Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұрпақтың парызы. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп бекер пайымдамаған. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген мақалдардың айтары көп, сыры басым. Осы тұрғыда өсіп-өнген, бірнеше ауылға жеткен Аламан Мәмбетұлы бидің тарихынан сөз қозғамақпыз.
Алжанның бір баласы Аламан деп аталады. Аламан би болған әрі ауқатты кісі екен. Соның бір мысалы мынандай, «Өздерінің айтуына қарағанда Аламанға қызыр дарып, бақ қонған деседі. Аламан байдың жұртқа әйгілі «Қайқы бел қара торы» биесі болыпты. Барымташылар байдың жылқысын айдап кетсе де екі-үш күнен қалмай торы бие үйірін бастап, ауылға келіп отырған. Онда да тегін келместен бірмұнша бөтен жылқыларды бірге ертіп келіп, мал саны еселеп өседі. Аламан бай көрінгенге көз салмайтын, ықыласы ауғанда ғана қабағын көтеріп тіл қататын, малдарын әбден қоралап болған соң сәп сала қарап, малшыларына тиісті тапсырмасын беретін әдеті екен. Бірде жылқышылар Аламанға келіп: «Байеке, малыңыздың саны асып барады, іздегенге жақсы болсын, таңба белгілеп берсеңіз» депті. Сонда бай қазан асатын үш бұтаққа қарап отырып: «Ошақ болмаса, қазан төгілмейді, ал қара қазан – үйдің ырысы» деген ізгі тілекпен ошақты ентаңба етіп белгілеп берген. Күні бүгінге дейін Аламан ұрпақтары атасының сондағы айтуы бойынша үш аяқты «Ошақ таңбаны» малдарына белгі етіп келеді. Малды, жанды болуды тілеген кісілер Аламан байдың алдына келіп, ықылас батасын алып қайтады екен». (Нұрлан Сәрсенбаев, «Ататек жалғаған алтын шынжыр» 2016 жыл 156 б.).
Аламан Алжанұлы Т.Ө.Ж.Б. – би, тегі Албан руынан, Аламан билік ететін Сырымбет, Қиығылық, Шағыр ауылдары 1780 – 90 ж. Лепсі, Сарқан, Бақанас, өзендері аралығында көшіп–қонып жүргенін капитан И.Г.Андреев еңбектерінде жазылған. Сол кезде 450 түтін болған. Ұрпақтары Ақбас, Бекбас, Шоңбас батырлар Райымбек жасағына қосылған. Жетісу энциклопедиясы, 2004 жыл.
Осы деректер атадан балаға ауызша жетіп отырған. Оның шындық екеніне дау жоқ. Аламан атамыздың төрт түліктің төресі жылқыны қастерлеп, еңбегінің арқасында үлкен байлыққа ие болған. Заманында қазақтың бар тіршілігі жылқыға байланысты болғанын білеміз.
Қазақ халқы ежелден көшпелі өмір сүрген. Төрт түлік малдың ыңғайына қарай қоныс аударып, малды өсірудің қыр — сырын жетік меңгеріп, күнділікті өмір тірішілігінің көзіне айналдырған. Қайда көшсе де отырған қоныстары рулардың атымен аталып келгені көпке аян. Бүгінде Аламан атадан тараған сегіз ұлы — Маясар, Бұршақ, Аю, Мырзағұл,Алтыбасар, Айтуған, Шобалай, Абыз ұрпақтары Сарыжаз, Кеген, Ақтасты, Алматының айналасында өмір кешіп, өсіп — өніп келеді. Ал арғы тарихқа көз жіберер болсақ, XVII ғасырда Кербұлақ өңірінің Қоңырөлең, Басши, Ынталы деген жерлерде өмір кешкенін әлі ұмытылмаған тарихи орындар айқындап отыр. Осы өңірде Аламан тауы, жайлауы, сайы, бұлағы, асуы деген атаулар бүгінде де атауын жоймағанын көріп отырмыз. Аламан атаның бір баласы Аюдың атымен де үлкен бір сай аталып келген. Осы өңірде көптеген оба, қорымдардың орыны әлі сақталып қалған.Көнекөз қариялардың айтуында Аламан атамыздың осы өңірге жерленгені туралы деректер кездеседі. Осы аймақтың Қаспан деген жерінде кезінде жабайы құландар өте көп болған, тіптен кейде үйірлі жылқыларға қосылып жайылғаны жайлы айтылады.
«Аламанның алты қасқыры» атанған сайыпқыран ұлдары осы құландарға қызыға отырып, амалдап ұстап, қолға үйретіп, үйірге қосқан. Осының нәтижесінде «Аламанның көкаласы» деген жылқының жаңа тұқымы пайда болады. Сөзіміз дәледі болу үшін қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезовтің «Қилы кезең» кітабын жазу барысында атақты Қарқара өңірін аралағаны, 1916 жылы Албан көтелісіне қатысқан жандармен әңгімелескені тарихта белгілі. Ел арасынан естіген «Аламан байдың Көкаласы атанған текті, сираға сидам, алқымы, аңғары кең жылқыларын қайда қоясың?» деген сөздері жоғарыдағы сөзге дәлел. «Қанкелдінің киесі – аттан білем» деген мәтел бар. Қырғыздар Сырымбеттің қалың жылқысын ұрлап айдап кетеді. Сол жылқының ішінде Қанкелдінің де бәсіресі Күреңбестісі болған. Күреңбесті Сырымбеттің бауыры Аламанның көкала биесінің тұқымы еді. Қанкелді батыр келер жылы жылқыны ұрлап айдап кеткен Қырғыз Сару Талпақтың басын алып, жылқыларын қайтарып әкеледі.
Осынау текті жылқыға қызыққан Мақаншы,Үржар өңіріндегі тобықтының барымташылары бір үйірін айдап кетеді. Жылқылар жерсінбей ағыны өткел бермес Таскескен өзенінен өтіп, желдей есіп, өзінің өскен мекеніне оралады. Әлі күнге дейін осы өңірде «Көкаланың өткелі» деген жер атауы сақталған.
Атамыздың таңбасы қасиетті ошақтың нұсқасында болса, қазіргі кездегі Аламан бәйгені ойлап тапқан біздің атамыз екеніне күмән жоқ. Ат бәйгесін күншілік жерден белгілі сөреден жіберу барша қазаққа тән. Ол ауыз әдебиетінің жырларында да айтылып келеді. Кезінде Арқада өткен Сағынайдың асындағы Құлагер жүйрік туралы білмейтін қазақ жоқ. Алыстан жіберілген ат жарысын ешкім көріп отырмайды. Тек жүйріктің сөреде келгенін ғана көреді. Біздің ақылғөй Аламан атамыз ойлап тапқан бәйге белгілі қашықтықтықты манағы қасиетті ошақ нұсқасында он-он бес шақырымды белгілеген шеңбер бойымен айнала шабады. Ат бәйгесі десе, ішкен асын жерге қоятын қазақ ол жарысты көзбен көріп отырады. Атамыздың көрегендігі сол, бәйге өтетін орын үлкен ипподромға ұқсайды. Ал ат спорты өтетін ипподромдар өркениетті елдердің бәрінде бар. Аламан атамыздың бастауымен болған ат бәйгесі әлі күнге дейін өз құндылығын жоймай, «Аламан бәйге» деген атпен өмір ағысымен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Қазірде осы қасиетті таңбамен бүгінгі ұрпақтары жылқыларына таңба етіп келеді. Бұл таңба Албан руларының ешбірінде кездеспейді.
Кеңестік кезеңге дейін осынау шұрайлы өңірді мекендеген ұрпақтар арасынан Алжан елінде Қаражан Байқазанұлы Қияс көп жыл болыс болған, ол кісінің көмекшісі Алтыбасардан Әжіұлы Әймәнбет көмекшілік атқарған. Қаражан атадан Қажыға барған Еспенбетұлы Сұраншы, ірі бай әрі болыс болған.Ол кісінің баласы Байсүгір,немересі Әбдіқалық інісі Дәркембай да болыс болып,ел тізгінін ұстаған қадірлі жандар. Қурайлыдағы қос бейіт Байсүгір мен інісі Сыпатайға арналып салынған.Шебер қолдан жасалған асыл дүние ғасыр өтседе әлі өз қалпын сақтап тұр.
Алтыбасар ата ұрпақтарынан болыс болған Жәйшібек, Ауғанбай Бектенұлдары,жиырма бес жасында болыс болған Манабайұлы Талдыбай, Маясар атадан Тәжібайұлы Ұлтанбек болыс болған өз заманының қадірлі жандары деуге болады.
1916 жылғы патшаға қарсы Албан көтерілісіне белсене қатынасқан Алдаберген Қойшыбекұлы, Әбдіқалық Байсүгірұлы, Жәйшібек Бектенұлы, Тайлақ батыр Тілеуқабылұлы сынды аталарымыздың тарихта аты қалған ерекше тұлғалар екенін ұмытуға болмайды.
Кеңестік кезеңдерде аталарымыз көптеген ұлы істерге мұрындық болды. 1946-1950 жылдары Ақтасты өңірінде ғалымдар жабайы арқармен қазақы қойды будандастыру арқылы қойдың жаңа түрі арқар-мериностың жаңа тұқымын шығарды. Таулы өңірге бейім, қысы-жазы жайылымда болатын биязы жүнді, етті осы түлік шаруашылыққа көп пайда әкеліп, Қазақстанның көп аймағына таратылды. Осынау жаңашыл іс жайында «Қазақстанның халық жазушысы» Сапарғали Бегалиннің «Асыл төл» деген тарихи повесінде жан — жақты айтылады. Кеңестік ғалымдардың ерен еңбегі мен Ақтастылық қойшылардың тынымсыз, жаңашыл еңбектері тамаша суреттелген. Сол кездегі «Қызылту» колхозының төрағасы Аламан атаның Мырзағұлынан тарайтын Мүсірәлиев Молдақынға, Қаражан Төлебаев Құрманәліге, Қаражан Жұмақан Қорғанбаевқа Социалистік Еңбек ері атағы беріліп, кеуделеріне алтын жұлдыз тақты. 1950 жылы Мүсірәлиев Молдақын СССР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Қазіргі кезде Кеген, Ақтасты ауылдарында осы аталған аталардың аттарына бір бір көшенің атауы берілді.
Тәуелсіздік алған байтақ елімізде Аламан ұрпақтарынан ғылым-білім, өнер, спорт саласында жетістікке жеткен ұрпақтарын ауыз толтырып айтуға болады. «Алаш» сыйлығының иегері ақын Мінуар Әкімханов, ақын- сатирашы Нұртан Төлепбергенұлы көпке танымал. Филология ғылымдарының докторы Күлбархан Сымағұлова, химия ғылымдарының докторы Алмагүл Исанбекова ел мақтанышы. Астаналық театрдың бас суретшісі Доспаев Дәулеттің де еңбегі зор.
Кезінде дзюдодан СССР чемпионы болған Айсара Керімбекова, 1996 жылғы 26- жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Атлантада (АҚШ), 2000 жылы XXVII Олимпиада ойындарында 6-орын, Сидней (Австралия), көптеген әлемдік жарыстардың еркін күрестің жеңімпазы Мәулен Мамыров, Қазақ күресінен әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы Бауыржан Тәліп, зілтемір көтеруші Жасұлан Қадырбаев 2014 жылы әлемдік деңгейде алтыннан алқа тақты. Ал сахна саңлағы Айқын Төлепбергенді білмейтін жан аз.
Бары да, байлығы да жастар. Халқымыздың салт-дәстүрін, ділі мен тілін жаңа ғасырда жаңаша жеткізіп, ғылым-білім жолына түсіп, еліміздің даңқын асқақтатар ұрпақтың қашанда ата жолын қастерлейтініне кәміл сенеміз.
Биылғы жылы Аламан бабадан тараған ұрпақтары жиналып, ақылдаса келе бабамызға ескерткіш белгі қоюды мақсат етіп, игілікті жұмысты бастап кетті.
Нұр МАЛБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің озаты, зейнеткер ұстаз.