Қарасай ауданы әкімінің халық алдындағы есептік кездесуі жалғасуда. Солардың бірі осы аптада аудан орталығы – Қаскелең қаласында өтті. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Бексұлтан Ақылбек қалалықтармен «Келешек мектеп» жобасы аясында салынған жаңа білім ошағында кездесіп, бірқатар елді алаңдатқан мәселелерге мән берді. Сондай-ақ бұл жиынға арнайы түрде аудан прокуроры Айдос Чорманов және қаскелеңдіктерге қызмет көрсетететін бірқатар мекеменің басшылары қатысты.
Есептік кездесуде алдымен Бексұлтан Ақылбекұлы ауданда атқарылған жүйелі жұмыстарды баяндап, қала аумағында жүзеге асатын бастамаларға кеңінен тоқталды.
Қарасай жерінде 367 мыңдай адам тұрса, соның ішінде 88 мыңнан астамы – қаскелеңдіктер. Қала аумағында Көктөбе ауылы мен 41 саяжай орналасқан.
Қаскелеңде аудандағы жеті жүйе құраушы кәсіпорынның бірі – «Хамле Company LTD» ЖШС (қазіргі атауы «Pladis Kazakhstan») бар. Одан бөлек жалпы алғанда 300-дей адамды жұмыспен қамтып отырған төрт өндірістік кәсіпорындар жұмыс істейді. Олар – «Фирма Демеу», «Маолин», «ЯКАР» және «Сашико-Олжа Продукт» ЖШС. Бұл аталғандардың бәрі аудан экономикасын арттыруға едауір үлес қосып келеді.
Сонымен қатар қалада ауқымды жобаларды жүзеге асыру шаралары да қолға алынған. Мәселен, келесі жылы «Karasay Plaza» деп аталатын сауда және ойын-сауық орталығының құрылысы аяқталу жоспарда тұр. Аталған нысан қаскелеңдіктер мен қала қонақтарының демалысына айналатын ерекше орындардың бірі болмақ.
Аудан аумағында әлеуметтік нысандардың салынуы да басты назарда. Соның ішінде ең маңыздылары Қаскелеңде бой көтермек. Атап айтар болсақ, аудан орталығында заманауи перинаталды орталық пен 500 келушіге арналған көпсалалы емхана салынбақшы. Қазіргі уақытта екеуінің де жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Одан бөлек талай жыл жөндеуді көрмеген Қаскелең қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының сейсмикалық күшейту жұмыстары қайта жаңғыртылады. Бүгінгі таңда оның құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.
Сонымен қатар қаланың орталығы арқылы өтетін Абылай хан көшесі абаттандырылуда. Оның І кезеңі бойынша жұмыстар атқарылды. Дәл сол сияқты «Наурызбай батыр» ескерткішінің аумағын жаңарту да қолға алынбақ. Қазіргі кезде абаттандыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген, енді тек тиісті қаражатты бөлу мақсатында облыстық бюджеттік комиссияға өтінім берілді.
Осы және өзге де жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асуы келешектің еншісінде. Бұл жайлы аудан әкімінің міндетін атқарушы Бексұлтан Ақылбек кеңінен түсіндіріп, жергілікті тұрғындардың бірнеше сұрағына жауап берді.
Тұрғындардың көбі әдеттегідей жарық, су, жол сияқты инфрақұрылымға қатысты сұрақтардың жауабын білгісі келді. Мәселен, «Башир» мейрамханасының маңайында тұратын Света есімді апа Кәусар, Сарбұлақ, Жаңажол, Көкорай деп аталатын көше тұрғындарының өтініштерін арқалап, 15 үйдің жарығына қатысты мәселесін жеткізді. Айтуынша, жекеменшік қосалқы трансформаторды мемлекеттің иелігіне өткізе алмай жүргеніне бес жылға жуықтаған. Осыны біржақты шешіп беруін сұрады. Одан бөлек қала ішінде жүретін №1 маршруттың кері қарай жүретін бағытына тағы бір аялдама қосуын сұрады. Оны «Башир» мейрамханасының маңайына орналастырса деген тілегін білдірді. Аталған екі мәселеге аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлы мән беріп, тиісті мекеме өкілдерімен ақылдасып жауап берді. Оның сөзіне сүйенсек, болашақта аудан бойынша 14 елді мекеннің электр жүйелерін жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ. Оның ішінде Қаскелең қаласы да бар. Сол кезде бұл жоба жүзеге асатын болса, жоғарыда аталған көшелердің электр жүйелері біржақты шешіліп, мемлекеттің қарамағына өтеді. Қазіргі уақтытта бұл жұмыстың жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Енді тек қаражат бөлу мәселесі ғана кезек күттіріп тұр. Ал қоғамдық көлікке қатысты жағдайды реттеу үшін Қарасай аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тапсырма берілді. Қызмет көрсетуші автопарктің басшылығымен ақылдасып, қосымша аялдама қосу мәселесі қарастырылмақ.
Есептік кездесуде Асқаров көшесінің асфальтталуы да айтылды. Бұл сұрақты көше тұрғыны Раушан Садықова қойды. Қала тұрғынының айтуынша, базар маңындағы Асқаров көшесінің бас жағы асфальтталып, аяқсыз қалған. Жұмыстың осылай жол ортада тоқтап қалуы көше тұрғындарының наразылығын тудыруда. Аталған жұмыстың жай-жапсарына Бексұлтан Ақылбекұлы тоқтала келе, аталған жоба екі жылға жоспарланғанын айтты. Яғни, келесі жылы Асқаров көшесі толығымен асфальтталмақ.
Жалпы, жиын барысында осы сияқты басқа да мәселелер мен қаланы көркейтуге қатысты ұсыныс-тілектер айтылды. Олардың әрбірі хаттамаға енгізіліп, ескерілді. Бексұлтан Ақылбекұлы уақыттың тапшылығына байланысты кейбір тұрғынды жеке қабылдап, сұрақтарына жан-жақты жауап беруіне уәде берді. Сондай-ақ кездесу соңында ауданның жаңа прокуроры Айдос Шорманов өзін қала тұрғындарына таныстырып, жергілікті халықпен жұмыс істеуге дайын екенін түсіндірді. Заң аясында атқарылатын шаруаларға әрдайым дайын екенін айтып, халықтың өтініштерін назардан ұстайтынын жеткізді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

