Ел мүддесі үшін қызмет ететін, саяси өмірге араласатын қоғамдық ұйымдардың рөлі қашанда зор. Олар ұрпақ тәрбиесіне ықпал етуден бастап мемлекетте қоғамдық пікір туғызуға да септігін тигізе алады. Сондай ұйымдардың қатарында құрылғанына бір жылға жуық болған «Мұрагер» бейбітшілік шарты әскери күштерінің ардагерлері» деп аталатын республикалық қоғамдық бірлестік бар.
Ресми дерекке сүйенсек, бұл ұйым 2021 жылы «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы» ардагерлер қоғамы болып құрылған. Ал 2022 жылдың 11 қарашасында жоғарыда атап өткендей республикалық қоғамдық бірлестік ретінде ҚР Әділет министрлігінен қайта тіркеуден өткен. Төрағасы – Үсенбатыр Арзықұлов.
Бүгінде біз айтып отырған «Мұрагер» бейбітшілік шарты әскери күштерінің ардагерлері» РҚБ Алматы, Тараз қалаларында, сондай-ақ Алматы, Түркістан және тағы басқа облыстарда филиалдарын ашып, жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда бірлестіктің құрамында 5700 ардагер бар. Ұйымның негізгі мақсаты – жастарды патриотизмге, адамгершілікке баули отырып, олардың Отанға деген сүйіспеншілік сезімін ояту және салт-дәстүрді насихаттап, рухани тұрғыда тәрбие беру. Осы бағытта аталмыш қоғамдық бірлестік әр өңірдің білім беру ұйымдарында, орта мектептерде,колледждерде және жоғарғы оқу орындарында іс-шаралар ұйымдастыруда.
Мұндай бастамалардың біразы Қарасай ауданында да жүзеге асып жатқанын айта кетуге болады. Атап айтқанда, республикалық қоғамдық бірлестіктің 2023 жылға арналған бағдарламасына сәйкес аталмыш ұйымның Алматы қаласы мен Алматы облысындағы ардагерлері Қарасай аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсеновамен ақылдаса отырып, аудандағы бірқатар мектептер мекемелерде түрлі іс-шаралардың өтуіне мұрындық болды. Мәселен, жыл басында ардагерлер SDU университетінің студенттерімен кездесіп, рухани құндылыққа негізделген әңгімелерін айтты. Одан кейін А.Байжанов атындағы орта мектепте 9,10,11 сынып оқушылары мен ұстаздардың қатысуымен өткен іс-шарада қонақ болды. Бұл кездесуде балалар мен аға буынның арасындағы байланысты нығайту жайында әңгіме өрбіп, тәрбиелік мәні зор өсиеттер айтылды. Сондай-ақ «Мұрагер» РҚБ Алматы қаласы бойынша филиалының төрағасы Толғанбек Мамельянов Отанды қастерлеуге қатысты ой айтып, ата-бабаларымыз мұраға қалдырған кең байтақ жерімізді, кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде елімізді жаудан қорғаған батыр аталарымыз бен апаларымыз жайлы сөз қозғады. Олардың батырлығын үлгі етіп, рухына тағзым ету, жанкештілігін дәріптеу жөнінде патриоттық, жігерлі тұрғыда ғибратты әңгімесін айтты. Оқушылар болса сұрақтарын қойып, ардагерлердің берген жауаптарына ризашылықтарын білдірді.
Бірлестіктің ардагерлері Іргелі ауылындағы «Qarqaraly» спорт кешенінде өткен «TAEKWONDO» шығыс жекпе-жегінің жарысында да құрметті қонақтардың қатарынан табылды. 250 спортшы бақ сынаған іс-шараның куәгері болып, соңында аталмыш спорт түрінің жаттықтырушыларын және №9 оқушылар үйінің директоры Д.Алдакеевті «Мұрагер» РҚБ-тің атынан Алғыс хаттар мен «Қазақстан патриоты» төсбелгілерімен марапаттады. Одан бөлек осы жарысқа төрелік еткен Е.Еспенбетовтің және Қ.Мингировтің кеуделеріне «Барыс шапағаты» төсбөлгілерін тақты.
Тәрбиелік мәні бар кездесудің тағы бірі Каскелең қаласындағы «НҰРЖӘРДЕМ» медициналық коледжінде өтті. Мұнда «Патриотизм – ұлттық рухтың асқақ белгісі» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылып, бірлестіктің ардагерлері студенттерге ағалық ақыл-кеңестерін, елді өркендетуге, дамытуға қатысты пайымды ойларын ортаға салды.
«Мұрагер» қоғамдық бірлестігі жоғарыда атап өткендей мәнді де, мағыналы, жастар жігерін оятатын патриоттық бағытындағы іс-шараға толы жүйелі жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра бермек. Аталмыш ұйым ел ертеңі болатын өскелең ұрпақтың болашағына алаңдап, олардың дұрыс бағытта тәрбие алуына, білім алуына үлес қосуды көздейді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.