Бірлік пен сыйластықтың артуы, өзара үндестік пен сенімділіктің орнығуы – тұрақтылықтың кепілі. Ал осы қасиеттерді одан сайын жақсарта түсуге себепші болатын Алғыс айту күнінің орны қашанда ерекше. Көктемнің алғашқы мерекесі Қарасай жерінде дәстүрлі түрде атап өтілді. Ұлт пен ұлыстың ынтымағы нығая түсетін салтанатты шара Қарасай аудандық Мәдениет үйінде өтті.
Айтулы мерекелік басқосуда мәдениет ошағының фойесінде жас өнерпаздар ән салып, қолөнер шеберлері көрме ұсынып, этно-орталықтар өз ұлттарына тән құндылықтарын паш етті. Аудан әкімі Жасұлан Естенов әрбірін тамашалап, этнос өкілдерінің өнерімен, мәдениетімен танысып, бауырмалдықты арттыру турасында ризашылыққа арқау болған әңгімелерін тыңдады.
Ал Алғыс айту күнінің салтанатты кеші жұмысшы мамандық иелеріне арналды. Ел Президенті тұтастай жылды айтулы мамандыққа арнағандықтан, олардың еңбегіне дәл осылай ризашылық білдіру артық болмас. Сондықтан «Мамандарға мың алғыс!» деп аталатын шараның әлқиссасы түрлі кәсіпті игерген еңбексүйгіш жандар жайлы бейнефильммен басталды. Одан кейін аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы сахна төріне көтеріліп, Қарасай жұртшылығын Алғыс айту күнімен құттықтады.
«Алғыс айту – бірлік пен татулықтың, бауырмалдық пен сыйластықтың көрінісі. Қазақстан халқы ғасырлар бойы ынтымақ пен достықтың үлгісін көрсетіп келеді. Біз қиын-қыстау кезеңдерде бір-біріне демеу болған ата-бабаларымыздың ізгі дәстүрін жалғастырып, қайырымдылық пен жанашырлықты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеміз.
Бүгінгі мерекеде ең алдымен ата-аналарымызға, ұстаздарымызға, дәрігерлерге, әскери қызметкерлерге, құрылысшыларға, көлік жүргізушілеріне, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, жалпы ел дамуына үлес қосып жүрген әрбір жанға алғыс айтқымыз келеді.
Біз бірлігімізді сақтап, бір-бірімізге қолдау көрсеткенде ғана жарқын болашаққа бірге қадам басамыз. Бірлігіміз бекем, егемендігіміз баянды болсын!», – деді Жасұлан Тоққожаұлы.
Аудан басшысы ізгі тілегін білдірген соң, ризашылық ниеті ретінде бірнеше еңбек адамдарын марапаттады. Аудан әкімінің алғысына бөленген жандардың қатарында өзге ұлт өкілдері және басқа да түрлі кәсіпорында қызмет ететін жандар болды.
Кеш барысында дәрігер, ұстаз, құрылысшы, теңізші сияқты бірнеше маман иелеріне құрмет белгісі ретінде арнайы әндер шырқалып, бишілер өнер көрсетті. Ал шараның соңы аудан өнерпаздарының орындауында Алғыс әнімен түйінделді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.