Бүкіл әлемдік алапат тудырған Чернобыль апатының орын алғанына биыл 38 жыл толып отыр. Бұл жантүршігерлік оқиға дүниежүзіндегі атом энергетикасы тарихындағы ең ірі жарылыстың бірі атанып, соның салдарынан радиоактивтік ластануға ұшыраған жандар көп болды. Осы апатқа өрт сөндіру қызметінің адамдары, әскери сарбаздар және медициналық қызметкерлер барлығы бірігіп, адамдардың өмірін аман сақтап қалуға атсалысты. Сол әскери сарбаздардың қатарында ауданымыздың тұрғыны, «Чернобыль ардагері және мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы Қарасай аудандық филиалының төрағасы Арман Сейдазимов та бар. Бүгінде ардагеріміз бұл сұрапыл апатты мұңая есіне алады.
Арман Зауырбекұлы 1967 жылы 17 маусымда Жамбыл облысында дүниеге келген. Қарасай ауданының Қаскелең қаласындағы орта мектепте 8 сыныпқа дейін білім алып, кейін Талғар ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру техникумына оқуға түсті. Оқу ордасын аяқтаған жылдары әскер қатарына шақыртудан босатылған. Оның басты себебі – отбасылы және бір баласы болғандығы. Алайда бойында патриоттық сезімі лаулап тұрған жас жігіт үшін бұл әскерден қалу сылтау емес еді. Сондықтан әскер қатарына өзі сұранып, бір баласы болса да келіншегі мен ұлын үйіне қалдырып, Отан қорғауға аттанған.
Ардагеріміз әскер қатарында борышын өтеп жүрген сәтте Чернобыль апаты орын алып, бірге борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгерлердің барлығы сонда жіберілген. Бір қызығы, ол жерде үлкен жарылыс болғандықтан оқшауландыру жүріп жатыр деп, сарбаздарға нақты ақпарат берілмеген. Барғаннан кейін ғана не жағдай болғанын анық түсінген Арман Зауырбекұлы қатардағы жауынгерлермен бірге үш ай уақыт сол қалада әскери міндетін атқарды. Апаттық қаланы екі адам кезекпен шығып күзеткен. Сол уақыттарда ол қала елсіз мекен болып қалған. Себебі халықты оқшауландыру үшін көшіріп жіберген болатын, соны пайдаланған кейбір қаскүнем адамдар ұрлыққа түскен.
Ардагеріміздің айтуынша, әскери жасақтар ол қалаға тыныштықты күзету, ұрыларды бақылау бағыты бойынша барған. 15 күн күзетіп, әскери аумаққа қайтып басқа сарбаздармен орын алмасып, кейін 15 күннен соң қайта оралған. Тіпті Ауған соғысынан жаралы болған азаматтарды да осы елді мекенге борышын өтеуге аттандырған. Сол бір уақыт ең қиын дүниежүзілік апат болғандықтан, әскерге алынған сарбаздарды Ауған соғысына емес, Чернобыль қаласына жіберген.
Арман ағамыз әңгілемесу кезінде Чернобыль қаласында өткен бір күнін сипаттап айтты. «Тіршіліксіз ну орманда жүргендей күйде болатынбыз, құстардың дауысы, шегірткенің шырылдауы секілді дыбыстарды мүлде естіген жоқпыз. Бірақ жерден көртышқанды және шегірткені көзім шалып қалды, радиоактивті ластанудың зардабынан мутант болып кеткен. Көртышқанның дәулігі, қазіргі мысықтардың көлеміндей, ал шегірткенің үлкендігі шамамен 10-15 см еді және қатты уланғанның кесірінен секіре алмайды, жай қозғалатын. Тіршілік біткен өлі қала еді ғой. Бірақ бізге Украин елі өте жақсы қарады, адамдары қарапайым еді», — дейді кейіпкеріміз.
Арман ағамыз әскерде борышын өтеп жүрге уақыттарда, қазақ елінде Желтоқсан оқиғасының аласапыраны болып жатқан. Соның салдары әскердегі азаматтарға да тиді. Нақтырақ айтсақ, Қазақстаннан борышын өтеуге келген азаматтарды қатаң тексеруге алған, тіпті отбасыларынан келген жеке хаттарын алдымен әскерлер оқып, сосын ғана қолдарына беретін болған.
Азаматтық борышын абыроймен өтеп келген Арман Сейдазимов еліне оралғаннан кейін де халқы үшін адал қызмет етуді жалғастырған. Әскерден кейін «инженерлік» мамандығы бойынша қызмет атқарған, онымен қоса Қарасай аудандық ішкі істер бөлімінде (қазіргі аудандық полиция басқармасы) жұмыс істеп, кейіннен жеке кәсіпкерлікпен айналысқан.
Әлемнің әлегіне айналған апат 1989 жылға дейін созылды. Сол бір оқиғаға Қарасай ауданы бойынша 50-ден астам азамат жіберілді.
Айта кетейік, осы жылдың басында «Чернобыль ардагерлері және мүгедектері» қоғамдық бірлестіктің Қарасай аудандық филиалының төрағасы болып Арман Зауырбекұлы тағайындалды. Жауапты қызметтің тізгінін қолына алған ардагеріміз 2024 жылдың 16 ақпанында Чернобыль ардагерлерінің басқосу жиынын өткізді. Оған арнайы шақыртумен «Чернобыль ардагерлер және мүгедектер» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Нұрхайын Мұхиддинов және осы бірлестіктің Жамбыл ауданы бойынша филиал төрағасы Жетпісбай Досмамбетов қатысты.
Қазіргі таңда ардагеріміз Дариға есімді жұбайы екеуі – бір ұл, екі қызды тәрбиелеп, 6 немереге ата-әже. Халқына да, отбасына да еңбегі сіңген кейіпкерімізге мемлекет тарапынан арнайы ай сайынғы көмек қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар, жылына бір рет емделу орталығына 12-14 күн шамасына тегін баратынын айтты. Ардагеріміз өзінің келешектегі жоспарын бөлісе келе, 2026 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль апатының орын алғанына 40 жыл толуына орай, Қарасай ауданында ескерткіш орнату қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ осы апаттың салдарынан қайтыс болған ардагерлердің отбасына мемлекеттен көмек ретінде пәтер берілсе деген арман-тілегін бөлісті.
Арман ағамыз әңгімелесу барысында ер азамат үшін әскерге бару қаншалықты маңызды және жауапты екенін айтты. «Мына қазіргі жастар әскерден қашпай, керісінше Отан алдындағы борышын өтеуге асығып тұрса ғой! Біздің кезімізде әскерге бармаған жігіт ер емес деп саналатын еді, әскерден қалып қойғанды намыс көретін едік. Сондықтан қазіргі жастарған әскерге абыроймен баруға деген намыстары оянса екен деймін», – деді Чернобыль апатының ардагері Арман Сейдазимов.
Шұғыла ТЫНЫС.