары туралы мақалалар жарияланып тұратынына тоқталды. Сондай-ақ жиналғандарды газеттің белсенді түрде жарыққа шығуына атсалысуларын сұрады.
Мұнан кейін аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов, Алматы облысының Құрметті азаматы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Қанат Тәкебаев сынды ақсақалдар сөз сөйлеп, аудандық ардагерлер ұйымдары жергілікті жердегі ең іргелі, белсенділігі жоғары, жұмысты ықшам ұйымдастыратын бұқаралық ұйымдар болып табылатындығын әңгімеледі. Сондай-ақ бұл жиында жас ұрпақ тәрбиелеуде аға буынның ақыл-парасаттылық, ұлағатты өмірлік ұстанымдары баға жетпес мұра екені айтылып, ардагерлердің рухани даму және жастарға патриоттық тәрбие беруде үлкен үлес қосып келе жатқандығы сөз болды.
Өз кезегінде аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жарқынай Садуова да ой қосып, жас қарасайлықтар әрқашанда ардагерлерге көмек беріп, қариялардың ықпал еткен барлық жұмысқа қолдау көрсететіндігін білдірді.
Жиын соңында Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ербол Сапарұлы аудандық ардагерлер ұйымы тарапынан жүргізілген жұмыстарына «жақсы» деген баға беріп, алдағы уақытта да қоян-қолтық жұмыс жасауға шақырды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.