Қыс Қарқараны көктемнен қызғанғандай, енді қар еріп, көктемнің лебі сезіле бастағанда, қайта жапалақтап қар жауып, айналаны мамық көрпеге орайды. Ал Қарқараны қоршаған тауларға көз жүгіртсең, іштей, «көктем қашан шығады!?» – деп, аңсайсың… Мыңжылқының басынан маужыраған тамыз айында да қар кетпеген ғой, шіркін! Алланың құдіреті емес пе?! Жетісудің төрі қандай керемет табиғатқа ие. Көрсе көз сүрінеді! «Алланың хикметін сез» — деп, Абай атам айтпақшы, Алланың жаратқан құдіретінен Алланы танимыз.
Қарқара — таулы өлке. Қар қалың түсіп, ауа райы салқын болатын ылғалды аймақ. Алты ай қыс мезгілі, алты ай жаз мезгілі болатын өңір. Бір жылдары тұрғындардың бірі «былтыр мұндай да қар еріп, жаз болып кетіп еді» – десе, енді келесі жылдары «биыл көктем ерте шықты иә!?» – дейтін сөздерді естиміз.
Көктемде жер жаңарып, табиғат ерекше сұлуланады. Жер беті жасыл түске боялып, ағаштар бүршік атып, бәйшешектер өсіп шығады. Қар еріп, көшелерде жылғалар пайда болып, кішігірім өзендер ағады. Құстар мекеніне қайта оралып, әуендеріне сала бастайды. Қорадағы сиыр, ешкі, қойларымыз өріске шығып, көкке жайылады. Төрт түлік мал төлдеп, қора маңының шулайтын уағы. Көктем симфониясы мені шабыттандырады.
Кішкене күнімізден уыз жейміз деп, алақайлап, анамыздан уыз қашан піседі деп, мазасын алумен болатынбыз. Уыз пісіп, өзіміз ауыз тигеннен соң, туыстарымызға «алғашқы уыздан» дәм татыңыздар деп,апарып беруші едік. Бұл бір дәстүр іспетті болатын. Тұрғындар да қалың киімдерін тастап, жұқа, көктемдік киімдерін кие бастайды. Таудың басында қар болғасын, малды өріске шығарар уақытта және кешке мал өрістен қайтар уақытта қардың суық ызғары соғып тұрады. Анамыз шелегін көтеріп, сиыр сауып, сүт тартады. Сеператордың қасына отырып алып, анамызға қолғабыс етіп, «кілегей қашан келеді» – деп, аңдумен боламыз. Қыста күндіз ғана ойнайтын балалар тобыры көктем кештерінде пайда болып, түнге дейін ойнайды. Бірі құлап, бірі жылап, бірі күліп, енді бірі таласып ойнайды. Ойынның қызығына тоймай, қараңғының да батқанын байқамай, үйдегілерден ұрыс еститін болдым-ау, – деп, барлығы үйлеріне тарқайды. Көктем таңы ерекше шұғыласын шашып, арайланып атады. Ал жаңбырлы күн болса, жаңбырдың себелеген әр тамшысының өзі керемет дыбыспен жерге жауады ғой, шіркін! Жасымнан табиғатқа ғашықпын, тауларға ғашық болып өстім! Таулар менің тәлімгерлерім, себебі олар маған әркез биік болуды үйретті. Сонымен қатар, мен тыныштықты қатты жақсы көремін. Ол менің ауылымда, үйімде, отбасымда…
Қарқараның табиғаты ерекше ғой, қайта-қайта көз алмай қарай бергің келеді. Сай саласына шықсаң, Мыңжылқының баурайын көресің, Қарқара жайлауының жазира кеңдігін көресің! Осындай тылсым сұлулыққа толы табиғатты қанша сапалы фотоаппаратқа түсірсең де, көзіңмен көргеніңдей болмайды-ау, шіркін! Қарқараның көктемін, табиғатын сөзбен сипаттау, суреттеу мүмкін емес! Қарқара көктемі ерекше…
Мерей ДОСАЛАМАНОВА,
Халықаралық туризм және меймандостық университеті.
Қарқара ауылы.