Әрбір саланың өзіне тән қызықты да қауіпті қызметтері бар. Соның ішінде тәртіп сақшыларының және жедел уәкілдердің жұмысына айрықша тоқталуға болады. Ел тыныштығын күзетіп, темірдей тәртіпті сақтау жолында аянбай қызмет ететін бұл мамандық иелерінің жұмысында қызықты сәттерден көрі қиын кезеңдер көп болады. Тіпті кейде біреудің өмірін құтқару үшін басқаның шындығын ашып, кінәліні жазалау үшін өз өмірлерін бәйгеге тігер кездері қаншама. Осындай қызметте жүріп, еліне елеулі еңбегін арнап жүрген полицейлердің қатарында Қарасай АПБ Криминалдық полиция бөлімінің бастығы Рүстем Таштыров та бар. Ол жайлы 23 маусым – Қазақстан Полициясы күніне орай кеңінен әңгімелеуді жөн санадық.
1982 жылдың 27 желтоқсанында дүниеге келген кейіпкеріміз қазіргі Алмалыбақ ауылында туған. Отбасында үш ұлдың үлкені, өзінен кейін Бақытжан, Ринат есімді інілері спорт бағыты бойынша жеке бапкер болып жұмыс істейді. Әкесі Дәулет жүк көлігінің жүргізушісі болып, ал анасы Лиза институтта қызмет істеген. Ата-анасы – қарапайым отбасында өскен, осы уақытқа дейінгі жасаған бейнетінің енді зейнетін көріп отырған жандар.
Рүстем Дәулетұлы Қарасай ауданына қарасты Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназияны 2000 жылы бітірген. Мектеп кезінде ағылшын тілі сабағынан үлгерімі жақсы болып, осы тілді мықты меңгергенінің арқасында сол жылдары «аудармашы» мамандығына оқуға түсіп, 2006 жылы оқу ордасын тәмамдаған. Одан кейін қауіпсіздік қызметіне әскери борышын өтеуге келісімшарт бойынша үш жылға кеткен. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келген Рүстем Таштыров 2010 жылы жылдам қимылдайтын арнайы жасақ бөліміне жұмысқа кіреді. 2013 жылы Қарасай ауданындағы Криминалдық полиция бөліміне жедел уәкіл болып орналасқан. Осы салада тынбай еңбек етіп, өзінің асқан табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында қызмет бабында дәрежесі көтерілді. Атап айтсақ, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды, сонымен қатар Қарасай АПБ Криминалдық полиция бөлімінің бастығы қызметіне орналасып, полиция подполковнигі лауазымына жетті. Өз қарамағында 19 ер жігіт және бір қыз бала қызмет атқарады.
Рүстем Дәулетұлының отбасылық өміріне тоқталатын болсақ, ол үш ұлдың әкесі. Альсаин мен Архат есімді балалары мектеп оқушысы, ал ұлы Альтаир 5 жаста. Келіншегі Динара екеуі балаларының болашағы үшін білім беріп, адал нан тауып, тәрбиелеп отыр. Болашақта ұлдарының да өзі секілді мықты мамандықта қызмет еткенін қалайды.
Ал,Рүстем Дәулетұлының бұл салаға деген қызығушылығы бала күннен пайда болған. Өмірдегі үлгі тұтқан атасы Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Халқына біраз еңбегі сіңген азамат болғандықтан, көп төсбелгімен марапатталған. Кейіпкеріміздің айтуынша, төрде атасының медальмен түскен суреті ілініп тұратын, соған қарап қызығып атасы секілді тұлға болғысы келген. Сонымен қатар бала күннен көрген фильмдері де оның болашақ мамандығын таңдауға әсер еткен.
«Мен осы мамандықта жұмыс істеп, арнайы жұмыс киімін киіп, ауылға апама барған кезде: «Атаң көзі тірі болып сені мына киімде көрсе, қатты қуанар еді», деген әжемнің айтқан сөзі бар. Сонда менің түсінгенім атамның арманын орындаған ұрпағы мен екенмін ғой деген ой келді», – деді кейіпкеріміз.
Жалпы, жұмысында ешбір тұрақты кестесі жоқ Рүстем Таштыров кей сәттерде тамақ ішуге, демалуға уақыт болмайтынын айтты. Яғни, қылмыстық оқиға тіркелген сәттен бастап, мәселенің шындығына көз жеткізбейінше, сотқа дейін сол оқиғаны толық демалыссыз зертейтінін жеткізді. Бұл салада қызмет ету барысында көптеген тәжірибелер жинады. Әсіресе адам психологиясын жақсы таныған, қылмыскер мен жәбірленушінің шындығын көзқарастарынан, сөздерінен ажырататын көрінеді.
Кейіпкеріміз әңгімелесу барысында жұмысындағы мына бір оқиғамен бөлісті. «Осыдан біраз уақыт бұрын бір қыздан ержігіт қарызға ақша алған. Ол жігіт алған ақшасын құмар ойындарға тігіп, үлкен қарызға батқан. Кейіннен қарыз беруші қыз оны сотқа беріп, үстінен арыз жазатынын айтқаннан кейін ол қызды аяусыз өлтірген. Осылайша бір қыздың тағдыры құмар ойыншының қолынан үзілді. Сол үшін де қазір әсіресе жастарға айтарым, жеңіл ақша табуға қызықпаса екен. Себебі оңай әрі тез ақша табу мүмкін емес, соны жастар түсінсе екен деймін. Біз іс барысында жаңағы құмар ойыншы жігіттің осы жолға жеңіл ақша табамын деген ойының кесірінен құрдымға кеткенін анықтадық. Сонымен қатар, қазіргі үлкен кісілерімізге және жастарға айтарым, әлеуметтік желі алаяқтары көбейді. Ешкімге де өздері туралы артық ақпарат бермеуді, қарызға ақша сұраған адамдарды тексеру керектігін ескеру керек. Себебі, қазіргі қылмыстық істердің көбі интернет алаяқтықпен тіркелген. Сол үшін сақтануларыңызды сұраймын», – дейді кейіпкеріміз.
Өзінің қызметінің қауіпті, қиын екеніне қарамастан өз саласын жақсы көретін, халқына адал қызмет етіп, ел тыныштығын сақтау үшін барын салатын Рүстем Таштыровты төл мерекесімен құттықтап, осы салада үлкен жетістіктерге жетіп, жас буынға үлгі болып, қайсарлы, рухты ер-азаматтарды соңынан ерте берсін деп тілейміз!
Шұғыла ТЫНЫС.