Қаскелеңде көптен күткен қуаныш. Аудан орталығының тұрғындары ұзақ жылдар күткен Өнер мектебінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты шараға Алматы облысының құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Құрманғалиев, аудан әкімі Жасұлан Естенов, нысанға жауапты «Даулет-Серпін-603» ЖШС директорының бірінші орынбасары Медет Омарханов және ауданның құрметті ардагерлері қатысты.
Алғы сөзді алған аудан басшысы жиналған жұртты көктемнің шуақты мерекесімен және жаңа Өнер мектебінің ашылуымен құттықтап, оның пайда болуына үлес қосқандарға алғысын білдірді.
– Алғыс айту күні қарсаңында, біз Қаскелең қаласындағы Өнер мектебінің ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Бұрынғы ДОСААФ ғимараты қайта күрделі жөндеуден өтіп, Қарасай ауданындағы екінші мемлекеттік Өнер мектебі ретінде ашылып отыр. Бұл маңызды оқиға ауданымыздың мәдениет пен өнер саласында жаңа бастамалардың негізін қалауға бағытталған қадам болып табылады.
Осы сәтті пайдалана отырып, жаңа Өнер мектебінің ашылуына ықпал еткен Қарасай ауданының білім бөлімінің басшысы Әсел Әблеқызына және жөндеу жұмыстарын жүргізген «Даулет-Серпін-603» мекемесіне алғыс білдіремін.
Осындай зәулім ғимаратта оқып, өнерлерін шыңдайтын балаларымыз тек жақсы оқып, табыстарымен қуантады деп сенемін, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ Жасұлан Тоққожаұлы салтанатты шарада құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компанияның бірқатар қызметкерлерін Алғыс хаттарымен марапаттады.
Қарасайлықтардың қуанышымен бөлісуге келген Алматы облысының құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Ниязұлы да жиналған жұртты құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Құрметті аудан жұрты, сіздерді бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтаймын!. Жалпы былтырғы жыл Қарасай ауданы үшін білім саласында жақсы жетістікке жеткен жылдардың бірі деп айтуға болады. Бір жылдың ішінде аудан аумағында алты жаңа мектеп қолданысқа берілді. Ағымдағы жылы Бұлақты және Алмалық ауылдарында 1500 және 900 орындық білім ордаларының құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қазіргі жақсы жүріп жатқан жұмыс қарқынын алдағы уақытта да төмендетпей, межеленген көрсеткіштерге қол жеткізетін боламыз, – деді Мұхамедғаріп Құрманғалиев.
Үш қабатты ғимараттың кілті салтанатты түрде мектеп директорының міндетін атқарушы Данияр Құрамысовқа табыс етілгеннен кейін аудан басшысы бірқатар ардагерлермен бірге лентаны қиып, жаңа нысанның ішімен танысып шықты. Шара соңында қонақтар шағын акт залында ұйымдастырылған жаңа мектеп тарихындағы тұңғыш концерттік бағдарламаны тамашалады.
Айта кетейік, бұрыннан келе жатқан ДОСААФ-тың ескі ғимаратын жандандырып, Өнер мектебі ретінде қолданысқа беру туралы мәселе бұрыннан бері қаралып келген еді. Алайда кезінде аталған нысанның 2013 жылдары «Отан» Республикалық қоғамдық бірлестігінің теңгерімінен «Түлек AKG» ЖШС-не өтіп кеткендігіне байланысты талай уақытқа дейін бұл мәселе шешілмей жүрді. Осыған байланысты біраз жыл сот процестері жүргізілді.
Тек 2024 жылы Алматы облыстық ауданаралық экономикалық сотының шешімі бойынша Қарасай ауданы білім бөлімінің арызы орынды болып табылған. Осылайша, ДОСААФ-тың ғимараты толықтай мемлекеттің иелігіне қайтарылып, бюджеттен қаражат бөлініп, тоқтатылған жөндеу жұмыстары қайта жандандырылды. Ағымдағы жылдың басында құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, Қарасай ауданындағы екінші мемлекеттік Өнер мектебі ретінде ашылып отыр.
Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаеваның мәлімдеуінше, өнер ошағының жалпы аумағы 0,1937 гектарды, ал ғимаратының көлемі 5218 шаршы метрді құрайды. Мекемеде штат бойынша 64 мұғалім жұмыс істемек. Олардың барлығы арнайы өткізілетін конкурс нәтижесі бойынша алынады. 300 орынға арналған өнер ордасы толық жұмысын бастағаннан кейін 530 оқушыны қабылдау жоспарланған. Ауданның жас таланттары мұнда домбыра, шертер, қыл қобыз, сырнай, гитара, ән терме, дәстүрлі ән, фортепиано, саксафон, цирк өнері сияқты 17 бағытта қабілеттерін шыңдай алады.
Жаңа Өнер мектебі ауданның мәдениет саласына жаңа серпін беріп, әрбір баланың өнерге деген құштарлығын дамытуға жол ашады деп сенеміз.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.