Ұзынағаш ауылында етік тігетін «Қадам КЗ» атты шағын өндіріс орны жұмыс істейді. Мұнда жылдың барлық мезгіліне арналған аяқ киімдер таза былғарыдан қолмен тігіледі. Қазақтың ою-өрнектері салынған киімнің басқа да түрі ұлттық нақышта орындалуымен ерекшеленеді.
Ерлер және әйелдерге арналған аяқ киімдер сапалы әрі сан түрлі. Алғашқы уақытта тек тапсырыспен жұмыс істеп келсе, кейіннен кәсіпорын иесі Әсел Өмірбекова аудан орталығынан дүкен ашып, тамаша өнімдерін көпшілікке ұсынды. Сөреге қойылған бояуы қанық дүниелер келушілер назарын бірден аударып, тіпті әлеуметтік желіде тез тарап кеткен еді. Көздің жауын алар тартымды бұйымдар шетелдің бренд тауарларынан бірде кем түспейтіні бірден аңғарылады. Жеке кәсіпкердің былғары аяқ киімдері аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі көрме-байқауларда жоғары сапасымен, ұлттық нақышта шебер орындалуымен танылып үлгерді. Оны үлкен көрмелерде шетелдіктер қызыға сатып алып жатады.
Әсел Болатқызының айтуынша, жоғары сапалы қайыс, былғары, қойдың жүні сияқты таза табиғи өнімдерден әзірленген аяқ киімдеріне бүгінде сұраныс жоғары. Мұндай бұйым аяққа жайлы, терлетпейді, жағымсыз иісі жоқ. Етіктің өзінің сан түрі шығарылады. Күнделікті киетіні де, қазақтың қошқармүйіз оюы салынып, түрлі-түспен үйлесім тапқан сахналық түрі де бар. Әлеуметтік желі арқылы көріп-біліп, ұнатып, арнайы тапсырыс берушілер көп. Өзге облыстардан да хабарласып, пікір-тілектерін білдіріп жатады. Етіктен өзге стилді туфлилер, жаздық жеңіл аяқ киімдердің көптеген түрі тігіледі. Сонымен қатар мұнда шапан, камзол, көйлек, кеудеше сияқты ұлттық киімдер де дайындалады.
Аудан орталығындағы кішігірім цехта өзімен бірге тағы төрт адам жұмыс істейді. Шикізат ретіндегі тері отандық және Қырғызстан, Қытай, Түркия, Ресейден алынады. Етікші-ісмерлердің қолынан шыққан дүниелер бірден осындағы сауда сөрелеріне қойылады. Өйткені шеберлердің жұмыс орны да, дүкен де бір ғимаратта, яғни Қарасай батыр көшесіндегі «Дархан» сауда үйінің екінші қабатында орналасқан. Он саусағынан өнер тамған жандар былғары мен қайыстан белдік, сөмке, әмиян, ағаштан астау, тостаған, ожау, табақ сияқты неше алуан қолөнер бұйымдарын да жасайды. Олардың қызметіне жүгінушілер арасында жай адамдар да, жекелеген әртістер мен өнер ұжымдары да жеткілікті. Мұндағы шеберлер тапсырыс бойынша қазақ батырының бастан аяққа дейінгі барлық киімдерін тігіпті.
Кәсіпкер ұлттық нақышта етік тігуді 2015 жылы бастаған болатын. Қазақты әлемге танытудың жарқын бір жолын таңдап, тыңнан түрен салуға батыл кіріскен Әсел Болатқызы өнімдерін алдымен өз елімізге кеңінен таратуды ойлайды. Ол үшін өндірісін кеңейтіп, өңірлерден цехтар іске қосып, барлық облыс, аудан орталықтарынан дүкендер желісін ашсам деген үлкен жоспары бар. Сондай-ақ Ұзынағаштағы кәсіпорнын қалаға көшіруді ойға алып жүр. Өткен жылы балалар аяқ киімін тігуді де қолға алып, бірнеше түрі мен өлшемін келушілер назарына ұсынды. Үлкен іске қадам басқан «Қадамның» өнімдерін шетелге экспортқа шығару әу бастағы түпкі мақсаты болғандықтан, ұйымның атауына Қазақстанда жасалғанын білдіретін «КЗ» белгісін қосқан.
– Неге біздің қазақтың өзінің төл аяқ киімі жоқ деген сауал үнемі ойымда жүретін. Ақыры арманыма жеттім. Таза былғарыдан, қазақы нақышта аяқ киімдер шығарып келеміз. Оюлы етіктердің ерекшелігі осында. Жай аяқ киімдерді кез келген сауда орнынан табуға болады, ал менікі ою-өрнекпен, ұлттық нақышта. Осындай киімдерді әрбір қазақ кисе екен деймін. Ұлттық нақышта киінудің еш сөкеттігі жоқ. Қайта әдемі, ыңғайлы емес пе? Мені қолдағаны үшін еліме, кәсіпкерлер ұйымына рахмет, – дейді ол.
Биылғы көктемде Әсел елімізден үлкен делегацияны бастап Америкаға барып қайтты. Мұхиттың арғы жағында Наурыз мерекесін өткізу мақсаты ойдағыдай орындалды. АҚШ-тың бас қаласы Нью-Иоркте болған мерекелік шараның ұйымдастырушысы ретінде сондағы жұртшылыққа ұлтымыздың салт-дәстүрін паш етті. Сонда америкалықтардың назарына ұсынылған ұлттық бұйымдардың қатарынан өзінің оюлы өнімдері де орын алды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.