«Бала тәрбиесі тал бесіктен басталуы тиіс». Жас өрендерді еңбекке, түрлі мамандыққа шыңдаудың бәрі тәлім-тәрбиемен жүзеге асады. Осы ретте бүгінде еліміздегі мектептер жанынан жас кадеттер сыныптары ашылуда. Бұл бастама жасөспірімдердің өз құқығын білуге, олардан құқық қорғау органдарының және құтқарушылар ізбасарларын дайындау, сондай-ақ балалардың бойында патриоттық сезімді ояту мақсатында қолға алынған. Аталған жоба біздің ауданымызда да іске асып, жуырда Қаскелең қаласындағы В.Белинский атындағы орта мектепте полиция полковнигі Арыстанбек Қисиқов пен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған Виктор Ивановтың аты берілген екі жас кадет сыныптары ашылды. Аталған шара Ұлы Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күні мерекелері аясында өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, аудандық Полиция басқармасының басшысы Ельзат Қанатұлы, ардагер-ұстаз, «Ұлағатты ұстаз» қоғамдық қорының жетекшісі Ұлтусын Бархинова және жоғарыда аталып өткен батыл азаматтардың жақындары және де кадет сыныптарының алғашқы оқушыларының ата-аналары қатысты.
Алдымен сөз алған мектеп директоры Тұрсын Сайбырова шараға жиналғандарға алғысын білдіріп, ашылғалы отырған сыныптар аудандық Полиция басқармасымен бірлесе атқарған жұмыстың арқасы екенін айтып өтті. Сондай-ақ ер азаматтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.
– Ауданымызда оның ішінде біздің мектебімізде жүзеге асқалы отырған «Жас полиция» жобасы тиісті нәтижесін береді деген сенімдемі. Мұндай сыныптар білім алушылардың үлгерімі мен қызығушылығы артып, тәртібі жақсартуға, сондай-ақ олардың дене бітімінің дұрыс қалыптасуымен қатар, еліміздің шынайы патриоты болуына ықпал етеді. Сондықтан осы игі бастаманы біздің мектебімізден бастауды жөн санап, қолдау көрсеткен аудандық Полиция басқармасының басшысы Ельзат Қанатұлына алғысымды білдіремін, – деді мектеп директоры.
Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары Рустам Әмірғалиұлы сөз сөйлеп, бұл бастама жас өспірімдердің батыл азаматтардың ерлігін білуге, олардың бойында патриотизм мен өз еліне шексіз сүйіспеншілік қалыптастыруға жақсы ықпал ететіндігін жеткізді. Ал аудандық Полиция басқармасының басшысы Ельзат Қанатұлы бұл бастаманы қолдаған мектеп басшылығы мен ұжымына алғысын білдірді.
– Бүгінгі кадеттер сыныбына Арыстанбек Кисиков пен Виктор Ивановтың есімдерін берудің өзіндік мәні бар. Арыстанбек Батақанұлы біраз жыл ауданымыздың бейбіт өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның көркеюіне зор үлес қосқан. Ал Виктор Семенович болса өз басын қатерге тігіп, жұмыс барысында қаза тапқан батыл жан. Оның ерлігін Президентіміз де елеп, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттаған еді. Осындай сыныптар арқасында біз жастарға дұрыс тәрбие беріп қана қоймай, ел тыныштығын күзету мен қауіпсіздігін қорғау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлерінің батырлығын, қайсарлығын дәріптеп отырамыз, – деді Ельзат Қанатұлы. Сондай-ақ Полиция басқармасының басшысы осы бастаманы қолдаған мектеп басшылығы мен ұжымына алғысын білдіре отырып, басқарма атынан екі үлкен теледидарды сый ретінде тарту етті.
Шараның бірінші бөлімінде жиналған жұртты жаңа сыныптарда оқитын жас кадеттермен таныстыру салтанаты өтті. Одан кейін осыдан 79 жыл бұрын басталған қаңды шайқасқа аттанған аталмыш мектептің алты түлегі мен ұстаздарының ерліктеріне тағзым етіп, оны өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында жасалған «Бейбітшілік пен жасампаздық» атты ескерткіш ашылды. Оның лентасын салтанатты түрде Рустам Атшабаров пен Ельзат Қанатұлы қиды.
Мектеп алаңында ұйымдастырылған шара біткеннен кейін жиналған қонақтар ғимаратқа кіріп, екі батыл азаматтың өмірбаяны жазылған арнайы стендтердің ашылуына қатысты. Салтанатты түрде лентасы қиылғаннан кейін оқушылар полиция қызметкерлерінің өмірі мен еңбек жолы жайлы кеңінен ақпарат жеткізді.
Мұнан кейін қатысушылар жоғары қабатқа көтеріліп, кадеттерге арналған сыныптардың ашылу салтанатына қатысты. Оның барысында да дәстүрлі түрде лента қиылып, оқушыларға жас кадеттердің ережелері мен міндеттері таныстырылды. Сондай-ақ ардагерлер мен құқық қорғау саласында қызмет ететіндер жас кадеттерге ізгі тілектерін арнап, ақыл-кеңестерін берді
Шара соңында жоғарыда аталған батыл жандардың жақындары Сәуле Кисикова мен Нина Иванова сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, өткенін ұлықтап, өшкенін қайта жаққан жерлестерімен мақтанатынын айтты. Ал жаңа кадет сыныбының ашылуы жас өрендер үшін өте маңызды әрі пайдалы екенін атап өтті.
Кадет сыныбының ашылуы салтанатты концерттік бағдарламаға ұласты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.