Жақында аудандық Мәдениет үйінде, жаймашуақ көктемнің бірінші күнімен тұспа-тұс келген, Алғыс айту күні мен «Nur Otan» партиясының 20 жылдығына орай «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Оның барысында алдымен өткен ғасырда қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған миллиондаған этностарды өз бауырына басып, бір үзім нанын тең бөліскен қазақ халқының дархандығын, Алғыс айту күнінің мән-маңызын бейнелейтін «Қазақ еліне мың алғыс!» бейнеролигі көпшілік назарына ұсынылды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Күлжан Әділханқызы ашып:
– Соғыстан кейінгі уақытта біздің елімізге көптеген халықтарды жер аударып жіберді. Өздеріндегі ауырлыққа қарамастан біздің ата-бабаларымыз оларға қамқор болып, лайықты өмір сүруге мүмкіндік берді. Көптеген жылдар бойы осылайша әр тағдыр бірігіп, біртұтас ел болып қалыптасты. Осының арқасында көптеген жетістіктерге жеттік. Бүгін біз жас, қуатты және гүлденген мемлекетте өмір сүреміз. Сол себепті, бәріміз Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен татулықты сақтап дамытуға міндеттіміз. Халық арасындағы бірлікті сақтап, ата-баба дәстүрлерін дамыта түсуіміз керек. Сонымен бірге, көктемнің алғашқы күні – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін еліміздегі қоғамдық маңызы аса жоғары, Президентіміздің стратегиялық бағыт-бағдарын жүзеге асыруда жетекші саяси күшке айналған «Nur Otan» партиясының 20 жылдығымен құттықтаймын! Осындай мереке күні барша қарасайлықтарға мықты денсаулық, мол бақыт, отбасыларына береке, молшылық және ашық аспан тілеймін! – деді.
Мұнан кейін, кәсіпкер Азим Абдуллаев, Іргелі ауылдық округінің әкімі Қадырбек Атшабаров, облыстық «Жетісу» газетінің Қарасай ауданы бойынша меншікті тілшісі Қуат Қайранбаев пен «Жетісу» ауыл- шаруашылық кооперативінің директоры Жанат Исағұлов облыстық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаевтың атынан, Елбасының саясатын насихаттап, партияның қалыптасу жолында атқарған жұмыстары мен Отанымыздың өркендеуіне қосқан үлесі үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар, Әмина Абдрамановаға, Магамеджан Ашимовқа, Несіпбала Әбділдаеваға, Бағлан Маратұлына, Лейла Гасароваға аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы, аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың атынан 20 жылдық тарихы бар партияның жетістіктеріне белсене атсалысқандары үшін Алғыс хаттар табысталды.
Шара барысында «Шаттық», «Грация», «Трио», «Қазақстан» сияқты топтар әр ұлттың билерін билеп, әндерін айтты. Сондай-ақ, аудандағы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері тәуелсіз Қазақстандағы бейбіт және гүлденген өмір үшін өз алғыстарын білдірді.
Мерекелі жиын «Қазақстан» тобының орындауындағы «Рахмет саған, туған ел!» атты әнмен түйінделді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Ерлан Әлиасқаров.