Қараша айының үші күні елімізде қарапайым халық пен жұмысшы мамандық иелерін баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары бойынша өтінім қабылдау басталды. Қазіргі сәтте әр өңірде қазақстандықтар онлайн және офлайн түрде өтінімдерін жіберуде. Басты шарт – соңғы бес жылда өтінім берушінің және оның отбасы мүшелерінің атына тұрғын үй тіркелмеген болуы тиіс.
«Отбасы банк» АҚ өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, бағдарламаға қабылдау ашылған күннің алғашқы үш сағаттың ішінде тұрғындар тарапынан 2218 өтінім түскен. Оның 813-і сәтті тіркелген. Қазіргі сәтте тағы 1128 өтінім қаралу үстінде. Қатысушылардың басым бөлігі (73%) – 35 жасқа дейінгі жас қазақстандықтар. Олардың көбі – кәмелетке толмаған балалары бар отбасылы адамдар.
Тағы бір мәрте айта кетейік, бұл бағдарламаларға еліміздің әрбір азаматы қатыса алады. Оның ішінде әлеуметтік осал топтардың өкілдері (тұрғын үй кезегінде тұрғандар), жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемін алушылар, «Отбасы банк» салымшылары, сондай-ақ моноқалалардың, аудан орталықтарының және ауылдардың тұрғындары бар.
Ең бастысы, өтініш берушінің «Отбасы банкте» депозиті болуы керек (ашылған уақыты маңызды емес). Сондай-ақ сол жинақ шотында кемінде екі 2 миллион теңге ақшасы болуы тиіс. Бұл қаражатты шот иесі бағдарламаға өтінім берер алдында бір реттік жарна ретінде сала алады. Бұған қоса соңғы бес жыл ішінде қатысушының және оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмауған жөн (отбасы мүшелеріне ерлі-зайыптылар мен олардың кәмелетке толмаған балалары жатады). Одан бөлек азамат соңғы алты айдағы ресми табысын да растауға міндетті.
«Отбасы банк» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимованың мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылы жеті мыңға жуық тұрғын ипотекалық баспанаға ие болған.
– 2025 жылдың он айында «Наурыз» бағдарламасы мен «Наурыз Жұмыскер» бағыты 6 920 қазақстандыққа жаңа пәтерге көшуге мүмкіндік берді. Осы бағдарламаларды қаржыландыру үшін биыл біз жалпы сомасы 188,42 млрд. теңге болатын әлеуметтік облигациялар шығардық. Қуаныштысы, «Наурыз» бағдарламасы бойынша жылдық 7 % жеңілдетілген мөлшерлемемен 898 адам баспаналы болды. Олардың қатарында 1 және 2 топ мүгедектері, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған және толық емес отбасылар.
Бүгінгі таңда өтінім беріп, қолжетімді шарттарда тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі басқа да қазақстандықтар үшін ашылды. Көпшілігі жаңа жылды өздерінің жаңа пәтерінде, отбасыларымен бірге қарсы ала алады», – деді Ләззат Еркенқызы.
Биылғы жылғы өтінімді қабылдау желтоқсан айының біріне дейін жалғасады. Ол аяқталған соң, бағдарлама критерийлері бойынша баллдар есептеліп, несие беруге қатысатын қатысушылар тізімі қалыптасады. Бұл процесс автоматты режимде жүзеге асырылады. Есептеу критерийлері мынадай: ХӘАҚ тобының мәртебесінің болуы – 10 балл; баланың болуы – 10 балл; тіркелген некенің болуы – 5 балл (некенің ұзақтығына қарамастан); қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса есептегенде) – 5 балл; ЖСС салымындағы сыйақы мөлшері – әр 1 000 теңгеге 1 балл.
Бұл жерде бір айта кетерлігі, «Наурыз» бағдарламасына қарамастан «Наурыз жұмыскер» бағыты бойынша конкурс жоқ. Қатысушыға жұмыс орны бойынша анықтама алу жеткілікті, онда жұмыс берушінің қызмет түрі, лауазымы және мамандығы көрсетіледі, содан кейін өтінімін жақын орналасқан «Отбасы банк» бөлімшесіне тапсыруға болады.
Жұмыс орындарының атаулары, кәсіпорындардың экономикалық қызмет түрлері және жұмыс орны анықтамасының үлгісі банктің ресми сайтында жарияланған. Жалпы, бұл бағдарлама 1 143 қызмет түрін және 8 230 жұмыс мамандығын қамтиды.
Дегенмен «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының бағытының шарттары бірдей. Яғни, тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 7 % (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін), қалған азаматтар үшін 9 % (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін). Сондай-ақ баспана алғысы келетіндер әрленген жаңа тұрғын үйді таңдаса, бастапқы жарна 10%-дан басталады. Егер жаңа тұрғын үй әрлеусіз болса, онда бастапқы жарна – 20%. Максималды қарыз сомасы – Алматы және Астана қалалары үшін 36 млн теңге, басқа өңірлер үшін 30 млн теңге, ал қарыз мерзімі – 19 жылға дейін.
Бұл жерде бір айта кетерлігі, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарынан тек жаңа тұрғызылған тұрғын үйден пәтер сатып алуға болады. Ал қолданыстағы тұрғын үй тек моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде сатылады.
Сонымен қатар, бір несие бойынша сатып алынған алғашқы нарықтағы пәтерді жөндеуге қаражат алуға болады. Жөндеуге арналған несие сомасы пәтерді сатып алу үшін алынған несие сомасының 20%-нан аспауы тиіс.
Бағдарлама қатысушылары алғашқы нарықтағы тұрғын үйді «Baspana Market» платформасы арқылы (otbasybank.kz) арқылы таңдап, брондап, сатып ала алады. Бұл платформаға орналастырмас бұрын, әрбір объекті ағымдағы нарық бағалары негізінде бағаның келісу процесінен өтеді. Егер баға нарыққа сәйкес келсе, сол объектінің құрылысшысымен тұрғын үйді сату бойынша келісімшарт жасалады және бір шаршы метрге баға бекітіледі. Бұл тұрғын үй бағдарламасы басталған кезде бағалардың жасанды өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта «Baspana Market» платформасында адамдардың таңдауына шамамен 627 нысаннан 10 069 пәтер ұсынылған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
